12.08.2016, 10:06
Оқылды: 54

Қаратөбеде Еңсеп Досқалиевтің жүлдесі үшін қазақ күресінен республикалық турнир өтуде

        Қаратөбе топырағында даңқты палуан Еңсеп Досқалиевтің жүлдесі үшін қазақ күресінен екінші республикалық турнир басталды.


Ensep

     Қазақ күресі өнерінде талай белестерді бағындырып, республикамыздың тұңғыш  теңдессіз (абсолюттік) чемпионы атанған Еңсеп есімі еш ұмытылмақ емес.

        Осыдан бірнеше жыл бұрын аты алысқа кеткен Е.Досқалиевтің жүлдесі үшін ауданда облыстық деңгейде спорттық шаралар оздырылған болатын-ды.

Өткен жылы аудан әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен Еңсеп бабамыздың турнирі алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып, баба рухы ұлықталды.

Аталмыш турнирде елімізге аты мәшһүр палуандар сынға түсіп, бас жүлдеге  тігілген темір тұлпарды Айбек Нұғымаров еншілеген еді.

          Биыл екінші мәрте өткізілгелі отырған республикалық турнирге еліміздің Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан және Орал  қаласынан, сондай-ақ облысымыздың тоғыз ауданынан барлығы 135 палуан қатысып отыр.

Дүбірлі додада палуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өткізіп, жарыс көрігін қыздырмақшы.

      Турнирдің бас жүлдесін иемденіп, «түйе палуан» атанған балуанға 250 мың теңге көлемінде қомақты қаражат берілмек.

Биылғы жылғы турнирдің басты ерекшелігі – жеңімпаз-жүлдегерлерге Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атағы беріледі.

Айтулы шараға әйгілі палуан Еңсеп Досқалиевтің Алматы, Тараз қаласында тұратын ұрпақтары құрметті мейман ретінде қатысуда.

            Жарыстың алғашқы күні мандаттық комиссия отырысы оздырылып, палуандардың салмақ дәрежелерін өлшеу рәсімі жүргізілді.

Турнир қонақтары мен қатысушылар М.Мерәлиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне мәдени саяхат жасап, аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

 Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале