14.12.2023, 10:00
Оқылды: 85

Желтоқсанның Володаркада соққан салқыны

 

Алтай Батырұлы Батыров – ҚазМУдың заң факультетінің түлегі. Ұзақ жыл құқық қорғау саласында абыройлы қызмет атқарған. Бүгінде доғарыста. Қазір адвокат ретінде есімі облысқа жақсы таныс. Төменде сонау бір ереуілдеткен күндердің оқиғасын бізге былайша әңгімелеп беріп еді.

d63d96e9-2e9f-4124-b2a8-094d9b5d74ce

Аға лейтенант –  Алтай Батыров. 1986 жыл

– 1986 жылдың желтоқсан айының 15-інен 16-сына қараған түні болатын. Мен ол кезде Приурал ауданында ІІБ-ның аға тергеушісімін. Басшымыз Валерий Каримович Макатов. Қарауымда екі тергеуші - Берік Аденов пен Сергей Хасенов.

Ойымызда ештеңе жоқ, жұмыс жүріп жатыр. Тап сол күні маған Каратөбе ауданында, ішкі істер бөлімінде жедел қызметкер болып істейтін Ерген деген досым келген. Екеуміз жұмыстан кеш шықтық. Үйде, дастарқан басында өткен-кеткенді, сонау Жымпиты ауданында жұмыс істеген күндерді еске алып, біраз отырдық. Түн ауа теледидардан Д. Қонаевты орнынан алып, соған байланысты «Алматыда қазақтың ұлтшылдары бас көтеріп жатыр» деген хабарды естігенде арқамыз мұздап қоя берді. Ертесіне Ерген еліне суыт аттанды. Жұмысқа келсем, өзімізбен бірге істейтін өзге ұлт өкілдері бізге біртүрлі, суық қарайды. Сол күні Приурал аудандық ІІБ-да жұмыс күшейтілген режімге көшірілді. Неге екені белгісіз, арнайы «Жедел-іздестіру тобы құрылды», оны мен басқардым. Мекеме ғимаратында түнеп, жұмыстан «өріп» жүрдік. Алматыдан сымсыз телефонмен жетіп жатқан хабарлар бірінен-бірі өтеді. Теледидар мен радионың айтатыны баяғы: «қазақ ұлтшылдары, нашақорлар, бұзықтар» көшеге шығып ойран жасаған, «орыстарды өйткен, бүйткен» болып кете береді. Айналғанда осынау қауесетке сенген аудандағы славян тектес халықтар қазақтарға жауыға  қарайтын болды. Жағдай ширығып, өзінің шырқау биігіне шығып кеткенін ішіміз сезіп-ақ жүр. Қолдан келетін басқа ештеңе жоқ, тек сәл нәрседен шатақ бұрқ ете қалмаса, жарар еді деп іштен тілейміз. Осылай жүргенде Жаңа жыл да келіп жетті...

Желтоқсанның 30-ынан 31-іне  қа­раған түні Приурал аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы В. Ма­катовтың нұсқауымен аудандағы ауылдарды тексеруге шықтық. Жағдай бәрінде де бірқалыпты, тыныш сияқты. Көңіліміз орнына түсіп, аудан орталығына қайтып оралғанымыз сол еді, түн ортасы ауа бере, бізді дабылмен көтерді. Шатақ Володарка ауылынан шық­қан. Шатақ болғанда біз іштей қауіптеніп жүрген мәселеден шыққан, ақыры. Біреулердің ішінде сыздап, әбден піскен шиқан жарылған. Сол күні аяз да кәріне мініп тұрған. Жылыту пеші істемейтін, «төшкесін» сүйретіп, әрең қозғалатын ескі «УАЗ»-бен Володарка  ауылына жеттік-ау... Жетсек, болар іс болған, бояуы сіңген.  Мәдениет үйінің айналасында бірен-саран адамдар ғана жүр.  Сөйтсек, Жаңа жыл кешіне жиналған халықтың ішінен славян тектес 15 жігіт шатақты бастап, қазақтарға тиіскен. Қуалап жүріп соққан. Есік алдында тұрған аутобосты аударып тастап, оның жүргізушісі, қаннен-қаперсіз отырған қазақ жігітін кабинадан суырып алып тепкілеген.

Балмаскарадты өзі ұйымдастырып, басы-қасында жүрген кеңшардың кәсіподақ ұйымының төрағасы шопыр жігітке жанталасып, арашаға түседі. Содырлардың бірі оның ту сыртынан пышақ сілтейді. Өзі татар азаматы екен. Бойы теректей ұзын азамат, арқасынан, жүректің тұсынан, тұспалдап салған пышақ төменіректен тиіп, тірі қалған, әйтеуір. Үстіне киген былғары плащы дал-дұл жыртылып, қансыраған оны, таяқ жеген шопыр жігітпен қосып, «Жедел жәрдемге» салып жібердік. Біз кешіксек те, уақытында келген болып тұрмыз ғой. Өйткені, ауылдағы қазақ жігіттері «қол жинап» келіп, майдан салуы кәміл еді. Тәртіп сақшыларына анау 15 жігітті жердің жарығына кіріп кетсе де, табу міндеті жүктелді. Түнімен Володаркіні асты-үстіне түсіріп, тексеріп, таңғы сағат 6-ға таман 15 содырды ұстап, тұтқындадық. Ішкі істер бөліміне жеткіздік. Қызық содан кейін басталды. Тергеу тобын басқару әуелде маған жүктелген болатын. Алайда маған жауап алуға рұқсат берілмеді... Себебі менің ұлтым қазақ... Қасымдағы жедел іздестіру қызметкерлері Ксенафонтовтың шешесі молдован, Аденов пен Хасеновтер де қазақ. Болмайды!

Айналғанда анау бұзақыларды, жоқ, қылмыскерлерді жауаптау При­урал ауданы прокурорының көмекшісі Алексей Иванович Тяпухинге жүктелді. Сөйтіп, олардың бәрі де сот шешімімен әкімшілік жазаға тартылып, бар болғаны 15 күнге қамалды...

86-ның ызғарлы желтоқсанының салқыны осылайша Володарка ауылында да соғып өтіп еді...

Әңгімені жазып алған: Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале