27.08.2022, 9:30
Оқылды: 128

Жетістік те жоқ емес, кемшілік те баршылық

Дүйсенбі күні Деркөл кентінің  тұрғындары қала әкімінің  орынбасары Мирас Мүлкәй мен округ  әкімі Жұбан Жұмағалиевпен  кездесіп, соңғы үш айда атқарылған  жұмыстар жайын тыңдады.  Жалпы, қала іргесін жайлаған 30 мыңнан  астам тұрғыны бар кент жыл санап жаңарып, көркейіп келе жатыр десек,  артық айтқандық болмас. Осы күні округке қарасты біраз шағынауданның сәні кірген. 

деркульмирас

Кездесуде кент әкімі Жұбан Жұмағалиев осы кезге дейін жасаған жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, былтыр Алтынсарин көшесінде балалар ойын алаңы және бұқаралық спортқа арналған қалашық пайдалануға берілген. Оған қоса кент аумағындағы Тихая, Строитель көшелері мен Маштаков ауылында ойын алаңдары ашылыпты.

деркул1

Деркөлге алып барар жол бойындағы шағынаудандардың кіреберісіне жол сілтейтін белгілер де осы кезге дейін орнатылмай келген-ді. Жергілікті әкімдік бұл мәселенің шешімін тауып, қажетті белгілерді орнатып жатқаны да кездесу барысында сөз болды. Ауылға қарасты Көкжиек пен Сарыарқа шағынаудандарының арасын теміржол кесіп жатыр, аутокөліктер үшін теміржолды қиып шығатын өткел салынбаған. Ол жайтты да ескеру  керектігін әкім өз сөзінде ерекше атап өтті. Кент басшысы Көкжиекке кіретін жолдың өзі екі бағытқа бөлініп кететінін айтып, ауыл ішіне бірдей үлгімен көрнекі сілтемелер қою немесе кент ішіне карта үлгісіндегі жолдардың сызбасы салынған билбордтар орнату ісі де қолға алынатынына тоқталды.

– Шыны керек, елді мекенде шешімін күткен түйткілдер әлі де көп. Сондықтан ең алдымен ауыл ішіндегі көшелерді ретке келтіру ісіне жіті көңіл бөлетін боламыз. Ауыл аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 119,3 шақырымды құрайды. Оның тек 46,9 шақырымы асфальтталған. Қалғанына топырақ төселген. Ауылдың жолдарын жөндеуді 2022-2024 жылдарға арналған арнайы жоспар бойынша атқарамыз. Барлығы ойдағыдай болса, көпшілікті толғандырған бір мәселенің шешімі табылады, – деді өз сөзінде Деркөл кентінің әкімі Жұбан Жұмағалиев.

Күні бүгін Мектеп, Охранная, Ы.Алтынсарин, 2-Садовый және Строитель көшелерін жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек Лесная, Овальная, Степная, 1-проселочная көшелері де өз кезегін күтуде екен. Сонымен қатар кентке қарасты Сарыарқа шағынауданының тұрғындары көп жылдан бері жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру мәселесін  көтеріп келген. Биыл бұл мәселе шешімін тауыпты. Қазір жоғарыда аталған шағынаудан ішіндегі Б. Майлин көшесіне 3630 метр, Ғабит Мүсірепов көшесіне 1300 метр, Тақсай көшесіне 1500 метр жаяу жүргінші жолын салу жұмысы басталған.

Жергілікті әкім өзі басшылық ететін кент тұрғындарын жарықтың жиі сөнетіні мазалайтынын да жақсы біледі. Сол себепті тозығы жеткен трансформаторларды жаңартуға да ерекше көңіл бөлген.

– Электр желілерінің ескіруіне байланысты жарық өшу тек бізде ғана емес, бүкіл облыста бар. Сондықтан қолдан келгенше амалдап жатырмыз. Биыл Үміт шағынауданына екі, Западная көшесіне, Беда көшесіне және Деркөл мәдениет үй маңына бір-бірден жаңа трансформатор орнататын боламыз. Бұл өз кезегінде көпшіліктің ғана емес, жергілікті әкімдіктің бас ауруына айналған жарық өшу мәселесін шешуге септігін тигізетін болады, – деді кент әкімі Жұбан  Жұмағалиев.

Тұрғыны көбейген соң елді мекенде бала санының артатыны да түсінікті. Сондықтан ұл-қызының өміріне алаңдаған тұрғындар көлік көп жүретін бірнеше көшеге арнайы белгі орнатуды  сұрапты. Қандай істі де елмен келісіп жасайтын әкімдік қызметкерлері ол істі ойдағыдай аяқтаған. Бұл туралы Деркөл әкімі өз баяндамасында  атап  өтті. Кейін кездесуге арнайы келген қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй баяндамасын жасап, қала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Кентке қарасты Көкжиек шағынауданының балалары жол үстінде доп теуіп, ойнап жүр. Аталған мәселе облыстық «Орал өңірі» газетінде  екі мәрте көтерілді. Ең алғаш 2021 жылдың 22 маусымдағы нөмірінде «Ойын алаңы – ортақ арманы» атты мақалада кент әкімдігі сол жылдың соңына дейін Жаңа құрылыс, Өскен, Сарыарқа және Көкжиек шағын­аудандарында кешенді, яғни балалардың да, ересектердің де кәдесіне жарамды спорт нысандарын орнату жоспарда бар екенін айтқанды. Ал одан кейін 2022 жылдың 4 ақпанында өңірдің бас газетінде жарияланған «Қысы-жазы жол үстінде ойнайды» атты мақалада кент басшысы былтыр бір көшеде балалар ойын алаңы және бұқаралық спортқа арналған қалашық пайдалануға берілгенін, оған қоса кент аумағындағы Тихая және Строитель көшелері мен Маштаков ауылында ойын алаңдары ашылғанын айтқан.

Бұл да біраз істің оң шешімін тапқанын көрсетеді. Мақалада кент әкімі Ветелки ауылы мен Өскен, Жаңа құрылыс, Көкжиек (ПДП-1), Сарыарқа (ПДП-2) шағынаудандарында кешенді балалар ойыны және спорт алаңын салуға байланысты жобалық-сметалық құжаттамалар дайын тұрғанын жеткізген. Ал апта басында өткен кездесуде аталған мәселелер іске аспай қалғаны ашық айтылды. Өйткені қаражат тапшы екен.

– Кешенді спорт алаңдарын салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі таңда барлық жоба арнайы сараптамадан өтті. Өкінішке орай, биылғы жоспарға олар енбей қалды. Келер жылы шешуге тырысамыз, – деді Жұбан Жұмағалиев. Сонымен қатар шаһар басшысының орынбасары Мирас Мүлкәй балалардың ойын алаңын салу мәселесі қала әкімдігінің де күн тәртібінде тұрғанын ерекше атап көрсетті. Ол қазір қала бойынша 30-дан астам кешенді балалар ойын алаңы мен спорт алаңдарын салуға қатысты жобалар дайын тұрғанын жеткізіп, қаражаттың бөлінуіне қарай жұмыс істелетінін айтты.

Кездесу барысында Вителки, Жаңа құрылыс ауылдарының тұрғындары күз бен көктем айларында балшықтың  кесірінен ауылға кіріп-шығу мүмкін болмай қалатынын айтып, өздеріне қарай келер жолды жөндеп беруін сұрады. Оған жауап қатқан қала әкімінің орынбасары аталмыш мәселені шешу жайы қарастырылып жатқанын айтып, жөндеуге қатысты арнайы жоба дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ кентке қатысты Маштаков ауылының тұрғындары ауылға барар жолды жарықтандыру керек екенін жеткізді. Бұл мәселе де атқарушы билік назарынан тыс қалмағанын айтқан  Деркөл  кентінің әкімі Жұбан Жұмағалиев қазір аталған жерге уақытша жарық орнатып, болашақта толықтай жарыққа қосу жайы шешілетінін жеткізді.

Даль көшесінің тұрғындары көшенің көлік ағысын тежейтіндей адам өтуге ыңғайлы ету жайын көтерді. Өйткені көлік көбейген шақтарда көшені кесіп өту қиын болады екен. Ол жайтты шешу ешқандай қиындық туғызбайтынын жеткізген шаһар басшысының орынбасары Мирас Мүлкәй мәселе көтерген тұрғындарға полицияға арнайы арыз жазуды ұсынды. Жиынға келген құқық қорғаушылар тұрғындардың арызын сол бойда қабылдап, көлік жүрісін тежейтін арнайы белгілерді орнату жайын қарастыратындарын айтты. Одан бөлек тұрғындар бұралқы иттің көбейіп кеткенін, қоғамдық көліктердің жеткіліксіз екенін тілге тиек етті.

деркуль

Кездесу соңында атқамінерлер  тұрғындарды  жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале