19.09.2024, 10:30
Оқылды: 122

«Жүктілікті жоспарлау маңызды» – дәрігер

Өткен аптада Орал қалалық №6 емханада Отбасы күніне орай «Ашық есік» күні өтті. Дәрігерлер жас жанұялар мен жүкті әйелдерге дені сау ұрпақ әкелудің басты қадамдары туралы дәріс оқыды. №6 емхананың акушер-гинекологі Әсем Сатқан отбасын жоспарлау кабинетіне күніне 30-35 әйел, 5-6 жас отбасы келіп, кеңес алатынын айтып берді.

C15C7A68-2B3E-4BA2-AB17-F38DB9A352C4

Сурет: freepik.com

– Жүктілікті жоспарлаудың негізгі мақсаты – дені сау баланы дүниеге алып келу және әйел ағзасындағы гинекологиялық аурулардың алдын алу. Осы бағытта кабинетке келген жұптардың денсаулығын физикалық тексеруден өткіземіз. Қабылдау кезінде жұбайлармен әңгімелесіп, жүктілікті жоспарлау кезінде ұстануға қажетті өмір салты туралы ақпарат беріп, анамнез (денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді) жинақтаймыз. Негізінен алғашқы жүктілікті 19-35 жасқа дейінгі әйелдер жоспарлайды. 18 жасқа дейінгі жүктілік әйел ағзасына ауырлық түсіруі мүмкін. Ал сәби көтерген 35 жастан жоғары әйелдерді біз қауіптілігі жоғары жүктілікке жатқызамыз. Бұл кабинетте жұбайлардың қазіргі денсаулығын бағалап, жүктілікке әсер етуі мүмкін факторлар туралы мәлімет береміз. Сондай-ақ анализдердің қорытындысы бойынша кейбір жұбайларға қоректік заттарды қабылдауды бастауға ұсыныс айтамыз, - деді акушер-гинеколог.

Жаңадан қосылған жас жұбайлар Наурыз Қажым мен Әсел Сабырғали отбасын жоспарлау кабинетіндегі дәрігерлерден дәріс алып жүр екен.

– Үйленгенімізге бір айдай уақыт өтті. Жұбайым екеуміз өзіміздің мекенжайымызға қарасты №6 емханадағы осы кабинетті сұрастырып келдік. Негізгі мақсатымыз – дені сау баланы дүниеге әкелу. Өзім осы қаладағы «Жедел жәрдем» стансасында фельдшер болып қызмет етемін. Денсаулық саласында жүргеніммен, білмейтінім көп екен. Дәрігерлердің кеңесімен дәрумендер қабылдап жүрміз, – деп өз ойымен бөлісті жас шаңырақ иесі Наурыз Қажым.

Ал төртінші сәбиін күтіп жүрген Салтанат Абулқайырова үш баласының дүниеге аман-есен келуіне отбасын жоспарлау кабинетінің көмегі зор болғанын айтады.

– Жасым 32-де. Бір ұлым, егіз қыздарым бар. Үлкен ұлым – 6-да, егіз қыздарым – 4-те. Алла қосса, төртінші қызым да санаулы күнде дүниеге келеді. Отбасын жоспарлау кабинетіндегі дәрігерлерден көп ақпарат алдым. Осы кабинетте өткен лекцияларға жұбайыммен бірге келіп, қатысамын. Ең маңыздысы, «Сәбиді босануға қалай дайындалып бару керек?» деген сықылды сұрақтарға жауап алдық. Өзім жеті балам болса деп армандаймын. Әр сәбиімнің аман-есен, дені сау болып, өмірге  келуіне атсалысып жүрген №6 емхана дәрігер-леріне алғысымыз шексіз, - дейді көпбалалы ана.

№6 емханаға 2023 жылы 1 159 жүкті әйел тіркеліп, 1 234 сәби дүниеге келген. Олардың қатарында егіздер, үшем бар екен. 2024 жылы 1022 жүкті әйел тіркеліп, 1 119 сәби жарық дүние есігін ашқан. Өткен жылы 1 254 жұп жүктілікті жоспарласа, биыл 811 жұп жүктілікті жоспарлап, сәби күтуге дайындалып жүр.

Жүктілікті жоспарлау – бұл отбасы өміріндегі тамаша және қызықты кезең. Дәрігердің кеңесімен жұбайымен бірге барлық қадамнан өтіп, отбасының жаңа мүшесін қуанышпен күтіп жүрген аналарға тек сәттілік тілейміз!

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале