30.11.2023, 15:45
Оқылды: 24

10 желтоқсан әкім сайлауы өтеді

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 10 желтоқсан күні өтетін Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округі әкімінің сайлауына байланысты кандидаттар арасында пікірталас сайыс ұйымдастырды. 

IMG_20231130_112334_955

Айта кетейік, аталмыш ауылдық округтің әкімі лауазымына төрт адам өзінің кандидатурасын ұсынып, үшеуі тіркеуден өтті. Олар: Мирасбек Төрешов, Мәулет Мұхтаров және Максим Мұсалимов.

IMG_20231130_112325_437

Саяси дебат – ауылдық округтардағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудегі әкім лауазымына үміткерлерддің алғырлығы бағаланатын, тұрғындар сауатты сауалдарына тұшымды жауаптар алып, кандидаттар арасында шынайы бәсеке орнайтын ашық алаң. Саяси өреге, сұрақ қою мәдениетіне, өркениетті қоғам өкілдеріне тән тұжырым жасауға – бағдар-бастама. Осы мақсатта ұйымдастырылған пікірталастың алғашқы кезеңінде модератор кандидаттардың өмірбаяндарымен таныстырып, үміткерлер көпшілікке сайлауалды бағдарламаларын түсіндірді. Содан соң кандидаттар бір-біріне сауал жолдап, ауылды жарықтандыруды жалғастыру, ауыз су құбырын жүргізу, көшені қоқыстан таза ұстау сынды өзекті мәселелерді шешу туралы жоспарларымен бөлісті. Ал соңғы, үшінші кезеңде ауыл тұрғындары сауалдарын жолдап, олардың жауабына сай ертеңгі күні жүзеге асырылатын істерді бағамдады. Тұрғындардан түскен сұрақтардың қатарында ауылішілік жолдарды жөндеу, ауыл тазалығына мән беру, жайылымдық жердің жетіспеуі, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру бағытындағы түйіткілдер бар, кандидаттар аталған мәселелерді шешу мақсатында қалай жұмыстанатындарын айтты.

IMG_20231130_112417_111

Мамандар пікірінше, мұндай пікрсайыс жобасы үміткерлердің іскерлік қыры мен саяси мәдениетін, ұстанымдарын анықтауда, халықтың сайлау жүйесінің ашықтығына, әділдігіне сенімін нықтауда тиімділігін көрсетіп отыр. Саяси дебат облыстық аумақтық сайлау комиссиясының facebook ресми парақшасының тікелей эфирінен көрсетілді.

Сөз соңында айта кетер жайт, Мичурин ауылдық округіндегі тұрғындар саны 10 582 адам болса, соның 7078-і сайлаушы. 10 желтоқсан күні 6 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале