11.07.2016, 20:06
Оқылды: 41

«Құлпытастарды зерттеу жобасы жапондықтарды да қызықтыруда»  

құлпытастардыБұл туралы  «Жайық Пресс» медиахолдингінде өткен кездесу барысында Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, құлпытастарды зерттеу жөніндегі жоба жетекшісі Айтжан Нұрманова мәлімдеді.


- Құлпытастарды зерттеу Қазақстан ғылымындағы жаңа бағыт болып табылады. 2014 жылы «Қазақстанның киелі орындарының тарихы» жобасы бойынша Батыс Қазақстан облысына келген сапарымызда Жантас Сафуллин, Қазбек Құттымұратұлы сияқты жергілікті азаматтардың құлпытастарды зерттеу ісімен айналысып жүргеніне куә болдық. Тарихи маңызы зор бұл іске біздер, ғалымдар да, қызығушылық таныттық. Ортақ мақсат біріктірген бұл зерттеу жұмыстары Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының 2015-2017 жылдарға арналған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері - рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде)» атты ғылыми жобасы ретінде өмірге жолдама алды, - деді Айтжан Шәймерденқызы. - Өткен жылы біздің институттың профессоры Әшірбек Мүмінов бастаған ғалымдар тобы осы өңірдегі Мәулімберді, Жантөре хан қорымдарын зерттеп қайтқан еді. Аталған екі қорымның жазбалары бүгінде қорытындыланып, үш тілге аударылып қойылды. Енді жобаның биылғы кезеңіне жоспарланған жұмыстардың реті бойынша Бөкей Ордасына барып, Хан зиратындағы құлпытастардың жазбаларының материалдарын жинақтамақпыз. Содан кейін аталған жоба аясындағы үш жылғы зерттеу жұмыстарын қорытындылап, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі бір үлкен кітап етіп жарияламақпыз.

Алайда бұл жоба Батыс Қазақстанда басталғанмен, тек еліміздің ғана емес, шетелдік ғалымдардың да үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Өйткені әртүрлі халықаралық деңгейдегі конференцияларға барғанда,

шетелдерге іссапармен шыққанда біз жобамызды таныстырып, құлпытастардың суреттерін көрсетіп, жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары туралы айтып жүреміз. Бір ғана тастың бетінен біраз мәлімет алуға болатындығы шетелдік ғалымдарды таңғалдыруда. Өйткені құлпытастың бетінде тек адамның жеке басына қатысты мәліметтер ғана емес, мемлекеттік саясат та көрініс тапқан, діни, руани идеология да қашалған. Мұнан басқа қайтыс болған адамның қоғамдағы алатын орнына, статусына қарай, діни білімінің деңгейін көрсететін аят-сүрелер қашалып жазылған, жоқтау сарынды өлеңдер табылып отыр.

Астанада өткен үлкен бір конференциясында батыс Қазақстандағы құлпытастардың беттеріндегі жазбалардың ақпараттық байлығы туралы мақалалар таришылар тарапынан зор қызығушылыққа ие болды.

Жуырда профессор Әшірбек Мүмінов Жапонияға барып келді.

Жапондық қазақтанушы ғалымдар біздің зерттеу жұмыстарымызды үлкен кітап етіп басып шығаруға әріптестік ниет танытып отыр. Бұл бағытта қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде. Жапондықтар да Бөкей Орда саясатымен айналысып жүр екен. Біздің құлпытастардағы құнды деректер олардың зерттеулеріне көп көмек береді.

Өзгелерді айтпағанда, жоба аясында жұмыстану өзіміз үшін де өте қызықты. Өйткені әр тасты оқыған сайын бұған дейін ешкім білмеген жаңалықты ашып, тарих қойнауына ене түсеміз. Сондықтан осы жұмысқа білегімізді сыбанып, жан-тәнімізбен, бар ынта-жігерімізбен кірісіп жатырмыз.

www.zhaikpress.kz

Айгүл Ахметова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале