30.05.2023, 10:30
Оқылды: 357

Жасындай жарқырап өткен ғұмыр

Кезінде Ақ Жайық өңірінде ілкімді істердің ізашары болып, ел назарында, халықтың ортасында жүрген, талай лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған, соның арқасында бұқараның ілтипатына бөленген осынау жанның есімін ел есінде қайта бір жаңғыртып қойғанның еш артықтығы болмас. Сонымен әңгіме арқауы – Медхат Батырұлы Дәулетжанов туралы.

b8d30952-293b-4a82-950f-be0a74a645c6

Ең әуелі, кезінде иық түйістіріп, қатар жүрген, сырлас, қатарлас болған, бүгінде олар да арамызда жоқ, тұстастары ол туралы қандай естелік қалдырды екен, соған құлақ түрсек. Көзінің тірісінде Ақ Жайықтың айдарлы  азаматтарының бірі болған, талай лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаған, марқұм Бижан Тілешұлы Иманғалиев төмендегідей естелік қалдырыпты.

«1948 жылы Алматының мемлекеттік заң институтын бітіріп, Батыс Қазақстан облысына сот жұмысына жолдандым. Сол бойда Камен ауданының халықтық сотына жұмысқа тағайындалдым. Арада екі айдай мерзім өткенде аудандық партия комитеті мені уәкіл ретінде Шежін МТС-на күзгі жер жырту жұмыстарының барысын тексеруге жолдады. Директоры Медхат Батырұлымен кабинетінде алғаш рет сонда таныстым. Қасымда аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі бар, сапарымыздың мақсатын айттық. Медхат Батырұлы қазақтың сөзімен айтқанда, батыр тұлғалы, денесіне сай асықпай қозғалатын сабырлы жан екен. Сөзімізді байыппен тыңдап алды. Сүдігер көтерудің барысы жайлы егжей-тегжей әңгімеледі. Былайша айтқанда, бізді маңызды науқанның қалай жүріп жатқандығымен, арасында қиыншылықтарды да жасырмай баяндады. Тап біз келердің алдында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұнайдар Салинмен телефон арқылы сөйлескенін, ол азаматқа да жұмыстың барысын егжей-тегжей баяндағанын бізден бүгіп қалмады. Ал екінші рет аудандық соттың ғимаратында кездестік. Медхат Батырұлы мені МТС-қа шақырып, жұмысшы еңбеккерлермен, қызметкерлермен кездесуімді өтінді. Олардың алдында еңбек тәртібін сақтау, жұмыс уақытын тиімді пайдалану жайлы әңгіме өткізуімді және еңбек тәртібін бұзған бірен-саран азаматтардың ісін қарап беруімді сұрады. Мұндай өтінішпен аудандық сотқа кез  келген басшы келе бермейді. Көбісі «Жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыруға» тырысады. Ал Медхат Батырұлы болса, еңбек тәртібін бұзушыларды ұжым алдында сот талқысына салып, басқаларға сабақ болсын деген принципті ұстанса керек. Мұның әсері мықты болды. МТС-тағы еңбек тәртібіне біз кейін мүлдем қайта айналып соққан жоқпыз. Өйткені ондай жағдай туындаған жоқ. Сол күні жұмыс аяғында Медхат Батырұлы мені кешкі асқа үйіне шақырды. Қазақтың қонақжайлығымен барлық ниетін салып қарсы алды. Жанұясымен жақын таныстым. Медхат Батырұлы мені жатырқамай, мен де оны жатсынбай біраз сырластық. Әңгіме барысында мен оның Ташкенттің жоғары оқу орнын бітіргенін білдім. Жан жары Қамаш та қонақжай, қабағы ашық жан екен. Дәулетжановтармен менің таныстығым осылай басталып, кейін жақсы қарым-қатынасқа ұласты. Қамаш екеуінің тәрбиелеп өсірген үш ұл, үш қызы да  халық алдында қалтқысыз қызмет атқарған қалаулы жандар болғаны мені қуантады» - депті Бижан ағамыз 2011 жылы 6 маусымда жазып қалдырған естелігінде.

даулетжанов2

9 мамыр 1945 жыл.Бударин ауылы Чапаев ауданы

Енді Медхат Дәулетжановтың фәнилік ғұмыр жолына, атқарған қызметтеріне шолу жасап көрсек. Ол 1908 жылы сол кезде Жымпиты қисымына қараған Ақбақай жерінде (қазіргі Қаратөбеде) дүние есігін ашыпты. Айтпақшы, Медхаттың әкесі Батыр қазақтың қадірменді ұлы әрі мақтанышы, Дума депутаты, заңгер Бақытжан Қаратаевпен бір жылда, бір ауылда дүниеге келіпті. Бәлки, тым жас болса да Бақытжандай заңғар адамды көре қалғаны бар, оқыған адамның жерде қалмайтынын ерте түйсінгені шығар, құйттай күнінен оқимын деп талпыныпты. Бірақ Медхаттың жасы 11-ге толар-толмаста әкесі қайтыс болып, анасы екеуі қалады. Қазақ жетімін жылатпаған, жатқа жалтақтатпаған. Медхатты әкесінің ағасы Мұхтар өзінің қамқорлығына алады. Көкесі Мұхтар жас баланың оқимын деген арманына қарсы болмайды. Қайта қолдап, мүмкіндігінше көмектесіп отырады. Сөйтіп, 15 жасында Ақбақайдан арман арқалап аттанған жас өрен 1923 жылы Орынборға сапарлап, жасөспірімдер мектебіне оқуға қабылданады. Мұнда екі жыл жақсы үлгеріммен оқып бітіріп, 1925 жылы сол Орынбордағы малдәрігерлік-зоотехникалық техникумға оқуға түседі. Мұнда да сабаққа алғыр болған жасөспірім, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Сол кезде бәлки, кейін бүкіл ғұмырына азық болатын көшбасшылық қасиет қалыптасқан шығар. Әйтеуір, қалай болғанда да Орынборда оқыған жылдар жас жігіттің болашағына үлкен жол салып, көңіл көкжиегін кеңейткені даусыз. Сонау Ақбақайдан білімге шөлдеп келген жас жігіт техникумда да үздік  оқиды. Озат үлгеріммен оқуын 1929 жылы бітіреді. «Енді елге қайтып, жұмыс істеуім керек»  деп жиналып жүргенде Қазкрайкомға шұғыл шақыртылады. Ондағыларда мұның құжаттарымен алдын  ала танысып қойса керек, мәселені қабырғасынан қойып: «Ташкентке оқуға барасың!»  дейді. Мұндағы оқуында да студенттердің алды болып, барлық пәндерді тек «5»-ке оқыпты. Агроном  жоспарлаушы мамандығы бойынша диплом алғаннан ке-йінгі алғашқы еңбек жолы Шымкент қаласындағы «Қаз-трактор» орталығында басталады. Медхат Батырұлының бір бүйірінде туған жерге деген сағыныш ылғи бұғып жатыпты. Ақыры, үйренісіп қалған ортамен қимай қоштасып, елге, Ақ Жайыққа маңдай түзейді. Мұндағылар оқу-тоқуы сайлы маманды қуана қарсы алып, сол бойда Ілбішін ауданының (қазіргі Ақжайық) Волошин МТС-на агрономдық қызметке тағайындайды. Одан әрі жас маман сол кездегі партия қайда жұмсаса, сол жерден табылып, барған жерінде ылғи да абыройлы болған. Өзіне тапсырылған міндеттер мен тапсырмаларды жеріне жеткізіп орындауы арқасында мақтау марапаттан да кенде болмапты. Қызмет сатысымен тек жоғарылап отырған. 1938 жылы тамыз айынан бастап, облыстық  атқару комитетінің қаулысымен облыстық жер бөлімі бастығының бірінші орынбасары лауазымына бекітіледі. Медхат Дәулетжанов бұл қызметін алты жыл абыроймен атқарыпты. Соның арқасы шығар, кейін облыстық партия комитеті өзінің бюросының арнайы қаулысымен оны облыстық жер бөлімінің бастығы етіп тағайындайды.  Ол кезде жер бөлімі деп аталғанмен бұл өте үлкен, экономикалық маңызы зор, жауапкершілігі батпандай мекеме. Өйткені оған тек жер ғана емес, облыстың бүкіл ауыл шаруашылығы саласы түгел қарайды. Міне, осы қызметте жүріп, ол Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады. Бұл орден негізінен әскери награда болғандықтан, әскери ерлігі үшін беріледі. Арнайы бронмен тылда қалдырылған Дәулетжановқа аталмыш марапат сол тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін берілгені даусыз. Тіпті әріден қозғасақ, ол ел басына ауыр күн туған кезеңдер еді. Қиян-кескі соғыс жүріп жатты. Немістер қыркүйек айында Орал қаласын аламыз дегені тарихтан белгілі. Бірақ Сталинградтың түбінде қырғынға ұшырап, қоршауға түсті. Бұл кезде Сталинград майданының Әскери кеңесінің шешімімен Орал өңірі майдан шебіне жатқызылған еді.

Міне, осы кезде Медхат Батырұлы майдан іргесіндегі тылда, Орал облысының жер бөлімін басқарып, әскерді азық-түлікпен кідіріссіз қамтамасыз етуге тікелей жауапты болған. Әскери орденнің берілуіне бұл да тікелей себепші болса керек. Дәулетжановтың бұдан басқа да алған медальдары мен Құрмет грамоталары өз алдына бір төбе.

1947 жылы Медхат Батырұлы өз еркімен Сүттіген МТС-на саяси бөлім бастығының орынбасары қызметіне барады. Одан әрі, яғни араға бір жыл салып, облыстық партия комитеті Дәулетжановты Шежін МТС-на директор етіп жолдайды. Соғыстан кейінгі жылдар болғандықтан, Шежін ауылы да облыстағы ең артта қалған ауылдардың бірі еді. Көптеген ер-азамат соғыстан оралмағандықтан жұмыс қолы жетіспейтін. Міне, осы қиындықтардың бәрін жеңу Медхат Дәулетжановқа жүктелген еді. Өзі де нар тұлғалы азаматқа нардың жүгінен де ауыр жүк артылды. Айта кету керек, атпал азамат ол ауырлықты қайыспай көтерді. Ауылдың ажары біртіндеп кіре бастады. Алғаш рет ауылда электр жарығы жарқырады. Мал басы өсті, егістік алқабы ұлғайды. Соған орай еңбеккерлердің тұрмыстары да түзелді. Дәулетжанов басқарған МТС – облыста таңдаулылардың көшін бастады. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіп кетсе де, Дәулетжановты көре қалған, жұмыстас болған көне көздер Тасқала өңірінде (Шежінде) Құдайға шүкір әлі бар. «Азамат еді ғой, Медекең!» деп әңгімелеп отырады әлі күнге.

Айтпақшы, Дәулетжановтың жұлдызды жылдары туралы Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген құрылысшысы, Орал қаласының құрметті азаматы болған, марқұм Сафин Хамза ағамыз көзінің тірісінде былай деп еске алыпты: «Мен сонау 50-жылдарда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының күрделі құрылыс бөлімін басқара жүріп, МТС директоры болып жүрген Медхат ағаймен талай кездестім. Ол кісінің адамдармен жұмыс істеу тәсілі бөлек еді. Өз алдына бір мектеп еді. Мен ол ағамнан көп нәрсе үйрендім. Мен ол кезде 30-ға да толмаған жас едім. Шежіннің МТС-ын 7 жыл басқарғанда Медхат ағамыз оны облыстың таңдаулы шаруашылықтарының біріне айналдырды. Социалистік жарыстың алдынан көрініп, облыста абыройға бөленді. Мен үшін Медхат Батырұлы талантты басшы, мәдениеті биік, ой-өрісі кең, беделді азамат ретінде есімнен кетпейді» деген екен.

Дәулетжановты көра қалған, осы күні ортамызда жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, БҚО-ның құрметті азаматы Бақтығали Ахметов бізбен әңгімесінде былай деп еске алды: «Тасқала ауданындағы 2-Шежін ауылында, бала күнімде тіркемеші болып жұмыс істедім. Медхат ағамыз МТС-ті басқарды. Шаруашылықта сол кездегі кеңес одағының түкпір-түкпірінен келгендер жұмыс істеді. Іштерінде бұзақылар, жалқаулар, жатыпішерлер жетіп-артылады. Бірақ солар Медхат ағамыздан қатты қорқып, сыйлайтын. Ол кісі өте қатал болғанымен әділ еді. Еңбек тәртібін өте қатаң талап ететін. Содан да болар, шаруашылықта тәртіп тұрақты сақталды. Табысқа да қол жеткізді. Медхат ағамыздың ұл-қыздарымен бір мектепте оқыдық, бірге ержетіп, дос болдық. Медхат Батырұлы менің есімде тамаша жан болып сақталып қалды».

* * *

Иә, осынау жосын жан не-бәрі 53 жыл ғұмыр кешіпті. Әлі талай биіктерден көрінетін жұлдызды сәттері алда абзал азаматқа тағдыр, ең болмаса, зейнет жасына жетуді жазбапты. Көңілге медеті соңында халқы айта жүрер еңбегі қалды, ұрпақ көшін жалғастырар алты перзенті қалды. Олар да өмірден өз орындарын тауып, әке салған ізбен еліне, халқына қалтқысыз қызмет етті. Бірқатары зейнеткер, бірқатары әлі сапта. Медхат ағамыздың ең кенжесі Аманкелді – әке жолын жалғастырып, лауазымды қызметтер атқарып жүрген Ақ Жайықтың белгілі азаматтарының бірі. «Ат тұяғын тай басар»  деген осы ғой...

 

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»      

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале