7.07.2022, 19:19
Оқылды: 229

Жеке тұрғын үй құрылысына 900 жер телімі беріледі

Бүгін Орал қалалық әкімдігі жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекке тіркелген азаматтарға жер учаскелерін беру бойынша жиын өткізді.

image-07-07-22-04-05-2

Жиынды ашқан Орал қаласы жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Мирас Мухитов Орал қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысына барлығы 109 298 адам өтініш жазып, тіркелгенін атап өтті. Орал қаласы әкімдігі аталған өтініштерді қанағаттандыру мақсатында 2017 жылы Круглоозерное кентінде жалпы көлемі 165 га құрайтын жер учаскесін мемлекеттік меншікке қайтарған. Осы аумақта әкімдік тарапынан егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасақталып, жер учаскелеріне бөлініп, жер телімдеріне инженерлік желілер жүргізілген.

image-07-07-22-04-05-5

Ал, 2022 жылдың 11 шілдесінен бастап кезекте тіркелген азаматтарға, дәлірек айтсақ барлығы 900 азаматқа жер телімдерін беру үшін өтініштерді қабылдау жоспарланған. Берілетін жер телімдері 2002, 2003 және 2004 жылдың І және ІІ тоқсанында кезекке тұрған азаматтарды қамтиды. Азаматтардың кезегі Орал қаласының ресми сайтында жарияланған.

Өтініш беру үшін қайда барамыз?

  • Орал қаласы Құрманғазы көшесі, 173А үй мекенжайы бойынша (Орал қаласының жұмыспен қамту орталығы)

Өтініш қабылдау мерзімі:

  • 2022 жылғы 11 шілде – 02 қыркүйек аралығы.

Өтініштерді қабылдау уақыты:

  • сағат 09.00-ден сағат 13.00-ге дейін.

Егер өтініштерді қабылдау осы мерзім ішінде қанағаттандырылмаса, қабылдау мерзімі қосымша ұзартылады.

Азаматтардан өтініш қабылдау үшін алдын ала кесте құрылған. Кестеге сәйкес күніне 20 адамды қабылдау жүргізіледі. Аталған кесте Орал қаласының жұмыспен қамту орталығындағы стендтерге ілінеді.

Жеке тұрғын үй кезегіндегі азаматтар өтініш жазар кезде:

  • жеке куәлігін өзімен бірге ала келуі қажет.

Жер заңнамасына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін берер кезде алдымен азаматтардың мемлекеттен тегін жер телімін алған не алмағаны туралы ақпаратты алуы қажет. Тегін жер телімін алмағаны туралы анықтаманы алған соң, азаматтар үлгіге сәйкес өтініш жаза алады.

Барлық өтініштерді ресімдеу ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы 01 қазандағы №301 бұйрығына сәйкес елді мекен шегіндегі объектілерді салу қағидасына сәйкес жүргізіледі. Бұл мемлекеттік қызмет жалпы 46 жұмыс күнді қамтиды екен.

І-кезең – 28 күн, өтініш келіп түскен соң Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі жер учаскесін беру жөнінде жер таңдау актісін жасақтайды, кейін коммуналдық мекемелерге келісімге жолдайды, келісім алған соң жер таңдау актісін бекітеді.

ІІ-кезең – 18 күнді қамтиды. Бұл жасақталған, бекітілген жер таңдау актісіне сәйкес жер кадастрын жүргізетін мемлекеттік корпорация жер кадастрлық жоспарын жасақтап, Орал қаласының жер қатынастары бөліміне жолдайды. Орал қаласының жер қатынастары бөлімі аталған кадастрлық жоспарды бекітіп, Орал қаласы әкімдігінің қаулы жобасын дайындап, қол қойылады. Осыдан кейін қаулының негізінде жалға беру шарты жасалады. Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін жалға беру шартының мерзімі – 3 жыл. Осы мерзім ішінде аталған жер пайдаланушылар алынған жер теліміне жеке үй құрылысын салып, объектіні  қабылдап, жеке меншікке алады. Сол кезде жер телімі азаматтарға жеке меншікке тегін беріледі.

Ескерту: белгілі бір себептермен құрылысты аяқтай алмаған азаматтар үшін мерзімді ұзарту қарастырылған.

Орал қаласының жұмыспен қамту орталығында бұл жұмыстарды үйлестіретін Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары бар.

Тағы нені білу қажет:

  • учаскелер бөлінбейді;
  • жерді пайдалануға арналған жер учаскелері ҚР Жер кодексінің 92-бабына сәйкес 3 жыл мерзімге жалдау шарттарымен беріледі (Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесін меншік иесінен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою). Егер сіз 3 жыл ішінде жер учаскесін пайдаланбайтын болсаңыз, онда ол мемлекеттік меншікке қайтарылады және кезекте тұрған келесі азаматтарға беріледі;
  • СЖТ және эскиздік жобаны келісудің негізі ретінде әртүрлі типте, әртүрлі мөлшерде жасақталған үйлердің дизайн-эскиздері болады;
  • Өтініш беруші қайтыс болған жағдайда жер учаскесі мұрагерлік бойынша берілмейді, келесі өтініш берушіге кезекпен өтеді;
  • егер өтініш беруші кезекте тұрса, бірақ тізімде өзін таппаса, онда ол кезекте тіркелгенін растайтын құжатты ұсынуы керек;
  • егер өтініш беруші тегін жер телімін алған болса, онда ол екінші рет ала алмайды;
  • егер өтініш беруші учаскені өз қаражатына сатып алса, онда ол тегін жер учаскесін ала алады;
  • жер учаскесін жалға алу кезінде адам жер учаскесін сата алмайды.

Орал қаласы жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес коммерциялық маңызы бар жер учаскелері де қарастырылған. Болашақта олар аукцион арқылы жалға берілетін болады.

Жер телімдерін беруге қатысты басқа да сұрақтарыңыз болған жағдайда 51-31-11 телефон нөміріне хабарласып біле аласыз.

Альфия Шамаева, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале