
Сурет: istockphoto.com
Бүгінде бамперді "түсіне ұқсатып" бояп беруге ондаған сервис уәде береді. Бірақ сыртқы жөндеу бір бөлек, ал ауыр апаттан кейін шанақты бір жылдан соң тат баспайтындай, бояуы жарылмайтындай және зауыттық геометриясы сақталатындай етіп қалпына келтіру - мүлде басқа мәселе.
Tengri Auto автосарапшы, "Руки в масле" YouTube-арнасының жүргізушісі Анатолий Русевпен бірге нағыз кәсіби мамандарды сапалы жөндеудің кейпін ғана жасайтындардан қалай ажыратуға болатынын анықтап көрді.
Дилер ме әлде тәуелсіз орталық па: ЖКО-дан кейін көлікті қайда жөндеген дұрыс?
Бұл, бәлкім, апаттан кейін туындайтын алғашқы сауал. Ресми дилер - әрқашан сапа кепілі деген түсінік қалыптасқан. Бұл белгілі бір дәрежеде шындыққа жанасады: дилерлерде жөндеу регламенттері, түпнұсқа бөлшектер, заманауи жабдықтар және өндіруші алдындағы міндеттемелер бар.
Дегенмен, бұл ең үздік шанақ мамандары тек сонда жұмыс істейді дегенді білдірмейді.
"Ресми дилерден сіз, ең алдымен, стандартталған процесті сатып аласыз. Бірақ әңгіме күрделі темір жұмыстары туралы болса, көп нәрсе маңдайшадағы атауға емес, нақты шеберге байланысты. Бүгінде нағыз мамандар аз және олар тек дилерлік орталықтарда ғана жұмыс істемейді", - дейді Анатолий Русев.
Сонымен қатар дилерлік орталықтар көбіне бөлшектерді қалпына келтірудің орнына, оларды ауыстыру саясатын ұстанады. Егер көлік КАСКО бойынша жөнделсе, бұл әдетте мәселе тудырмайды. Бірақ иесі жөндеу ақысын өз қалтасынан төлейтін болса, соңғы құн айтарлықтай жоғары болуы мүмкін.
Сонымен бірге тәуелсіз шанақ орталықтары көбіне жүргізушілер дилердегі сәтсіз жөндеуден кейін жүгінетін орынға айналып жатады.
Русевтің айтуынша, дәл мамандандырылған шанақ станцияларын іздеген дұрыс.
"Май ауыстыру, жүру бөлігін жөндеу және көлік бояу жұмыстарын қатар атқаратын сервисті емес, тек көлікті қалпына келтірумен айналысатын шанақ орталығын іздеу керек. Әдетте ең мықты мамандар дәл сондай жерлерде жұмыс істейді".
Кезек - жақсы белгі
Көбісі көлікті бүгін-ақ қабылдауға уәде берсе қуанып жатады. Шын мәнінде, бұл әрдайым жақсы нышан емес.
Мәселе мынада, жақсы шанақ шеберлері (кез келген басқа мамандар сияқты) сирек бос отырады. Әдетте, оларға бару үшін "кезекке" тұру керек.
"Егер күрделі шанақ жөндеуін дәл қазір бастауға дайын болып, бірнеше күнде бітіруге уәде берсе, бұл күмәндануға негіз болады. Мықты шеберлердің жұмыс кестесі кем дегенде бірнеше апта бұрын жазылып қояды", - деп түсіндіреді сарапшы.
Әрине, ерекше жағдайлар болады, бірақ тұрақты кезек - жақсы беделдің бір белгісі.
Сегіз қырлы, бір сырлы шебер - ойланатын жайт
Көптеген шағын сервисте бір адам бір мезетте шанақты түзетеді, бөлшектерді сылайды, бетін дайындайды және көлікті бояйды.
Экономикалық тұрғыдан бұл тиімді. Технологиялық тұрғыдан - жоқ.
"Темірші, бояушы және дайындаушы - бұл үш бөлек мамандық. Егер бір адам бәрін бірдей істесе, сапа міндетті түрде нашарлайды. Жақсы шанақ цехы - бұл әрдайым еңбек бөлінісі", - деп атап өтті Русев.
Стапель және бояу камерасы: шанақ цехында нені тексеру керек?
Сервисті тексерудің тағы бір оңай жолы - цехты көрсетуді сұрау.
Егер қызметкерлер клиентті жөндеу аймағына жібермеудің түрлі сылтауын іздей бастаса, бұл - ойланатын жайт. Сарапшының айтуынша, жақсы сервис жұмыстың қалай ұйымдастырылғанын жасырмайды.
Мынадай бірнеше нәрсеге назар аударыңыз:
- стапель (ЖКО-дан кейін көлік шанағының геометриясын қалпына келтіруге арналған арнайы стенд) бар ма;
- геометрияны қалпына келтіру үшін өлшеу жүйесі қолданыла ма;
- бояу камерасы жұмыс істеп тұр ма;
- жөндеу аймағы таза ма;
- бөлшектерді сақтау қалай ұйымдастырылған.
"Қазіргі заманғы көліктің геометриясын көзбен қарап қалпына келтіру мүмкін емес. Егер ауыр апаттан кейін көлікті стапельсіз және өлшеу жабдығысыз түземекші болса, мұндай жөндеуден бірден бас тартқан дұрыс", - дейді Русев.
"Фото бойынша бағалау": шанақ жөндеу ісінде бұл неге тиімсіз?
Қазіргі таңда ең көп таралған жағдай мынадай: жүргізуші зақымдалған жерлердің бірнеше фотосуретін мессенджер арқылы жібереді және небәрі бес минуттан кейін жөндеудің нақты құнын біледі.
Бұл өте ыңғайлы көрінгенімен, кәсіби мамандар іс жүзінде бұлай жұмыс істемейді.
"Фотосурет арқылы жасырын зақымдарды көру мүмкін емес. Жақсы шебер әрдайым: көлікті алдымен жуып, бөлшектеу керек, содан кейін ғана смета жасалады дейді. Ал қалған бағалардың бәрі - не маркетинг, не клиентті кейін кенеттен өсіп кететін төмен бағамен арбап шақыру әрекеті", - деп түсіндіреді Русев.
Шанақ жөндеудегі басты қағида: үнемдеймін деп, екі есе шығындаласыз
Шанақ жөндеу - үнемдеуге тырысу жиі жағдайда екі есе шығынға әкелетін саланың бірі. Сапасыз бояу, шанақ геометриясының нашар қалпына келтірілуі, арзан материалдар немесе технологияның бұзылуы бірден емес, бірнеше айдан кейін, тіпті бір жыл өткен соң білінуі мүмкін.
Сондықтан жол-көлік оқиғасынан кейін әдемі қабылдау бөлмесі, аты дардай жарнама немесе белгісіз гараж арасында таңдау жасау керек болса, мүлдем басқа критерийлерге мән берген жөн: шеберлердің тәжірибесі, сервистің мамандануы, жабдықталуы, жұмыс ашықтығы және жөндеудің әр кезеңін егжей-тегжейлі түсіндіріп беруге дайындығы.
Себебі мұнда сіз көрнекі маңдайша үшін емес, автомобильді зауыттық күйіне шынымен қайтара алатын мамандар үшін ақы төлейсіз.