27.03.2024, 10:30
Оқылды: 33

Жастар театры жаңашыл

27 наурыз – Халықаралық театр күні

«Ғасыр жастары» деп аталатын жастар театры Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Жастар мәдениет сарайының жанынан 2021 жылдың сәуір айында құрылды. Жетекшісі – мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Жасқайрат Валиуллиев. «Ғасыр жастары» театрының алғашқы қойылымы Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романының желісі бойынша сахналанған трагедия еді. Бұл қойылым жастарға рухани тұрғыда  зор әсер сыйлады.

фото Виктор предыбайло3

– Театр өскелең ұрпақты қатыгездіктен, дөрекіліктен, көрсеқызарлықтан іргені алыс салуға шақырады. «Ғасырдан да ұзақ күн» романында көтерілген мәселелер қойылымда қазіргі заманмен ұштастырылды. Сол кезде мәңгүрттік қолдан жасалған. Адамның шашын алып, кепеш бас киім кигізген. Түйенің жүнінен жасалған кепеш адамды сана-сезімінен айырады. Бүгінде заман өзгерді, адамның таным-түсінігі өзгерді. Қазіргі таңда көпшілікті рухани азғындыққа ұрындыратын басты мәселе не? Осы сұраққа жастар театры жаңа стильдегі трагедия арқылы жауап қатуға тырысты, – деді Жастар мәдениет сарайының директоры Медет Мерғалиев.

фото Виктор предыбайло2

Жалпы бұл театрдың құрылғанына көп болмаса да, бес пьесаны сахналап үлгерді. Соның бірі – Серік Асылбеко-втің «Желтоқсан түні». Бұл драматургиялық шығармаға желтоқсанда еркіндікті аңсаған жастардың ішкі толғанысы өзек болған. Шығармашылық ұжым тынымсыз ізденістің нәтижесінде жаңа бағыттағы қойылымдар-мен көрермен кө­ңілін баурап жүр. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі желісімен «Қиял» эксцентрикалық фарс комедиясын сахналап, көпшілікті тәнті еткені бар.

– Фарс – жеңіл мазмұндағы күлкілі драмалық шығарма.

Жанжалды оқиғалар, әдепсіз­дік, дөрекілік – фарстың не­гізгі элементтері болып табылады. Комедияның бұл түрі әзілдеу мақсатында әдейі абсурдқа, әдепсіз әзілдерге сүйенеді. Эксцентрика – іс-әрекеттердегі немесе оқиғалардағы байланыстарды қасақана бұзуға, таныс ұғымдардың оғаш ығысуына негізделген комедиялық және пародиялық бейнелеу. Күлкілі, саркастикалық, тіпті, шектен шыққан көріністер. Спектакльде повесть желісі бойынша Қожаның бастан кешкен қызықты оқиғалары қамтылды, – деді Жасқайрат Сәбитұлы.

фото Виктор предыбайло4

2023 жылы ақпан айында жастар театры Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасын сахналаған болатын. Бұл қойылымның басты кейіпкері әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов. Қойылымда біртуар тұлғаның тағдыры, шығармашылығы жайында сыр шертіліп, әндерінің қалай өмірге келгені айтылады. «Сыған серенадасы» бүгінге дейін көрермендердің сұрауы бойынша бірнеше мәрте сахналанған. Жастар театры осы қойы-лыммен шығармашылық сапарға шығып, облыс аудандарын аралаған. Жалпы театрда қойылған барлық спек-такльдің режиссері – Жасқайрат Валиуллиев. Жоғарыда атап өткеніміздей, театр сахнаға әкелген туындылар ойлы, мағыналы. Мәселен, «Дүние-ғапыл» метафизикалық драмасы көңілге түрлі ой салады.

– «Дүние-ғапыл» қойылымы адам өмірінің маңыздылығын алға тартады. Метафизикалық драманың айтары да, берері де көп. Себебі, бұл қойылым уақыттың қадірін ұғынуға, адамдықты, адалдықты ту етуге, асығыс шешім қабылдамауға, керітартпа ойларды кісендеуге, ішкі әлемге, жанайқайға үңіле білуге шақырады. Қазіргі таңда театр құрамында 15 маман бар. Алдағы уақытта Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі мен Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиясы сахналанады, – деді Медет Ырысқалиұлы.

Марлен Ғилымхан,

Фотоға түсірген: Виктор Предыбайло

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале