7.05.2021, 11:21
Оқылды: 279

Жылы шырайлы жүздесу

Зашаған кентіндегі «Шабыт» шығармашылық орталығында еңбек ардагерлерінің қатысуымен мерекеалды жиын өтті.

 жуздесу

Қала әкімдігі қолға алған «Белсенді ұзақ өмір» жобасы аясында ұйымдастырылған аталмыш басқосуды Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев ашып, жиналғандарға ізгі тілегін білдірді. Жобада белгіленген іс-шараларға жан-жақты түсінік беріп, мұның бәрі ортамызда жүрген зейнет жасындағы аға ұрпақ өкілдерінің әр күнін қызықты өткізуге бағытталып отырған жұмыс екендігіне тоқталды. Жалпы қаламызда 317 мыңнан астам халық болса, соның 47355-і зейнеткер санатында екен. Былтыр тұрғындар арасындағы егде жастағылар үлесі 14,9 пайызды құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 20 пайызға дейін жеткізу белгіленген көрінеді.

– Ардагерлер – алтын қорымыз. Олардың көбі қазір де өз белсенділіктерімен ерекшеленіп, не қажет, не істеу керек екенін жұрттан бұрын біліп, соңынан бұқараны ерте алатын рухани басшыларға айналып отыр. Бүгінгі ат үстіндегі азаматтардың басты міндеті де сол ардақтыларымыздың ақыл-кеңесіне құлақ асып, ортақ шаруаның тінін бірге шешу. Жобаның негізгі көздеген мақсаты – өздеріңізбен әр кез тығыз байланыс ұстап, жиіжиі бастарыңызды қосып, түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды бірлесе атқару. Алдарыңыздағы экранға көз салсаңыздар, оның бәрі ай-күнімен, өтетін орындарымен көрініс тапқан. Ендігі жерде сол өздеріңіз үшін қолға алынып жатқан жұмыстардың бел ортасынан табылсаңыздар дейміз. Алдымен сіздерге тілейтініміз шалтты көңіл, ұзақ ғұмыр, - деді Ерлан Ерсайынұлы өз сөзінде.

Одан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Ысқақова қай кезде де өнегелі өмір жолын қалыптастырып келе жатқан аға буынға құрмет еш үзілмейтіндігін алдыңғы жақсы артқы жасқа бағдаршам болып қала беретінін әңгімеледі.

Өз кезегінде жиналған игі жақсылар арасынан сөз алған еңбек ардагерлері Манарбек Хайрошев пен Ольга Исаева да ақжарма алғыстарын білдіріп, сүйікті шаһарларының көркейе түскенін қалайтындарын, өздері үшін жылы сөз бен жылы қабақ жетіп жатқанын айтты. Өмір тәжірибелерін ортаға салуға, ақыл-кеңестерін айтып, шақырған ортадан табылуға әр кез дайын екендерін жеткізді.

Жиын соңында бірнеше байқаулардың жеңімпазы, жас талант Нұрәлі Өтеғалиевтің шырқаған әсем әні құлақтан кіріп, бойды алса, одан әрі ардагерлер тобы облыстық балалар ауруханасының ауласына жеміс ағаштарын отырғызуға бет алды.

 

Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале