15.12.2022, 11:30
Оқылды: 125

Жобалар ауқымында жеңілдетілген несие беріледі

– Өңіріміздегі агроөнеркәсіп кешенінің жетекші саласы – мал шаруашылығы. Облысымызда мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімінің негізгі үлесін (60%-дан аса) құрайды. Ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі – төрт түлік екені белгілі. Сондықтан осы саланы одан әрі дамыту мәселесі өте маңызды. 

f4913199-19cc-49c6-abbd-c8be75743fd5

2022 жылдың 1 қарашасында 799,3 мың мүйізді ірі қара, 275,0 мың жылқы, 2,5 мың түйе, 1162,9 мың қой, 215,9 мың ешкі, 1597,3 мың құс есепке алынды. Өңірде асыл тұқымды 489 шаруашылық тіркелген (10 жыл бұрын 15 асыл тұқымды шаруашылық болған). Соның 402-сі ірі қара мал, 51-і қой, 35-і жылқы және 1 шаруашылық түйе өсірумен шұғылданады. Асыл тұқымды шаруашылықтарда 95 мың ірі қара, 50  мың қой, 10 мың жылқы және 281 түйе бар. Өңіріміздегі етті және етті-сүтті бағыттағы ірі қара мал басының саны – 790 мың. Аталған көрсеткіш бойынша республика көлемінде бірінші орындамыз. Биыл облыс ішінде 43,3 мың бас ІҚМ, 45,1 мың бас ұсақ мал және 6,2 мың бас жылқы, көршілес Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және басқа да облыстарға 43 мың бас ІҚМ, 75 мың бас ұсақ мал және 14,3 мың бас жылқы сатылды, – деді Арман Өтеғұлов.

Баяндамашының мәліметі бойынша биыл ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алқабының көлемі 586,2 мың га болған. 202 мың га дәнді дақылдар алқабынан 16 ц/га орташа өнімділікпен 319 мың тонна астық алынды (2021 жылы 176 мың тонна өнім алынды). Бұл – облыс бойынша соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. 178 мың га майлы дақылдар алқабынан 7,7 ц/га орташа өнімділікпен 136 мың тонна өнім алынды. Сонымен қатар 4,1 мың га картоп алқабынан (154 ц/га орташа өнімділікпен) 63 мың тонна, көкөніс дақылдарының 3,8 мың гектарынан (159 ц/га орташа өнімділікпен) 61 мың тонна, 1,5 мың га бақша дақылдарының алқабынан (206 ц/га орташа өнімділікпен) 31 мың тонна өнім алынды.

Облыста жалпы сыйымдылығы 52 мың тоннаны құрайтын 52 картоп-көкөніс қоймасы бар. Жоспарға сәйкес 2025 жылдың соңына дейін картоп-көкөніс қоймаларының жалпы сыйымдылығы 80,9 мың тоннаға жетпек. Өңірде жалпы ауданы 236 мың шаршы метр болатын 80 жылыжай бар. Бірінші дақыл айналымынан  6 568 тонна көкөніс өнімдері жиналды.

– Кейінгі үш жылда (2020-2022 ж.ж.) ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бюджеттен 61 млрд теңге қаржы қарастырылды. Соның ішінде биыл 22 млрд теңге бөлінді. Үш жылдық кезеңде ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 64 млрд теңге несие ресурстары тартылды. 2022 жылы 20 млрд теңге несие қаржысы бөлініп, лизинг бағдарламасы арқылы 8,8 млрд теңгеге 742 дана ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғылары сатып алынды.

Облыс бойынша 2022-2025 жылдарға арналған «Сүт және жасыл белдеуін дамыту» тұжырымдамасы бойынша жұмыстар жүзеге асуда. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы жобасының үлгісінде 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасақталмақ. Инвестициялық жобаларды іске асыруға АӨК субъектілеріне 8 жылға номиналды сый-ақы мөлшерлемесі 4 пайыз болатын жеңілдетілген несие беру жоспарланды. Жобалар аясында сүтті-тауарлы ферма құру, ет өңдеу кәсіпорынын іске қосу, суармалы жерлерді айналымға енгізу, көкөніс сақтау қоймаларын салуға басымдық беріледі, – деген Арман Кәрімұлы брифингте құс шаруашылығын дамыту, бос жатқан жер телімдерін игеру, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамту мәселесі туралы айтты.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале