Орал қаласындағы Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінде (ЖИТК) бітіруші түлектердің қатысуымен «Білім. Кәсібилік. Мансап» атты кездесу өтті. Іс-шарада жұмысшы мамандықтардың еңбек нарығындағы сұранысы және қоғамға қажеттілігі айтылды.
Кездесуге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов, облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Саян Баймұханов, БҚИТУ кәсіптік бағдар беру және қабылдау бөлімінің жетекші маманы Кабиулла Жанияров қатысты. Оқу орнының директоры Серік Әлімбеков іс-шара маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп атаған болатын. Өңірімізде жұмысшы мамандықтардың халық арасында беделін арттыруға арналған іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Бүгінде еңбек адамдарының әл-ауқатын көтеру мақсатында бірнеше бағдарлама дайындалып жатыр. Бұл жастардың жұмысшы мамандығына деген қызығушылығын оятып, өзі оқып жатқан салаға қатысты білімін тереңдетуге мүмкіндік береді, – деді колледж директоры Серік Әлімбеков.
Ашылғанына ширек ғасыр болған аталған колледжде бүгінде 240-қа жуық бітіруші түлек бар. Колледж даярлайтын ауыл шаруашылығы, мұнайгаз, экономика саласындағы мамандарға сұраныс басым көрінеді. Кездесу барысында облыс орталығынан шалғай жатқан аудан, ауыл немесе елді мекендерге жұмысқа барған жас маманға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар туралы айтылды. Нақтырақ тоқталсақ, олар бірреттік төлемақыға ие болып, тұрғын үймен қамтылады. «Әртүрлі салада білім алған жастар ел экономикасының дамуына үлес қосып, мемлекетіміздің өркендеуіне атсалысуы қажет. Жас мамандарды жұмыспен қамтып, қызметтегі қарқынын үдету үшін мемлекет бар жағдайды жасайды», – деді Мұрат Байсалов.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»