17.01.2023, 9:45
Оқылды: 115

Жүз жасаған Жеңіс сарбазы

Орал қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық мұражайда соғыс және еңбек ардагері Иван Гапичтің ғасырлық мерейтойына орай «Жеңіс шеруіне қатысқан жауынгер» атты көрме ашылды.

Иван Гапич

Аталған іс-шараға облыстық және Орал қалалық прокуратура қызметкерлері, майдангердің немересі Игорь Гапич, Орал жоғары аграрлық-техникалық колледжінің студенттері және музей қызметкерлері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Иван Степанович – 1945 жылы 24 маусымда Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруіне қатысқан жауынгер, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Жауынгерлік даңқ», «Құрмет» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының және «КСРО прокуратурасының құрметті қызметкері», «Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері» төсбелгілерінің  иегері.

Батырдың өнегелі өмірін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған көрмеде облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ажар Берікқалиева майдангердің сұрапыл соғыстағы ерлігі мен бейбіт күндегі жемісті еңбек жолының бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін айтты.

– Біз ерлеріміздің ерлігін қашанда дәріптеуге дайынбыз. Иван Степанович алдағы ақпан айында 100-ге толады. Соған орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бірқатар іс-шараны қолға алды. Күні кеше мектеп оқушыларына «Ерлікке тағзым» атты дәріс оқылған болатын. Осы көрмеге ардагердің өзі мұражайға тапсырған жәдігерлері мен марапаттары қойылған. Айта кетейін, қаңтар айының 24-і күні мұражайда «Отан үшін от кешкен» атты фотогалерея өтеді. Онда құрметті азаматтың соғыс жылдарындағы және еңбек жолында түскен естелік суреттер көрсетіледі, – деді Ажар Берікқалиева.

Іс-шарада өнерпаздар Ғұбайдолла Ғибашевтың «Қайдасыңдар, қаруластар?» әнін шырқап, «Төремұрат» күйін нақышына келтіріп орындады. Соғыс ардагерінің немересі Игорь Александрович көрмені ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, атасы жайлы естелігімен бөлісті. Сонымен қатар Орал қаласы прокурорының орынбасары Алмас Оңаев жауынгердің жорық жолдарын және елеулі еңбегін әңгімеледі.

– Иван Степанович прокуратура құрылымдарында 35 жылға жуық қызмет етті. Осы жылдар ішінде қызметке жаңадан қабылданған жастарды тәжірибеден өткізуге атсалысты. Ол кісінің жанқиярлық ерлік және жанкешті еңбекпен өрілген өмірі бүгінгі таңда бәрімізге үлгі-өнеге, – деді Алмас Маратұлы.

Аманжол Исламғали, 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале