Орал қаласының мәдениет және демалыс саябағында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XXII еңбек маусымы ашылды.

Аталмыш іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы және Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов қатысты. Сондай-ақ Орал қаласы мен облыс аудандарындағы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары, экологиялық бастамаларға белсенді қатысып жүрген жастар да осы жиында болды. Алғашқы сөз кезегін алған облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бастамашы болды. Бүгінде біздің Ақ Жайық өңірі сұлу табиғатымен, тазалығымен ерекшеленеді. Осы орайда жастардың экологиялық жобаларға белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғауда өз үлестерін қосып келе жатқанын айта кеткен жөн. Олардың бастамалары өңірдің экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға да ықпал етуде.
Биыл бұл «Жасыл ел» жобасына өңір бойынша 1500 жас қатысады. Жастар еңбек жасағында жүріп қаржы тауып қана қоймай, таным көкжиегін де кеңейтеді. Тал-теректерді күтіп ұстау, аумақтарды тазалау жұмысы, басқа да экологиялық іс-шаралар жастардың табиғатқа деген жанаршылығын оятады деп сенеміз. Әсем табиғатымызды одан әрі көркейту – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді Г. Шөкеева.

Одан кейін Мұрат Байсалов жастар саясатын іске асырып, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру жолында «Жасыл ел» жобасының тигізер пайдасы мол екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ел болашағының негізгі күші жастар екенін жеткізіп, осындай бастамалар азаматтардың танымына оң әсерін тигізетінін айтты.
Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сәрсенбаев өңірде «Жасыл ел» қозғалысы 2005 жылдан бері жүзеге асып келе жатқанын сөзіне өзек етті. Оның айтуынша, «Жасыл ел» қатарына қосылуға ниетті жастардың саны жыл санап артып келе жатқан көрінеді. Соңғы үш жыл ішінде облыс бойынша 3500-ге жуық жас маусымдық еңбекпен қамтылған.
Қазіргі кезде жасы 16-дан асқан жастардың «Жасыл ел» сапына қосылуға әлі де мүмкіндігі бар. Олар қаладағы немесе аудандардағы жастар ресурстық орталықтарына барып, тіркеле алады.
500-ден аса шақырымды артқа тасап, іс-шараға арнайы келген «Бөкей ордасы» колледжінің студенті Ізімбек Сәпиев осы жазда аудан орталығы Сайқын ауылын көркейтуге атсалыспақ. 20 жастағы табиғат жанашыры Бөкей ордасы ауданындағы «Жасыл ел» сапында өзі секілді 50-ге жуық қатарласы бар екенін айтты.

– Мен жастар еңбек жасағына биыл алғаш қосылғалы тұрмын. Бірақ бұған дейін аудан көлемінде өткен сенбіліктерге жиі қатысатынмын. Мұнда достар тауып, орта қалыптасыруға мүмкіндік мол. Жастардың табиғатқа деген жанашырлығы «Жасыл ел» жобасымен ғана шектеліп қалмауы қажет деп ойлаймын. Әр адам тазалық іс-шараларына қатысып, осылайша қоғамға пайдасын тигізуі керек, – деді студент.
Іс-шарада жастарға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»