20.07.2016, 11:33
Оқылды: 30

Төрт түліктің төресін түлетпек

Төрт түліктің Жәнібек ауданы, Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекенінің тұрғындары, ағайынды Асылбек, Нұрболат Бақтияровтардың бірлесіп «Номад-Ел» атты шаруа қожалығын құрып, жылқы шаруашылығын дамытуға  кіріскендеріне бір жыл ғана болыпты.


 

Алдымен ағайынды жігіттер аумағы ат шаптырымдай жерді бөлектеу жүйесі бойынша қоршап, оны бес бөлікке (біреуі негізгі) бөлген, яғни әр үйір  төртбөлікке бөлек-бөлек қамалады. Мұның бір жақсы жері, жылқыларды сортқа бөлуге ыңғайлы. Сонымен қатар, жылқыға дайын құрылғы арқылы тосқауыл қойып, оған таңба басуға, оның сапасын бағалауға, басқа да малдәрігерлік шараларды атқаруға әбден болады. Пішен үйетін аула да сайланып қойылыпты. Қоршаудың іргесінен жаңадан ветеринариялық қосын салынған. Екі жерге жылқылар көлеңкелейтін төбесі жабық қалқа тұрғызылыпты.

Мал ұстауға бекінгесін, бірінші кезекте, оны судан тарықтырмау керек қой. Осы мақсатта былтыр «КаспГео» ЖШС-ға құдық қаздырып, елу метр тереңдіктен тұщы судың көзі шыққан. Құдыққа мотор орнатылған, селикат таспен қоршалып, төбесі жабылған. Құдық қаздыруға кеткен шығынның сексен пайызын үкімет кері қайтарған.

Ағайынды Бақтияровтар өз қаражаттары есебінен қырық бес бас асыл тұқымды жылқы, бес бас көшім айғырын сатып алған. Оның екі үйірі көшім, қалғаны қазақы жылқылар. Әр басқа қырық мың теңгеден демеуқаржы алған.

Бүгінде жігіттердің шаруашылығында су жаңа МТЗ-80 тракторы пішен маялағышымен, шөпті шиыршықтап буатын машина, екі орақты КТУ-4 шөп шабатын агрегаты тырмасымен және қыста қар аршуға арналған Т-150 тракторы қаз-қатар тізіліп тұр. Бұл техникалардың құжаттары дайындалып тапсырылған соң, шыққан шығынның елу пайызы кері қайтарылмақ. Қолда бар осынау техникалардың күшімен қысқы кезеңге қажетті мал азығының жеткілікті қорын дайындап алу да жоспарланған. Қазіргі таңда қожалық екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ
                                                                                      Жәнібек ауданы
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале