14.02.2023, 11:45
Оқылды: 67

Жұдырықтай жұмыр жер жалғыз ғана...

Ерлан Нағымұлын біз көптен білеміз. Тіпті, оның әкесі – Нағым ақсақалды да жақсы танитынбыз. Тұла бойы тұнған шежіре Нәкең біздің газетіміздің ең жанашыр, ең елгезек оқырманы еді. Ол кісі үйінде түрлі мерзімдік басылымдардың тігіндісін мұқият жинайтын.

InShot_20230214_081823738

Мысалы, «Орал өңірі» газетінің сонау өткен ғасырдағы 40-жылдардан бермен қарай жинаған тігіндісі бар екенін еститінбіз. Мына Ерлан сол ақсақалдың баласы. Ал оның ағасы Темір Құсайынның белгілі журналист болғанын оқырмандар жақсы білетін шығар. Сонымен біздің бүгінгі әңгімеміз Ерлан жайлы. Ол – Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің түлегі. Мамандығы – биолог-эколог. Сонау бір жылдары ол Ақжайық ауданындағы М. Әуезов атындағы №2 орта мектепте мұғалім болды. Сонымен қатар оқу орны жанындағы оқу-тәжірибе учаскесінде жетекші, өсімдіктер жылыжайының зертханашысы ретінде оқушылардың ортасында жүрді. Сөйлей бастаса, жүзіне жұмсақ жымиыс жүгіретін Ерлан сол қалпынан айнымай, бізге былай дейді: «Учаскедегі жұмысты жүрексіне бастап едік. Көкөністің бірнеше түрін егіп, оқушылармен бірге бел шешпей еңбек еттік. Балалар қызығушылықпен кірісті. Осы жерде жұмыс істей жүріп, «Апама да барайын, тайлағымды да үйретейін» дегендей, оларға арасында сабаққа қатысты тақырыптарды да оқытып отырдым. Күзде әлгі учаскемізден, әсіресе, қызылшадан, сәбізден мол өнім жинап, өзіміздің мектептің асханасына тапсырдық. Араға бірер жыл түскенде оқу-тәжірибе учаскесі мен мектеп жылыжайлары арасында аудан мектептері бойынша жарыс өтті. Сонда жеңімпаз атанып, облысқа жолдама алдық. Облыстан да үздік атандық».

Ал Ерлан Нағымұлының мектептегі шәкірттерін қоршаған ортаның баға жетпес сыйлығын қадірлеуге тәрбиелеуден басқа сонау бір жылдары қолға алған тағы бір жұмыстары бар. Ол – Ақжайықтың тұмса табиғатын жан-жақты зерттеу, дәріптеу және оны қорғауға атсалысу. Ал мұндай жандар сирек-ау, сирек. Олай деп отырғанымыз, мектепте шәкірт тәрбиелей жүріп, биологиялық-экологиялық бағыттағы жаратылыстану ғылыми терминдерін қағазға түсірумен белсенді айналысты. Таратып айтсақ, Қазақ-стан және Ресейде кездесетін «Өсімдіктер, құстар, балық атауларының қазақша-орысша-латынша атаулары», «Биологиялық және экологиялық терминдердің, омыртқалы жануарлар мен омыртқасыз жәндіктер атауларының қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздіктер анықтамалығын» әліпби тәртібімен электрондық нұсқаға түсірді. Оның ішінде сирек кездесетін тіршілік иелерінің Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген түрлері айрықша көрсетілген. Терминдер негізінен орыс тіліндегі әдебиеттерде кездесетіні белгілі. Жаратылыстануға қатысты терминдерді, ең алдымен, қазақшалауға күш салды. Ол үшін соған сәйкес әдебиеттерді іздеп, біраз уақытын сарп етті. Қырыққа жуық ғылыми әдебиет, журнал мұқият оқылды, зерттелді, салыстырылды. Бұған біраз жылдары кетті. Еңбегі еш болған жоқ. Оның осы бағыттағы іс-тәжірибесін, ғылыми шығармасын, ең алдымен, Ақжайық ауданының білім ошақтарында пайдалануға шешім қабылданды. Одан әрі облыс педагогтеріне тарату ұсынылды. Солай болды да. Бұл біздің әңгімелеп отырғанымыз бұдан бес-алты жыл бұрынғы Ерланның тындырған жұмысының бірқатары ғана. Енді соңғы жылдарға келетін болсақ, Ерекең тыныш жатып алған жоқ. Тағы да бір сүбелі еңбек жазып бітірді. Сөйтіп, «Ақжайық ауданының флорасы және фаунасы бойынша атаулар энциклопедиясы» деп аталатын оқыған, түйсінген адамға берері мол ғылыми еңбек дүниеге келді. Оның үстіне бұл еңбек облыс бойынша түрен түспеген тақырыпты қозғаған тұңғыш ғылыми шығарма десек, артық бола қоймас. Тағы бір айта кетерлігі, кітаптың таныстырылымы Ерлан Нағымұлы түлеген білім ордасы Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінде өтіп, оған қатысқан елге танымал ғалымдар мен биолог-ботаниктер еңбекті жоғары бағалап, тұсауын кесті. Ақжайықтан барған қатардағы мұғалім университет ректорының қолынан алғысхат алып, марқайып оралды елге.
– Ақжайықтың табиғаты сұлу ғой, – дейді ол тағы да жұмсақ жымиып.

– Кейде армандаймын, оның өзен-көлдеріндегі шоршыған балығына, тоғайындағы аң-жануарына, аспанындағы құсына бөлек-бөлек кітап арнасам, деп. Өзім бала кезімнен табиғатты кереметтей сүйдім. Онымен оңаша қалып, ең бір жақын досымдай сырласқым, мұңдасқым келіп тұратын. Сол әдет үлкейгенде де қалған жоқ. Қазірде жұмыстан, оқу-жазудан шаршап кетсем, далаға, тоғайға, өзен-көл жағасына қыдырғанды ұнатамын. Солай істесем, кәдімгідей қуаттанып қаламын. Табиғат деген бір құдірет қой. Оның сырын біз әлі толық біліп болған жоқпыз. Менің ойымша, біз оны біле жүре, зерттей жүре оны сақтауымыз керек, бағалауымыз керек. Замандастарым менен сұрайды, бұл сала сені қалай қызықтырады деп. Мен айтамын қызықтырғаны өз алдына, Жаратқан адамзатқа сыйлаған баға жетпес осынау байлықты біз сол күйінде келер ұрпаққа қалдыруымыз керек. Мені, ең алдымен, мазалайтыны осы. Анау еңбектерім арқылы мен қоршаған ортаны әрқайсымыздың жеке үйіміздей қадірлеп, қорғауымыз керек дегім келеді. Сондықтан барлық күш-қайратымды, алған білімімді табиғатты зерттеуге арнадым. Соңғы жинағымды біраз жылдан бергі зерттеп келе жатқан еңбегімнің қорытындысы деуге әбден болады. Мұндағы жан-жануар, құс, балықтардың атауы жүйеленіп берілген. Яғни олардың түр сипаты қандай тұқымдасқа, түрге жататындығы жіктеліп көрсетіледі. Өсімдіктер де тап осылай жіктелген. Ал «Қызыл кітапқа» енген аң-құс өз алдына ерекшеленіп берілді.

* * *

Атакүлдігі Казталов өңірі болып келетін біздің кейіпкеріміз университеттен кейінгі еңбек жолын сол туған жерінде бастайды. Содан күндердің күнінде Ақжайық ауданына экологиялық бас инспектор қызметіне жолданады. Міне, осыдан ширек ғасырға жуық шамада Жұбан еліне қоныс аударған азаматтың сонау бала кездегі «ауруы» қайта қозып, өлкенің табиғатын зерттеуге басыбайлы кіріскен ғой... Нәтижесін жоғарыда айттық! Сосын тағы айта кетуіміз керек, кітап шыққан бойда кітапханаларда, саттықта сарыжамбас болып жатып қалған жоқ. Облыс мұғалімдері ғылыми еңбекті биология пәні бойынша қосымша әдістемелік құрал ретінде кеңінен пайдалануда. Қарапайым мұғалімнің оны шығаруға қалтасы көтерер ме еді, көтермес пе еді, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті болмаса?! Оның экология және тіршілік қауіпсіздігі кафедрасы зор көмегін тигізді. Өздері де терең ғалым, азаматтығы да биік, ректор Әліби Баяховқа, кафедра меңгерушісі Рашит Садықовқа Ерлан Құсайынның алғысы шексіз. Ал енді құрметті оқырман, осы арада Ерлан Құсайын ізденуден, зерттеуден, жазудан дамылдаған шығар дейсіз бе? Жоқ! «Қазақстан Республикасының флорасы бойынша өсімдіктер атауларының энциклопедиясы», «Қазақстан Республикасының фаунасы бойынша құстар атауларының энциклопедиясы», «Қазақстан Республикасының фаунасы бойынша балықтар атауларының энциклопедиясы», «Жалпы флора бойынша әліпби тәртібімен өсімдіктер атауларының сөздіктер анықтамалығы». Бұл еңбектердің барлығын Ерлан Нағымұлы қос тілде қазақша-орысша жазып шыққан. Енді осымен болған шығар дейсіз бе? Жоқ! Ерекең біздің өлкені «түгесіп», енді көрші облысқа кіріскен... Оған дәлел - «Ресей Федерациясындағы Орынбор облысының флорасы мен фаунасы бойынша өсімдіктер мен жануарлар атауларының энциклопедиясы» еңбегін осы жуырда ғана аяқтаған («Жайығымыз сол жақтан бастау алады, Орынбор біздің бірінші астанамыз ғой» дейді ол). Орыс, қазақ тілдерінде жазылған оқу-әдістемелік құрал көп ұзамай жарыққа шығар, демеуші табылып қалса?..

* * *

Апырмау, мына еңбектерді Ерекең бөксесін орындыққа «желімдеп тастап» тырп етпей отырып жазған шығар, оны басқа ештеңе қызықтырмайтын шығар, десеңіз тағы қателесіз. Ол өлкетану жұмыстарымен үзбей шұғылданады. Қазақ шежірелерін, әсіресе, жеті атаны білу, оны тарқатуды шәкірттеріне үнемі айтып отырады. Бұл бағытта да аянбай ізденіп, жазған-сызған деректері өз алдына бөлек әңгіме. Ізденгіш ұстаз қоғамдық жұмыстардың, спорттық, экологиялық шаралардың әмәнда ортасында жүреді. Жәй жүрмейді, белсене қатысады. Жасына қарамастан жүгіру, секіруден, шахмат-дойбыдан өтетін сайыстарда ылғи жеңімпаздардың көшін бастайды. Бүгінде ол зейнет жасында болғанына қарамастан, Қазақстан инновациялық-телекоммуникациялық жүйелер университетінде аға оқытушы. Жұдырықтай жұмыр жер жалғыз ғана... Ал біз, адамдар, оның асты мен үстін, аңы мен құсын, орманы мен тоғайын көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Өйткені ол келер ұрпаққа қалдыратын мәңгілік мұрамыз ғой... Бұл ұстаз-ғалым Ерлан Құсайынның өмірлік мақсат-мұраты!

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале