12.10.2023, 15:15
Оқылды: 25

 20 жылдан бері пайдаланып отырған желілер ауыстырылды

Бүгінде адамзат үшін маңызды дүниелер көп-ақ. Күнделікті өмірімізді алыстан жылдам хабар алғызатын байланыс жүйесі, интернетсіз елестету мүмкін емес. Ал осы салаға жауапты адамдардың қызметі туралы көп адам біле бермесі анық. Казталов ауданында байланыс торабына «Қазақтелеком» АҚ жауапты. Кезекті мақаламызды «Қазақтелеком» Казталов аудандық сервистік желісі қызметкерлерінің атқарып жүрген қызметі туралы болмақ.

IMG20231011150532

Соңғы жылдарды саралайтын болсақ, ауданымызда байланыс жүйесін күйшейіп, оптикалық талшықты байланыс желісі тартылып, интернет жылдамдығы күшейді, цифрлық теледидар іске қосылуда. Бұл да бір мемлекетімізде 2019 жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүйелі іске асуы деп білеміз.
Сонымен аудан орталығындағы «Қазақтелеком» мекемесіне бардық. Мекеме басшысы, Казталов желілік-техникалық цехының бастығы, осы мекемеде 36 жыл табан аудармастан қызмет жасап келе жатқан Жанар Сәбитқызы Абиловамен әңгімелестік.

— Біздің мекемемізде байланыс жүйесіне жауапты 12 қызметкер болса, соның 5-уі көшедегі абоненттік желілердің қалыпты жұмыс жасауын жүзеге асырып, халықты үзіліссіз байланыспен қамтамасыз етеді. Монтер жігіттердің еңбегі зор. Жылдың төрт мезігілінде далада жүреді. Олар ауа райына байланысты байланыс желілері үзілсе жалғайды, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысына қатысады. Монтерлер қатарында мекемемізде ұзақ жылдан бері қызмет жасап жүрген азаматтарымызбен бірге жас мамандарымыз да бар. Барлығы өз ісін жетік меңгерген, нағыз шеберлер. Байланыстың тоқтаусыз болуы осы жігіттердің арқасы.

Негізгі жұмысымызға келсек, жылдың басынан бастап материалдарымызды жинақтап, ағымдағы жөндеу жұмысына дайындаламыз. Бірінші кезекте байланыс желілері көп үзілетін көшелерге сараптама жасап, жоспарымызға енгіземіз. Соған қатысты желісін ауыстырамыз, жөндейміз. Біздің ауданда жердің астымен де, үстімен де жүргізілген байланыс желілері бар. Жердің астында магистральдік желілер арқылы тарату қораптарына тарайды. Тарату қораптары арқылы абоненттеріміз сапалы байланыспен қамтылады.

ed621499-b322-4fb9-817d-91b637c74a0e

Мұнымен қоса ауданымызда оптикалық талшықты байланыс желісі тартылып, мекемелерге қосылды. Оптикалық талшықты байланыс жүйесі арқылы жеке тұрғындарды да жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтыдық. Оған дейін радио толқындары арқылы интернет желісі болса, қазір оптикалық талшықты желіге ауыстырылды. Байланыс желілеріне қосылған абоненттеріміз цифрлық телевизияға да қол жеткізді. Біздің мекеме аталған байланыс желілерінің қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз етеді.

IMG-20231011-WA0023

Биыл аудан орталығындағы 20 жылдан бері пайдаланып отырған Құрманғазы, Ж.Жабаев, Б.Майлин, Қ.Жақып көшелеріндегі желілерімізді ауыстырдық. Ендігі уақытта Совет заманынан бері байланыс таратып тұрған магистральдік желілерді жаңалау қажет. Бұл жұмыс жоспарымызда бар. Міне осы салада аянбай қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегін атап өткім келеді, - деді Жанар Сәбитқызы.

Расында көбіміз байқай бермейтін «Қазақтелеком» байланыс мекемесі қызметкерлеріне артылатын жүктің салмағы ауыр. Халық игілігін көріп отырған байланыс бір мезетке тоқтаса, барымыздан айырылып қалғандай боламыз. Еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып, халықымыз үшін қызмет жасап жүрген жандардың еңбегі жемісті болсын.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале