1.07.2026, 18:00
Оқылды: 7

Шыңғырлау ауданының білім бөлімі облыстық рейтингте І орын алды

2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының білім беру бөлімдерінің қызметін бағалау рейтингі жарияланып, Шыңғырлау ауданының білім беру бөлімі облыс бойынша І орынға ие болды. Жоғары нәтижеге қол жеткізген аудандық білім бөлімі 2 миллион 500 мың теңге көлеміндегі сертификатпен марапатталды.

image-30-06-26-11-16 (2)

Салтанатты шара барысында марапатты Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин табыс етті. Бұл жетістік – ауданның білім саласында жүргізілген жүйелі жұмыстың, педагогтердің кәсіби біліктілігінің, білім беру ұйымдары басшыларының тиімді басқаруының және сала қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің нақты нәтижесі.

Соңғы жылдары ауданның білім беру жүйесінде сапалы өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуын қолдау, жаңа білім беру технологияларын енгізу және оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде аудан мектептері мен педагогтері түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жоғары жетістіктерге жетіп келеді.

Бұл жетістікке аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің қосқан үлесі ерекше. Әдістемелік кабинет мамандары білім беру ұйымдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар атқаруда. Әдістемелік сүйемелдеу, тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру, инновациялық жобаларды енгізу және рейтинг көрсеткіштерін тиімді үйлестіру жоғары нәтижеге қол жеткізуге зор ықпал етті.

Биылғы рейтинг қорытындысының тағы бір ерекшелігі – бағалау жүйесінің алғаш рет жасанды интеллект технологияларының көмегімен автоматты түрде шығарылуы. Бұл бағалау үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етіп, әрбір көрсеткіштің нақты деректер негізінде саралануына мүмкіндік берді.

Шыңғырлау ауданының білім беру бөлімі соңғы екі жыл қатарынан облыстық рейтингте бірінші орын иеленіп отыр. Бұл – аудан педагогтерінің кәсіби әлеуетінің жоғары екенін және білім беру жүйесінің тұрақты даму жолына түскенін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Осы орайда аудандық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Есенов:

– Екі жыл қатарынан облыс көлемінде үздік нәтиже көрсету – бүкіл ауданның білім саласы қызметкерлерінің ортақ жетістігі. Әрине ұстаздардың тынымсыз еңбегі, білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігі, әдістемелік қызметтің жүйелі жұмысы және сала ардагерлерінің тәжірибесі тұрғаны анық. Біз алдағы уақытта да білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсетуге және жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге күш саламыз. Бұл жетістік ортақ еңбектің жемісі және ауданымыздың мақтанышы, – деп атап өтті.

Бүгінде Шыңғырлау ауданының білім саласы жаңашылдық пен сапаға негізделген даму жолын қалыптастырып келеді. Аудан мектептерінің жетістіктері, педагогтердің кәсіби табыстары мен оқушылардың жоғары нәтижелері өңірдің білім кеңістігіндегі беделін арттыра түсуде.

Шыңғырлау ауданының облыстық рейтингте көш бастауы тек бүгінгі жетістік қана емес, болашақтағы жаңа белестерге бастар маңызды қадам. Бұл – аудан ұстаздарының еңбегіне берілген жоғары баға және білім саласының жарқын келешегіне деген сенімнің айқын көрінісі.

 

Сара Әділ,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале