2.07.2026, 17:15
Оқылды: 6

Бөрлі - берекесі тасыған ауыл

Қазан төңкерісіне дейін 400-дей түтіні болған Бөрлі ауылы Бөрлі ауданы өз алдына аудан болып бөлек шыққанда аудан орталығы болып бекітіледі. Табиғаты жақсы жерде орналасқан бақуатты ауыл сол кезден бастап ауданның ең үлкен ауылы болған. Аудан орталығының ауысып, орталық болып Ақсай қаласы белгіленгеніне көп болғанына қарамастан Бөрлі ауылы әлі күнге дейін ең үлкен ауыл.  Ауылдық округте 2 мектеп, 2 балабақша,  ауылдық дәрігерлік амбулатория, Мәдениет үйі,  кітапхана, спорт кешені, арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы, 1 колледж,  өрт сөндіру депосы,  2 спорт алаңы  жұмыс жасайды. Оған көп жылдық тарихы бар орман шаруашылығы мекемесін қосыңыз.  Сондай ақ, ауылда 26 дүкен, 1 наубайхана бар. 1 кондитерлік цех пен 2 кафе  халыққа қызмет көрсетеді Сонымен бірге 2 шаштараз, 1 дәріхана, 1 дөңгелек жөндеу (шиномонтаж)  сияқты көптеген кәсіпкерлік нысандар халық көңілінен шығуда. Біз бүгін осы Бөрлі ауылдық округінің әкімі Әзілхан Зарифовпен сұхбатымызды  ұсынамыз. 

Әзілхан Зарифов

- Әзілхан Уәлиханұлы, бәрі де қаржылық жағына келіп тірелетін болғандықтан, әңгімені ауылдық округтің қаржылық жағынан бастасақ?

- Бөрлі ауылдық округінің бюджеті 2026 жылға  132 138,00 мың теңгені құрап отыр.  Аудандағы ең халқы көп ауылдың бірі ретінде айтсам, бүгінгі таңда округта  3 750 адам тұрады. Округке қарасты Масайтөбе ауылында 14 адам бар. Ауыл адамдары өте еңбекқор, мемлекеттік бағдарламаларға үлкен құлшыныспен қатысады. Мәселен, «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасы бойынша 1 ада жұмысқа орналасса,  «Күміс жас»  бағдарламасы бойынша 1 дам жұмысқа тұрды. Жалпы, ақысы өленетін қоғамдық жұмысқа 11 адам тартылды. Биылғы жылы тұрақты жұмысқа орналасқандардың саны 17. «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 5 адам оқып шықты.

Бөрлі (1)

- Ауылда құрылыс жағы қалай? Нақтырақ айтқанда жұмысқа келіп жатқан мамандарды, болмаса үй жағдайы қиын тұрғындарды қамтамасыз ету жағдайы қалай?

- Аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың қолдауымен бұл жұмыс бізде жақсы қолға алынған деуге болады. 2025 жылы округте алты екі пәтерлі арендалық тұрғын үй салынып, әлеуметтік жағынан тұрмысы төмен отбасыларға берілді. Және де 2026 жылдың алғашқы жартысында аталған үйлерге Ақсай қаласынан екі отбасы көшіп барып, кірді. Осы жерде бұл тұрғын үйлердің  «Отбасы банк» АҚ –да ктұрған кезегі бойынша берілетінін айта кетейін.

- Ауылда тұрғасын «Ауыл аманаты», жобасына қатыспау мүмкін емес шығар. Өйткені, бұл негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындарына арналған жоба ғой. Сонымен бірге кәсіпкерлерге қандай қолдаулар бар?

- Ауылда кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік грант алғандар көптеп саналады. Мәселен, 2023 жылы 3 жас кәсіпкер ірі қара мал сатып алуға шағын несие алса, 6 жеке кәсіпкер «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы кәсіптерін дамытуға төмен пайызбен несие алды. Атап айтқанда,  «Сенім» ЖК Бектұрған Ә.Ғ. – 6 400 000 т., Темешева Г.И. – 6 450 000 т.,  «Мирас» ЖК Замерова Б.Х. – 8 600 000 т., «Гапотченко» ЖК Гапотченко С.В.  – 3 500 000 т.,  «Мсрян» ЖК Мсрян Н. – 3 550 000 т., «Капанов» ЖК Капанов Н.Т. – 5 450 000 т. Ал 2024 жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы 1 кәсіпкер несие алды: Утемуратова С.Е.– 9 226 812 т. Ал 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 1 кәсіпкер, Б.Беркімбаев 9 406 500 т. несие алды. Кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мен ауыл тұрғындарының табысын өтеру мақсатына бағытталған осы «Ауыл аманаты» жобасына биылғы, 2026 жылы ауылдың екі тұрғынына  жалпы сомасы  13 400 000 теңге кредит мақұлданды.  Нақтырақ айтсам,  «Иртыш» ЖК  3 000,00 мың теңгені мал шаруашылығының сүт өнімдерінің өндірісі үшін, ал  Виктория «Агро» ЖК  10 400,00 мың теңгені көкөніс өнімдерін өсіру үшін рәсімдеп отыр. Бұл бағытта алда тағы да жоспарлап отырған тұрғындар да бар.  Сондықтан бұл жұмыс жалғасын таба беретін болады.

Бөрлі (5)

- Өткен жылдардан бері су тасқыны қаупі бар ауылдардың тізіміндесіздер. Жыл сайын осы жағдайдың алдын алып, сақтық шараларын жасап отыратын шығарсыздар?

- Бұл жыл сайын атқарылатын жоспарлы жұмысымыз. 2026 жылдың көктемінде көктемгі су тасқынының алдын алу үшін су жүретін арықтар мен су өткізетін тұрбалар тазаланып, су жолдары аршылды. 1 220 тонна қар шығарылды. Бұдан басқа жергілікті тұрғындар да өз үйлерінің айналасындағы су жүретін жерлерді аршып, тазалау жұмыстарымен үнемі айналысып отырады. Сонымен бірге «Таза Қазақстан»  экологиялық акциясының шеңберінде 4 сенбілік, 50 тонна күл-қоқыс шығарылғанын да айта кетейін. Ауыл аумағында бүгінгі  күнге дейін  100-ден астам ағаш отырғызылды. Орталық саябақтағы ескерткіштер жаңартылып, 700-дей гүл отырғызылды. Айналаны жайландыру, экологиялық жағдайды жақсарту  мақсатында, нақтырақ айтқанда гүл егіп, ағаш отырғызып, сәндендіру жұмыстары үнемі  бақылауда және жыл бойына тоқтаусыз жүретін болады. Бұл жерде осы жұмыстарды ұйымдастыршы мекемелермен бірге ауыл адамдарының да қолғабысы мол. Сол үшін жерлестеріме, ауыл тұрғындарына үлкен рахметімді айта кетейін.

- «Ауыл - ел бесігі» деп жатамыз ғой. Ауылдан көшпей отырғандар негізінен ата кәсіпті жалғастырып, мал ұстап отырғандар. Еліміздің ауыл шарушылығының, яғни мал шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып отырғандар. Осы ретте мал шаруашылығы мен егін шарушылығы туралы мәліметтемен бөліссеңіз?

- Ауылдық округте өсіп-дамудың басты бағыттарының бірі ауыл шарушылығы болып қала береді. Қазіргі таңда округте 2286 ірі қара малы, 547 жылқы бар. Сондай ақ ауыл тұрғындары құс шаруашылығымен де жақсы айналысады. Бүгінде 2 198 құс бар деген де мәлімет бар. Жалпы, округте ШҚ –ның саны  . 16. 7  ЖШС жұмыс жасайды. Сондай ақ 18 ЖК мал шарушылығымен айналысады. Осыдан ақ Бөрлі ауылдық округінде мал шаруашылығының қыз-қыз қайнап жатанын білесіз. Ауылымызда ауыл шарушылығы өнімдері де егіледі. Агрофирма Батыс Ет ЖШС, Арман Даргужиевтар арпа, бидай, сұлы,тб. Ексе,  Михаил Карташов ИП «Виктория Агро» картоп, қияр,  помидор, болгарский перец и баклажан егіп, өсіруде. Сонымен бірге округте жылыжай шаруашылығымен шаруашылықпен айналысушылар көбейіп келе жатқаны қуантады.  Олар Марат Давлетьяров, Светлана Гапоченко, Данияр Зайнуллиндер.

Бөрлі (4)

- Қай уақытта да бәрі жақсы болып, жайнап тұрмайтын шығар. Алдағы уақытта шешімін табуға тиіс мәселелер бар ма округте?

- Мәселелер бар. Қазір бізде ауызсу мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Бірнеше рет жиналыстар өткізіліп, тұрғындарды ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Жобалау-сметалық құжаттары бар. Тек осы жұмысты аяғына дейін жеткізу қажет. Сонымен бірге электр қуатының жиі үзілуі де үлкен мәселе болып тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Сондықтан жақын арда бұл мәсле өз орнына келеді деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге көп-көп рахмет. Біршама мағлұматқа қанық болдық. Шаруаларыңыздың ел игілігі үшін оңынан шешілуіне тілекшіміз.

 Сұхбаттасқан  Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале