13.12.2021, 12:20
Оқылды: 71

ЖОО-ның палуандары өзара мықтылықтарын сынға салды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіндегі ЖОО студенттері арасындағы қазақ күресінен «Жәңгір хан» кубогіне арналған жарыс биыл алғашқы рет батыс аймақтық деңгейде ұйымдастырылды.

36

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында «Жәңгір хан» спорт кешенінде өткен жарыстың ашылу салтанатына Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов, Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев және спорт саласының өкілдері қатысты.

Қала әкімінің орынбасары Мирболат Сағынғалиұлы жиналғандарды алдағы үлкен мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде университет ректоры Асқар Мырзахметұлы Атырау, Ақтөбе қалаларынан келген жас палуандарға оқу орнының ұжымы атынан ыстық ықыласын жеткізді.

Атап өтсек, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі бірлесе ұйымдастырған қазақ күресі сайысына М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті; Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық  университеті; Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті; сондай-ақ Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті (Ақтөбе); Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті; Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті командалары қатысты.

37

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен спортшылар алып келген аға оқытушы Рафаэль Хаберов егемендік жылдарында ұлттық спорттың осы түрі қарқынды даму үстінде екенін айтты. Сонымен бірге Р.Хабиров – ҚР БҒМ жанындағы ғылыми-практикалық орталығының студенттер лигасы спортына батыс аймақтар бойынша жауапты маман екен.

– Бүгінгі таңда осы спорт түрінен 18 рет Азия чемпионаты, он шақты рет Әлем чемпионаты өтіп, сонымен бірге «Қазақстан барысы», «Әлем барысы», «Еуразия барысы», «Жас барыс» секілді ауқымы кең турнирлер ұйымдастырылып келеді. Әлемде 40-тан астам мемлекет осы қазақ күресімен танылды. Болашақта ұлттық күресіміз Олимпиада ойындарының қатарына кіреді деген үміттемін. Оралдағы Жәңгір хан университетіндегі жарыс та жоғары деңгейде ұйымдастырылды, – деді Рафаэль Ралитұлы. Айтуынша, Атырау қаласының оқу орнынан он жас палуан өз бақтарын сынады. Құрамында түрлі жарыстарда жүлдегер атанып жүрген палуандар жинақталған команда бапкерлерін жерге қаратпай жүлделі орыннан көрінді.

Жарыс нәтижесінде БҚАТУ командасы жеңіске жетіп, «Жәңгір хан» кубогы университетіміздің қоржынында қалды. Ал жүлделі екінші және үшінші орындарды Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті өзара бөлісті. Қазақ күресінен «Жәңгір хан» кубогіне арналған жарыс бұған дейін дәстүрлі түрде облыстағы жоғары оқу орындарының арасында ұйымдастырылып келсе, биыл алғашқы рет батыс аймақтар деңгейінде жалғасын тапты.

БҚАТУ медиа-орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале