1.03.2021, 12:03
Оқылды: 80

430 саулықтан 524 қозы алған шопан

Жәнібек ауданында өз заманында табаны тастан таймаған тарланбоздай жан аямай жұмыс істеген қарапайым еңбек адамдары аз болмады. Негізінен біздің аймақта топ жарып, омырауына медаль таққандардың басым көпшілігі шопан екен.

шоп2

Бірде редакциямызға Ақоба ауылының ақсақалдар ұйымының төрағасы Мұрат Мұханбетқалиев хабарласып, ауыл шаруашылығы саласының ақтаңгері Төлеш Әбдірахманов туралы ұлы соғыс ардагері, ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеген ұстаз Құрманғали Төлешұлының әкесі туралы естелік жазылған бір парақ жазбасын берді. Расында осы күнге дейін аға шопан туралы газет беттерінде жазылмаған екен. Еңбек Ері туралы дереккөздер де аз. Адамды еңбекке тәрбиелеу, атқарған еңбегіне байланысты құрмет көрсету кейінгі жас ұрпақты адал кәсіпке баулитын тетік. Бүгінде Жәнібек ауылында Т.Әбдірахманов атындағы көше бар. Алайда кейінгі ұрпақтың көбі бұл есім өз заманында сәулесі мол жарық жұлдыз болғанын білмейді.

Төлеш Әбдірахманов 1878 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. 1929 жылдан бастап сол кездегі Сталин атындағы колхозда шопан, аға шопан болып еңбек етеді. Ол өзінің сүйікті ісіне қыруар-күш-қуатын және шеберлігін салды. Сонау 1947 жылы 430 саулықтан 524 қозы алып, елге танылады. Құрманғали Төлешов әкесі туралы естелігінде: «Мен 1932 жылы оқуға кеттім. Содан кейін әскерде борышымды өтедім. Одан соң сұрапыл соғыс басталып, ел қорғауға майданға аттандым. Әкем тұңғыш ұлы Зейнетқалидың қолында болды. Кейін ағам Зейнетқали да соғысқа аттанып, хабарсыз кетті. Әке жолын үйдің кенжесі Бисенғали інім жалғастырды. Қазіргі Волгоград облысы, Палласовка ауданы, Эльтон совхозының №2 бөлімшесінде аға шопан болды. Кейін 1991 жылы өмірден өтті», - дейді.

Төлеш Әбдірахманов 1929-1935 жылға дейін Социализм, Молотов колхозында әртүрлі жұмыстар атқарған. Ал 1935-1955 жылдар аралығында Ақоба советіндегі Сталин, Молотов колхозында шопан, аға шопан, қой бөлімшесінің меңгерушісі болады. Әлі күнге дейін Ақоба ауылының ақсақалдары Төлеш ата туралы тамсана айтып отырады. Еңбек десе жанын аямаған шопан 1935 жылы Ақоба советіне басқа жақтан 200 қой алдырып, бағады. Кейін 200 қойдың санын 6000-8000-ға жеткізеді. Ұзақ жылғы ерен еңбегі және үздік көрсеткіштері үшін Төлеш Әбдірахмановқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 23 шілдедегі Жарлығымен  «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді.

Ұлы әкесі Құрманғали Төлешұлы туралы естелігінде шопан болу дегенің әләуләйліміңді айтып, алдыңғы қойды қыр асырып жайып келу емес екенін жазады.

«Сақпан ең ауыр кезең болатын. Мыңдаған бас қойды төлдету нағыз еңбек майданы деуге болады. Ол уақытта қой төлдегенде сахманшы, көмекшілер болған жоқ. Сол себепті қой төлдету кезінде кемпірі Әйшекен, 11-13 жастағы оқушы ұл мен қызы қосылып, төртеуі жұмыс істеген. Әр күні ақтүтек боран, сақылдаған сары аяз. Ақ боранмен алысып жүріп, 4-5 шақырым жерден өгіз шанамен шөп тасыған. Жазда 7-8 метр тереңдіктегі құдықтан құлаштап су тартып, отарды суарған. Қысы-жазы Ақобаның шығыс бетіндегі Кенжеғали, Мұқат, Сарымаштақ, Қарағаш, Ақбидайын, Мәңгүр, Бояулы, Ащыөзенде қой бақты. Сөйтіп әкем бастапқы баққан 200 қойы 20 отарға жеткізген», - дейді.

шоп 1

Адал еңбек қай кезде болсын, адамның мерейін үстем етеді. Қой шаруашылығын ширатып отырған шопан сол кездегі жергілікті аудандық кеңестің депутаты, аудандық халық сотының заседателі болып қызмет атқарады. Өкінішітісі, Еңбек Ері 1958 жылы екі көзінен қатар айырылады. Дәрігерлік қорытынды: «Көзге ащы тер төгілген».

Әкесі туралы естелікті 1987 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері, зейнеткер ұстаз ұлы Құрманғали қағаз бетіне түсіреді. Құрманғалидың ұлы Ғарифолла атасы туралы естелікті сақтап қойған екен. Қазіргі таңда Төлеш атаның ұрпақтары Жәнібек, Сайхын, Орал, Алматы, көршілес Ресей Федерациясының Волгоград облысында тұрады.

Біздің ата-әжелеріміз еңбек етуді ауылдағы алдыңғы толқыннан үйренді. Солардың ішіндегі алдынан жұмыс үркіп отыратын адамдар туралы жиі айтып отыратын. Қазір мұндай адамдар жоқтың қасы. Еңбекқор ұлт болудың, жұртты осы жолға жұмылдырудың басты қадамы – алдыңғы буынның айрықша еңбегін ешқашан ұмыт қалдырмау. Сондықтан да Төлеш Әбдірахмановтың есімі ешқашан ұмытылмау керек.

 

Ә.Қуанғалиева,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале