31.10.2022, 10:30
Оқылды: 82

Жер дауы ушығып тұр

«Ирменов» жеке кәсіпкерлігі мен «Кублей» жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасындағы дау жалғасуда. Осы күні түсіністікке келе алмаған екі тараптың кикілжіңі Жоғарғы сотқа жетті. Бір жыл бұрын басталған дау басында зауыт әкімшілігі құрылыс компаниясы санитарлық қорғау аймағын сақтамады деп сотқа жүгінген-ді. Қазір сот үдерісі жүріп жатыр. Оның шешімі әлі шыққан жоқ. Десе де, осы даулы мәселеге қатысты заңгер Бақытжан Базарбек өз парақшасына жазба жариялап, онда облыс және қала басшыларына сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген айып тақты.

1

Фото дереккөзі: adyrna.kz

Сондай-ақ әкімге қарсы петиция қалдыруға үндегені де талқыланып жатыр. Осыған орай жуырда Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Көлбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне түсініктеме берді.

Былтыр «Ирменов» жеке кәсіпкерлігі Циолковский көшесі, 1 мекенжайында көпқабатты үйлер салуды бастады. Жұмыс аяқтала келгенде «Кублей» ЖШС құрылыс компаниясы заң талаптарын бұзды деп сотқа берді. Содан бері дау толастамады. Ал заңгер Бақытжан Базарбектің жазбасына кеңінен тоқталар болсақ, ол облыс әкіміне сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген айып тақты. Арнайы баспасөз мәслихатында осы мәселеге барынша түсінік берген қала әкімінің орынбасары Асхат Көлбаевтің айтуынша, жазба 14 пункттен тұрады. Оның сегізі облыс әкімінің құзыретіне жататын болса, алтауы тікелей Орал қаласы әкімінің құзыретінде  екен.

– Архитектура және жер мәселесіне қатысты салаларға жетекшілік ететіндіктен, заңгер жазбасына қатысты түсінік беруді жөн көрдім. Орал қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Кублей» ЖШС-ның қала әкімдігіне берген талабы қаралуда. Елді шулатқан мәселе туралы пікірімді білдіріп, оған түсініктеме немесе құқықтық баға бере алмаймын.

Өйткені мен – дауласқан тараптардың бірінің өкілімін. Бір айтарым, заңгер Бақытжан Базарбектің жазбасы қоғамдық пікірді күшейтіп, сот шешіміне қысым көрсетуге бағытталған деп санаймын. Неге десеңіз, қазіргі кезде сотта жарыссөздер жүріп жатыр. Облыс және қала әкімдігі халықты жұмыспен қамтып, өңір бюджетіне үнемі салық түсіріп отыратын және елдің оң имиджін қалыптастыруға ықпалды «Кублей» компаниясының сақталуына қашанда мүдделі, – деді А. Көлбаев.

Қала әкімінің орынбасары заңгер Б. Базарбектің: «Ирменов» ЖК өңір басшысы Ғали Есқалиевтің тұсында элиталық коттедждер орналасқан рекреациялық аймақтан және әкім резиденциясына жақын маңнан жер алды» деп айыптауының негізсіз екенін айтты. Айтуынша, бұл жер телімі 2005 жылдың 17 тамызында бір акционерлік қоғамға берілген. Ол жер әлеуметтік сипаттағы кәсіпорындары бар тұрғын үй коттедждер кешенін салуға арналған екен. Содан бері ол жер телімі  қолдан-қолға өтіп,  басқа кәсіпкерге сатылған. Ал жеке кәсіпкер «Ирменов» 2020 жылы солардың бірінен алыпты. Одан бөлек, Бақытжан Базарбек орталық саябақ жанындағы рекреациялық аумаққа көппәтерлі тұрғын үй салу үшін облыс орталығының бас жоспары заңсыз өзгертілген деген айып таққан.

– Әңгіме Киров атындағы саябақ жанындағы тұрғын үй кешені туралы болып отыр. 2009 жылы бас жоспарды әзірлеу басталған кезде ол аумақта «Зеленстрой», «Орал сусын» кәсіпорындарының өндірістік аймағы және бес қабатқа дейін салынатын шағын үй құрылысы қарастырылған. «Орал сусын» кәсіпорнының телімі «Ткалун» атты жеке кәсіпкерге тиесілі болған. 2014 жылы желтоқсанның 5-інде Орал қаласы әкімдігінің қаулысымен учаскенің нысаналы мақсаты көп­қабатты тұрғын үйлер салу және оларға қызмет көрсету болып өзгертілді. Одан соң архитектуралық-жобалық тапсырма дайындалды. Эскиздік жоба келісіліп, құрылысқа рұқсат берілді. Қазіргі қолданыстағы бас жоспар 2014 жылы желтоқсанның 19-ы күні үкіметтің қаулысымен бекітілді, – деді қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ заңгер жазбасында облыс және қала прокуратурасының «Кублей» ісіндегі заңбұзушылықтарды жою туралы шешіміне қарамастан, прокурор актісі жауапсыз қалып отырғанын да айтқан.

– Прокуратураның заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныстарына негізделген жауап берілді. 28.12.2020 жылы №2799 20002А 1457 екінші сатыдағы сот шешімін өзгертусіз қалдырған Жоғарғы сот шешімін қала әкімдігі толықтай орындады. Әкімдіктің 2019 жылғы қазан айының 24-і күнгі №2448 қаулысы, 2020 жылғы мамырдың 22-сіндегі №836 және 2020 жылғы шілденің 23-індегі №1199 сәулет жоспарлау тапсырмаларының күші жойылды. Эскиздік жобаларды келісу және құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат қайтарылды. Бұл қаулылар күшіне енгеніне қарамастан, Жоғарғы соттың шешіміне қарай әкімдік құрылыс компаниясына архитектуралық-жобалық тапсырма берген жоқ. Былайша айтқанда, құрылысқа рұқсат берілмеді, – деді А. Көлбаев.

Қала әкімінің орынбасары сот шешімі қай тараптың пайдасына шешілсе де, әкімдік «Кублей» ЖШС мен «Ирменов» жеке кәсіпкерлігі арасындағы даулы мәселенің немен тынғанын айтып беретінін мәлімдеді.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале