2.05.2023, 10:02
Оқылды: 60

«Жастарды  мемқызметке  шақырамыз»

Жуырда Достық үйінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті қызметінің негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында жиналыс өтті. Іс-шараға «Қоғамдық  келісім» КММ-ның ұжымы және БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

IMG_7235

Кездесу барысында аталмыш департаменттің басшысы Мұрат Байсалов мемлекеттік қызметке тұру, конкурстық іріктеудің жаңа тәсілдері жөнінде баяндады.

– Мансаптық модельге сәйкес мемлекеттік қызметке тек конкурстық негізде және төменгі лауазымнан бастап қабылданады. Осы орайда үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілді. Алғашқы екі кезеңде үміткердің заңнаманы білуі және жеке қасиеттері тестілеу арқылы бағаланады. Үшінші кезеңде кандидаттар конкурс жариялаған мемлекеттік құрылымда әңгімелесуден өтеді. Орындаушы буын лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары жеңілдетілді. Енді облыстық басқармаларға жұмыс өтілі жоқ мамандар да жіберіледі. Сондай-ақ  ауылдық деңгейдегі қызметтерге білімі орта кәсіптік мамандар да бара алады. Олар оңайлатылған бағдарлама бойынша тест тапсырады. 2021 жылдың 1 шілдесінде факторлық-балдық шәкілге (шкала) негізделген жаңа еңбекақы төлеу жүйесі енгізілді. Мемлекеттік қызметшілерге еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті орташа жалақы төленеді. Агенттіктің бастамасы бойынша «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына ауылдық округ әкімдері аппараттарының бас және жетекші мамандарының енгізілгенін айта кеткен жөн. Бүгінде облыста 189 бос орынға конкурс өткізілді. Конкурсқа 269 кандидат қатысып, 120-сы лауазымдарға ұсынылды, – деді Мұрат Байсалов. Департамент басшысының айтуынша, мемлекеттік басқару академиясының түлектері өңірлердегі лауазымдарға, сондай-ақ мемлекеттік грантпен оқу бітірген студенттер аудан-ауылдардағы төменгі лауазымдарға конкурссыз тікелей тағайындала алады. Ол үшін оқу нәтижесі 3,33 GPA немесе 100 балдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде болуы керек.

Биылдан бастап Президенттік жастар кадр резервінің 3-кезеңіне іріктеу басталады. Соған сәйкес әр облыста тиісті өңірлік жастар кадр резерві қалыптасады. Президенттік жастар кадр резервінің іріктеуіне 35 жастан аспаған, жоғары білімі және 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар ел азаматтары қатыса алады. Ал өңірлік резервке қатысушының еңбек өтілі 3 жыл болуы керек. «Біз білімді, талантты, елдің дамуына үлес қосамын деген жалынды жастарды мемлекеттік қызметке шақырамыз», – деді Мұрат Сейілбекұлы.

IMG_7255

Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы жөнінде ақпарат берді. Бағдарлама  бойынша ауылдық жерге жұмысқа баратын мамандарға біржолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беріледі. Көтерме жәрдемақы 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде болса, кредиттің мөлшері  – 1500 АЕК. Ең бастысы, бағдарлама аясында әлеуметтік қолдау шараларын алғысы келетін мамандар ауылдық елді мекендердегі жұмысқа орналасулары керек. Содан кейін ғана мемлекеттік қолдауға ие болу үшін өтінім бере алады. Өтінімді otbasybank.kz порталы арқылы жібереді. Бөлім басшысының айтуынша, биыл  ауылға жұмысқа баратын мамандарға 345 000 теңге біржолғы жәрдемақы және баспаналы болу үшін 5 175 000 теңге беріледі. Сондай-ақ 509 маманға тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін республикалық бюджет есебінен 2,6 млрд теңге бөлінген. Ал 900 маманға біржолғы көтермеақы төлеу үшін жергілікті бюджеттен 310 млн теңге қарастырылған.

Жиында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалының директоры Әсет Абжақов конкурстық іріктеу кезіндегі тиімді дағдылармен таныстырды. Жастар көкейлерінде жүрген сауалдарды қойып, тиісті  жауаптарын  алды.

Ясипа  Рабаева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале