18.08.2023, 17:15
Оқылды: 26

217 балаға көмек қажет екендігі анықталды

Жаңа оқу жылы басталар алдында жыл сайын дәстүрлі түрде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы қолға алынып, акция аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына түрлі қолдау мен көмек жасалып келеді.

WhatsApp Image 2023-08-18 at 16.54.55 (1)

Дәстүрлі қайырымдылық акциясы аясында Казталов ауданы орталығындағы Достық саябағында «Мектепке жол – шексіз жақсылық» ұранымен қайырымдылық шара өтті. Шара барысында сөз алған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жаңгереева акцияның мәні мен маңызына тоқталды.

- «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру жоспарына сәйкес, дәлелсіз себептермен мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында бала құқықтарын қорғау бойынша жауапты тұлғалар, ішкі істер бөлімі, мектептің ата-аналар комитетімен бірлесе 24 рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде ауданымызда 217 бала «Мектепке жол» акциясы аясындағы көмекті қажет ететіні анықталды. Қазіргі таңда акция аясында 139 балаға 2 миллион 237 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оның ішінде 48 балаға мектеп формасы, аяқ киім, сөмке, оқу құралдары және ақшалай көмек көрсетілді, – деді Самал Қанапияқызы.

WhatsApp Image 2023-08-18 at 16.54.55 (2)

Акция барысында жиналған ата-аналар мен оқушылар арасында «Тілек шеңбері» тренингі ұйымдастырылып, қатысушылар ашық аспан астында шеңбер жасай жиналып, бір-біріне деген ізгі ниеттері мен тілектерін жаудырды.

Акция соңында А.Оразбаева атындағы мектептің, Казталов мектеп-лицейінің және Қоныс мектебінің оқушыларына оқу құралдары мен сөмкелер берілді. Сонымен қатар саябақта «Барлығы балалар үшін» деген тақырыпта арзандатылған бағада кеңсе тауарларының жәрмеңкесі өтіп, ата-аналарға жеңіл бағада оқу құралдарын ұсынды.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале