2.07.2026, 11:15
Оқылды: 10

«Қазіргі қазақ қандай болуы керек?» Қайырлы  күн,  қадірлі  үлкен-кіші! 

Біз  былтыр  дауылпаз  ақын  Жұбан  Молдағалиевтың  105  жылдығына  орай 7-11 сынып  оқушылары  арасында «Қазіргі  қазақ  қандай  болуы  керек?»  деген  эссе  байқауын  жариялаған  болатынбыз.  Бұл  байқауға  жиырмаға жуық  туынды  түсті.  Солардың ішінен редакция алқасы  бесеуін  мойны  озық  деп  таныды.  Осыдан бір  айдай  бұрын  біз  байқауды  ресми  түрде  қорытындыладық. Тең құрбысының  алды  болған  өрендерді Орал қаласына шақырып, оларға қаржылай сый-сияпат  ұсындық.  Жасөспірім-көкөрім ауторларымызға  ерекше әсер  сыйлаған  үшбу  салтанатты  іс-шара Қадыр  Мырза  Әли  атындағы  облыстық  әдебиет пен өнер  орталығында  өтті.  Енді  біз  бүгін  байқаудың  алды  болған  бес  эссені  «Ақыл  жастан»  деген  айдар аясында  үлкен-кішінің назарына  ұсынып  отырмыз.  Оқыңыз, ой түйіңіз, тіпті, пікіріңізді  редакцияға жолдауға да мархаббат!

Құрметпен: редакция алқасы       

1. Камила Иманғазы

Кәмила Иманғазы, №3 жалпы орта білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Жаңақала ауылы, Жаңақала ауданы

Әр заманның өз бейнесі бар. Кеше найзаның ұшымен ел қорғаған қазақ бүгін білімнің күшімен әлемге танылуы тиіс. Сондықтан «Қазіргі қазақ қандай болуы керек?» деген сұрақ мені көп ойландырады. Меніңше, бүгінгі қазақ – білімді, рухты және үнемі ізденісте  жүретін  тұлға.

Ең алдымен, қазіргі қазақ кітап оқитын адам болуы керек. Кітап – адамның ойлауын тереңдететін ең сенімді дос. Телефондағы қысқа ақпараттар адамды жылдам үйретуі мүмкін, бірақ нағыз білім кітаптан келеді.

Кітап оқыған адам сөзді дұрыс таңдайды, ойын анық жеткізеді, өзгелердің пікірін құрметтеуді үйренеді. Ұлы Абай да жастарды білімге, оқуға шақырған және ол «Артық білім кітапта» деген. Сондықтан кітап оқымай, заман көшіне ілесу мүмкін емес деп  ойлаймын.

Екіншіден, қазіргі қазақ – ұлттық рухы биік адам. Ол ана тілін құрметтеп, салт-дәстүрін сақтай білуі тиіс. Заманауи болу – өз болмысыңнан бас тарту емес. Керісінше, тамыры терең ағаш секілді, ұлттық негізі мықты адам ғана биік өседі. Бүгінгі жастар әлемдік жаңалықты меңгеріп қана қоймай, қазақы тәрбиені де ұмытпауы керек.

Үшіншіден, қазіргі қазақ жауапты әрі еңбекқор азамат болуы тиіс. Ол тек өз пайдасын ойламай, қоғамға үлес қосуды мақсат етеді. Бірі ұстаз болып шәкірт тәрбиелейді, бірі дәрігер болып адамдарға көмектеседі, енді бірі журналист болып шындықты жазады. Әр адам өз ісін адал атқарса, ел де дамиды.

Қорытындылай келе, қазіргі қазақ білімді, кітап оқитын, рухы мықты әрі жауапты тұлға болуы керек деп есептеймін. Өткенін құрметтеп, болашағын өзі қалыптастыра алатын ұрпақ қана елді алға жетелейді.

Себебі нағыз қазіргі қазақ – өз тағдырына бей-жай қарамайтын, үнемі ізденіп, жаңарып  отыратын  адам.

4. Әмір Ермеков - Казталов ауданы Жаңатаң негізгі орта мектебінің 9-сынып оқушысы

Әмір Ермеков, Жаңатаң негізгі орта мектебінің 9-сынып оқушысы, Казталов ауданы

Мен Ресеймен шекаралас ауыл мектебінде оқимын. Біздің ауыл шағын болғанымен, арманшыл жастары көп. Мен сол жастардың бірімін. Болашақта дәрігер болғым келеді. Себебі адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Осы арманыма жету үшін, мен өзіме жиі сұрақ қоямын: «Қазіргі қазақ қандай болуы керек? Біз кімбіз? Қандай қасиеттерімізбен алға шығамыз, ал қандай мінездеріміз бізді артқа тартып  тұр?»

Қазіргі қазақ, ең алдымен, білімге құштар болуы керек. Қазір заман басқа. Дамыған мемлекеттерге қарасақ, олардың күші – табиғи байлықта емес, адам капиталында. Мысалы, Жапония табиғи ресурстарға бай емес, бірақ олар білім мен еңбек арқылы әлемді мойындатты. Германияда тәртіп пен жауапкершілік бірінші орында. Оңтүстік Кәрістің жастары күні-түні еңбектеніп, ғылым мен технологияны дамытып отыр. Ал бізде «Бәрі Алланың қолында» деп, әрекетсіз отыра беретіндер бар. Иә, Аллаға сену керек, бірақ еңбек  етпей,  нәтиже  күтудің  өзі  –  қателік.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі» деген болатын. Егер біз білімге салғырт қарасақ, болашағымыз да бұлыңғыр болады. Қазіргі қазақ баласы тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, қосымша кітап оқып, әлемде не болып жатқанын біліп отыруы керек. Ғаламторды тек ойын мен бос уақытқа емес, даму құралына айналдырған  жөн.

Мен болашақта дәрігер болғым келеді. Ал дәрігер болу – тек диплом алу емес. Бұл – үлкен жауапкершілік. Дамыған елдерде дәрігерлер өмір бойы оқиды, жаңа технологияларды меңгереді.

Ал бізде кейде «оқуды бітірсем болды» деген түсінік бар. Қазіргі қазақ осындай тоқмейілсуден арылуы керек.

Қазақ халқы тойшыл халық екені рас. Қуанышты бөліскен дұрыс, бірақ кейде шамадан тыс шашпалық байқалады. Қарызға кіріп той жасау, бірнеше күн ішіп-жеп, кейін соның салдарын тарту – бұл дұрыс емес. Дамыған елдерде адамдар тойды да жоспармен өткізеді. Ал бізде «елден қалмайық» деген жалған намыс бар. Осы мінез бізді тежеп отыр. Қазіргі қазақ ақшаны дұрыс жұмсай білетін, үнемшіл, есепшіл болуы керек.

Тағы бір кемшілігіміз – мақтаншақтық. Кейде қолымызда жоқ нәрсені бардай көрсетіп, сырт көзге жақсы көрінуге тырысамыз. Әлеуметтік желіде бәрі бақытты, бәрі бай сияқты. Ал шын мәнінде ішкі жағдайымыз басқаша. Абай атамыз: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деп бекер айтпаған. Қазіргі қазақ ішкі мәдениетке, рухани байлыққа көбірек мән беруі керек.

Жалқаулық – ең қауіпті жауымыз. Кейде жастардың өзінен «оқығым келмейді», «ауылда жұмыс жоқ» деген сөздерді естиміз. Бірақ жұмыс жоқ емес, еңбек етуге ниет жоқ. Дамыған елдерде жастар кез келген жұмыстан қашпайды. Себебі олар еңбектің қадірін біледі. Қазақ та осы түсінікке келуі керек. Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзі бүгінгі күнге де дәл келеді.

Қазіргі қазақтың – жауапкершілігі жоғары болу керек. Өз ісіне, өз сөзіне, өз болашағына жауап беретін адам ғана дамиды. Біз кейде барлық кінәні билікке, қоғамға, басқа адамдарға арта саламыз. Бірақ өзгеріс өзімізден басталуы керек. Президентіміздің «Әр азамат ел дамуына өз үлесін қосуы тиіс» деген сөзі осыны дәлелдейді.

Мен Жаңатаң ауылына сол ауылдың халқының қолдауымен, яғни үй алып берген соң отбасымызбен көшіп келдік. Әкем шаруа қожалығында малшы, ал анам шағын орталықта кіші қызметкер болып жұмыс жасайды. Сол ауылдың мектебінде білім алып, шыңдалып келемін. Ауылда өмір сүру оңай емес, бірақ ол мені ширатады. Ауыл баласы еңбекке жақын, өмірді ерте түсінеді. Қазіргі қазақ ауылда да, қалада да заманға сай ойлайтын, бірақ ұлттық болмысын сақтайтын адам болуы керек. Тілін, дінін, дәстүрін  құр сөзбен емес, іспен дәлелдеуі тиіс.

Қазақ – қонақжай халық, бұл – біздің жақсы қасиетіміз. Бірақ қонақжайлықты ысырапшылдықпен шатастырмау керек. Дамыған елдерде адамдар қарапайым өмір сүреді, бірақ сапалы өмір  сүреді. Бізге де сапаға  ұмтылу  қажет.

Қазіргі қазақ сын қабылдай білетін қазақ болуы керек. Кемшілігімізді айтқан адамды жау көрмей, одан сабақ алуымыз қажет. Өйткені даму қателікті  мойындаудан басталады.

Мен болашақ дәрігер ретінде елге пайдалы болғым келеді. Адам өмірін сақтап қалу – менің арманым. Ол үшін мен тек жақсы маман ғана емес, ең алдымен жақсы адам болуым керек. Қазіргі қазақ та дәл солай: тек сөзбен емес, ісімен елге  қызмет  ететін адам болуы  тиіс.

Қорытындылай келе, қазіргі қазақ білімді, еңбекқор, жауапкершілігі мол, үнемшіл, мақтаннан аулақ, жалқаулықтан арылған, дамыған елдерден үлгі алып, бірақ өз ұлттық болмысын сақтай білетін тұлға болуы тиіс. Сонда ғана біз шын мәнін де дамыған мемлекеттердің қатарына қосыла аламыз. Мен соған сенемін және сол жолда  еңбек  етуге  дайынмын.

DSC07893

Диана Камидуллина, Есенсай жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы, Ақжайық  ауданы

«Қазіргі қазақ қандай болуы керек?» деген сұрақ – жай ойтолғау емес, ел дамуының бағытын айқындайтын философиялық мәселе. Бүгінгі қазақ – сан ғасырлық жылдық  рухани  мұраның иесі әрі болашаққа бағдар ұстайтын жаңашыл  тұлға.

Көшпенділердің көкжиегіндей кең ойлы, сайын даласындай дархан мінезді қазақ халқы бүгін жаңа дәуірдің табалдырығында тұр.

Қазақтың  тілі – оның жаны.

Тілінен айырылған халық «тамыры суалған бәйшешек» секілді солып  қалады.

Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін!»  деп айтқанда, жастардың тілді қадірлейтінін, ұлттық рухты асқақтататынын меңзеген еді. Қазіргі қазақ «ана тілін ардақтайтын, бірақ өзге тілдің де қазынасынан су ішетін» болуы керек. Ана тілінде сөйлеуден қысылған жан – болмысынан қашқан жан. Ал бірнеше  тілді меңгеру - бұл өзіңді байыту, дүниенің  есігін  кең  ашу  деп ойлаймын.

Біріншіден, қазіргі қазақ рухани биік болуы керек.

Рухы мықты адам ғана заманның дауылына шайқалмайды. Ол Абайдың сөзін санасына шам, Шәкәрімнің ұстанымын жүрегіне таразы етеді. Тектілік – мінезінде, парасат – әрекетінде  көрінетін азамат. Өзіне де, өзгеге де әділ. Себебі әділетсіз адамнан ұлтқа пайда  жоқ.

Екіншіден, қазіргі қазақ білімді және ізденімпаз болуы тиіс. Ғалам күн сайын өзгеріп  жатқанда бір орында тұру – артта қалу. Білім – бүгінгі заманда ұлттың қаруы, елдің қуаты. Біздің бабаларымыз елді найзамен қорғаған болса, бүгінгі қазақ елді біліммен қорғауы қажет. Қазақ жастары ғылымды меңгерсе, технологияны   игерсе, әлемдік  бәсекеде  ешкімге есе жібермейді.

Қазіргі қазақ еңбекқор болуы керек. Еңбексіз өскен ұрпаққа биік мақсат, үлкен нәтиже бұйырмайды. «Еңбек етсең емерсің» деген бір ауыз сөздің ішінде ұлтты ұйытқан ғұмырлық ұстаным бар. Бүгінгі қазақ арманын еңбегімен дәлелдеуі тиіс: қарапайым  ісінен үлкен нәтиже шығаратын табанды, қажырлы тұлға болуы шарт.

Үшіншіден, қазіргі қазақ ұлтын сүйетін, бірақ әлемге ашық болуы тиіс. Жаһандық дәуірде өзіңді ғана тану жеткіліксіз, өзгеге де өзіңді таныта білу маңызды. Қазақ өз тамырын терең біліп, дәстүрін қадірлеп, сонымен бірге әлем мәдениетімен тіл табысатын, көптілді, кең ойлайтын, заманауи   көзқарасты азамат болуы тиіс. Өзін  өзгеден биік санамайтын, бірақ ешкімнен  төмен көрмейтін сабырлы да саналы тұлға – бүгінгі  қазақтың  бейнесі.

Төртіншіден, қазіргі қазақ бірлікте болуы керек.

Ағайын арасындағы татулық, қоғамдағы ауызбіршілік – елді алға сүйрейтін күш. Бірлігі бар халық қашан да биіктен көрінеді.

Жаулық емес, жақсылыққа   жұмылған ел ғана жаңғырады, дамиды  деп ойлаймын.  Елін сүйген қазақ – нағыз қазақ. Патриот болу – құрсақ тоқтық емес, жүрек ісі. Төле би «Жер дауы – ел дауы, ел дауы – ер дауы» дейді. Елдің жайына немқұрайлы қарау – өз үйіңді өртке тастап кеткенмен бірдей. Қазіргі қазақ «елім» деп соққан жүректі, әділетсіздікке көз жұмбайтын, қоғамға пайдасын  тигізе  білетін азамат болуы  тиіс.

Қорытындылай келе, қазіргі қазақ – бір қолымен өткеннің шырағын ұстап, бір қолымен болашақтың есігін  ашатын тұлға. Тамыры тереңге кеткен бәйтеректей, ол дәуірлер дауылына майыса бермейді. Жүрегінде Абайдың ар ілімі, тілінде Мағжанның үміті, санасында бүгінгі әлемнің жаңалығы қатар тоғысып тұрған жан – нағыз заманауи қазақтың бейнесі. Ол – өз тарихын арқау, білімін қару, тілін намыс, еңбегін серт еткен  азамат. Осындай  қазақтың  бірі мен боламын!

2. Кеңес Абылай - Бәйтерек аудандық білім беру бөлімінің Қ. Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 8- сынып оқушысы

Кеңес Абылай Қ. Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің  8-сынып оқушысы, Бәйтерек  ауданы

Қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлғалардың бірі – Жұбан Молдағалиев. Ол «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп, тұтас бір халықтың болмысын  бір-ақ  ауыз  сөзге сыйдырды.

Қазақ халқы – тарих сахнасында талай сын мен сүрінуді бастан кешірсе де, рухы сынбаған, намысын жерге жықпаған ел. Бүгінгі ұрпақ – осы ұлы халықтың ізін жалғаушы, болашақтың қабырғасын қалаушы. Ендеше, «Қазіргі қазақ қандай болуы керек?» деген cұрақ – ел тағдырына бей-жай қарамайтын әр азаматтың ойына оралатын өзекті мәселе.

Біріншіден, қазіргі қазақ білімді, парасатты, ұлттық болмысты жоғалтпай, жаһандық заман көшіне ілесетін тұлға болуы тиіс. Бүгінгі әлем – технология, ақпарат және зияткерлік бәсекенің заманы. Сондықтан қазіргі қазақ жастары білім алуға, кәсіп игеруге, жаңашыл болуға ұмтылуы керек. Алайда батысқа еліктеп, ұлт тамырынан, рухани құндылықтан ажырап қалмауы қажет.

Екіншіден, қазіргі қазақ отбасына берік, салт-дәстүрге құрметпен қарайтын, сөзінің салмағы бар, ұрпағына өнеге болатын тұлға болуы керек. Бүгінгі таңда жастардың арасында ұлттық тіл мен діннен алыстау, интернет пен шетел мәдениетіне тәуелділік сынды мәселелер алаңдатады. Қазақ – батыр халық, ар-ұятты бәрінен биік қоятын ел. Сол қасиет бүгінгі ұрпақтың бойында сақталуы керек.

Үшіншіден, қазіргі қазақ заман көшінен қалмайтын, тамырынан ажырамайтын, болашаққа берік көзбен қарайтын тұлға болуы керек. Тарихқа көз жүгіртсек, батыр да, ақын да, дана да қазақтың даласынан шыққан. Ал қазіргі ұрпақ – сол өткеннің мұрагері, ертеңгі күннің иесі. Ұлттық болмысын жоғалтпай, ғылым мен технологияның көшіне ілесе алатын, саналы әрі сапалы ұрпақ – бүгінгі заман талабы.

Өкінішке қарай, бүгінде ана тілінде сөйлеуден қысылатын, ұлттық құндылықты архаизм деп қабылдайтын, интернеттен өнеге емес, даңғаза алатын жастар көбейіп барады. Бұл – қоғамның, тәрбиенің, отбасылық жауапкершіліктің осалдығы. Қазақ болу – тек атаңның аты емес, қазақ болу – ұлтқа деген парыз. Тіліміз мен дінімізді сақтап қаламыз десек, ертеңгі күнге бүгіннен дайын болу керекпіз. «Тіліңді сүй, дініңді ұмытпа, қазақтың рухын құлатпа!» деген ұстаным әр қазақ баласының жүрегінде тұруы тиіс. Сонымен қатар қазіргі қазақ еңбекқор, өнертапқыш, кәсіпке бейім, табиғатқа жанашыр болуы керек. Ұлт болашағы – тек саясат пен ғылымда емес, қарапайым еңбек адамының да үлесінде. Жаһандану заманында ұлттық кодты сақтап қалу – ақылды, парасатты, білімді қазақтың міндеті. Ол үшін бізге ұлағатты ұстаз, адал шенеунік, іскер кәсіпкер, мықты дәрігер, батыл сарбаз керек. Яғни әр салада қазақ болмысын айқын көрсететін тұлға керек. Білім мен парасат бүгінгі қазақ жастарының басты қаруы болуы тиіс!

5. Гаухар Мағзомова - Бәйтерек аудандық білім бөліміне қарасты Қ. Аманжолов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы

Гауһар Мағзомова, Қ. Аманжолов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы, Бәйтерек ауданы

...Әлқисса, «Қазіргі қазақ қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

Алдымен ойға оралып отырғаны – Қадыр Мырза Әли атамыздың қазақ осы деп басталатын «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» өлеңі. Салт-дәстүрін, әдебі мен әдетін, мінезі мен мәрт көңілін өлеңмен өріп шынайы жеткізгеніне қайран қаласың. Одан өзге «Бір жақсы, бір жаман» өлеңінде де ақын қазаққа ғана тән еш ұлтта қайталанбайтын болмысын өз қазағына мойындатты. Жұбан ақынның жүрегін жарып шыққан «Мен – қазақпын!» деген жыры тыңдаушысын бірінші рет тыңдап тұрғандай күйге түсіріп жіберетін құдіреті бар. Бірақ бұл – біздің аталарымыз заманындағы қазақтың қандай болғанын жеткізген поэзияның күші. Одан әрі ойымды сабақтасам, бүгінгі қазақтың бейнесі, ең алдымен, біліммен өлшенеді. Қазіргі қоғамда табыстың, дамудың, тіпті қауіп-сіздіктің өзі біліммен тікелей байланысты. Адам үнемі ізденіп, технологияны меңгеріп, тіл білу арқылы өзін ғана дамытып қоймайды, елдің өркендеуіне де үлес қосады. Бүгінгі жастардың халықаралық олимпиадаларда, ғылым мен өнерде жетістіктерге жетуі – қазіргі қазақтың алға ұмтылғанының бір көрінісі. Мұның өзінен-ақ білімді болу бүгінгі азаматтың ең басты қасиеттерінің бірі болуы керектігі түсінікті. Сөзіме дәлел болатын мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің түкпір-түкпірінде білім іздеп, мұхит асып оқып жүрген жастарды айта аламын. Десек те, қазіргі қазақ өз тамырын да ұмытпауы тиіс. Жаһандану заманында барлығы өзгеріп жатқанымен, ұлттық тәрбие, тіл, дәстүр – адамды адам ететін рухани тіректер. Бала үлкенге сәлем беріп, ата-анаға құрмет көрсетсе, ол тек әдеп сақтау емес, ұлттық болмысты жалғау. Қазақтың бауырмалдылығы, қонақжайлығы, қайырымдылығы бүгінде де қоғамдағыларды біріктіріп, адамгершілікке бастайды. Бұл қасиеттер жоғалмаса, ұлтымыздың да жоғалмайтыны  анық.

Сондай-ақ қазіргі қазаққа жауапкершілік пен елге деген сүйіспеншілік ауадай қажет. Патриотизм – тек салтанатты сөз емес, ол күнделікті әрекеттен көрінеді: табиғатты құрметтеу, заңды бұзбау, адал еңбек ету, қоғамға пайдалы болу. Көк туымызды биікте абыроймен желбіретіп, ел болашағына үлес қосу. Әр адамның кішкентай ғана дұрыс қадамы үлкен өзгерістерге жол ашады. Осындай қарапайым, бірақ маңызды әрекеттер қазіргі қазақтың сапасын айқындайды.

Сөз соңында, заманауи қазақ жаңа идеяға ашық, жаңалықтан қорықпайтын, өзгерістерге тез бейімделетін тұлға болуы керек. Себебі әлем дамып жатыр, ал дамудан қалған халықтың болашағы бұлыңғыр. Жас кәсіпкерлердің көбейіп, жаңа жобалардың өмірге келуі қазақ қоғамының жаңашыл бағытқа бет алғанын көрсетеді. Осылайша «Қазіргі қазақ қандай болуы керек?» деген сұрақтың жауабы білімді, рухани бай, ұлттық құндылықты қадірлейтін, жауапкершілігі жоғары және жаңашыл азамат  болғаны  дұрыс.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале