28.10.2022, 9:46
Оқылды: 21

730-баспананың кілтін табыстады

«Харекет» қайырымдылық қорының директоры Демежан Шынболатұлы Жәнібек ауданына 730-баспананың кілтін табыстады. Оған Жәнібек ауылының тұрғыны, баспанаға мұқтаж, көпбалалы, жалғызбасты ана Жазира Ажмұханова ие болды.

WhatsApp Image 2022-10-28 at 09.16.51
«Харекет» қайырымдылық қоры Жәнібек ауданынан бір отбасын үйлі қылу мақсатында ауданымыздың жас кәсіпкері, қайырымдылыққа жаны жақын, ерікті Перизат Ерболатқызына хабарласады. Ол өз кезегінде аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Миранбек Ибатовқа жолығып, сол кісінің нұсқауымен Жазираның жағдайын көрсетіп бейнежазба түсіріп, «Харекет» қайырымдылық қорының өкілдеріне жібереді.
-Қайырымды жандардың арқасында, бүгін, міне, бір отбасы үйлі болып жатыр. Өз шаңырағында, жылы ұясында оянған балапандардың бақытты күлкісі мен жаны жабырқаған ананың қуанышты жүзін көріп қуанып тұрмын, - деді Перизат Ерболатқызы.
Ж.Ажмұханова қоныстойына садақа беріп, Құран бағыштады. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Абдолова, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Мөлдір Әбдірешева, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Миранбек Ибатов құтты болсын айтып, үйге соңғы үлгідегі ыдыс-аяқты сыйға тартты.
Өз кезегінде Жазира Ажмұханова «Харекет» қайырымдылық қорына, оның директоры Демежан Шынболатұлына аналық шынайы алғысын білдіріп, қуаныштан көзіне жас алды. Ағайын-туыс, көрші-көлем көпбалалы ананың қуанышына ортақтасып, қоныстойын тойлауға атсалысты.

Лаура Қайратқызы,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале