Жазда ішек инфекциясы өрши түседі. Сондықтан мамандар азаматтарға азық-түлік сапасына, жеке бас гигиенасына мұқият болу қажет екенін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сурет: istockphoto.com
Алматы қалалық Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, жазда ауа температурасы көтерілуі, гигиена талаптары сақталмауы түрлі аурудың таралу қаупін едәуір арттырады.
Әсел Қалықованың айтуынша, ішек инфекциясының негізгі себептері - жеке бас гигиенасы талаптары сақталмауы, тағамды дайындау, сақтау ережелері бұзылуы, жуылмаған көкөністер мен жемістерді жеу, сапасыз суды тұтыну.
"Ішек инфекциясының қаупін азайту үшін қолды жиі әрі мұқият жуу, тек таза ауызсу тұтыну, азық-түлікті дұрыс сақтау және тағам өнімдерін тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алу қажет", - деді ол.
Департамент мамандары ресми түрде рұқсат етілген орындарда шомылу және суға түсу кезінде суды жұтып қоймауға тырысу керек екенін де ескертті.