14.01.2022, 9:59
Оқылды: 8

Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан

Менің ұлым Арафат Орынғали Орал политехникалық колледжінде электр және электр механикалық жабдықтар мамандығы бойынша II курста оқиды. Өткен оқу жылында студенттер қашықтан оқығандықтан, бір-бірімен етене араласа алмай, қиналып қалды.

2

Биылғы оқу жылында балаларымыз дәстүрлі білім алатынын білгенде, бәріміз де қатты қуандық. Колледжде түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып, тақырыптық, топтық сағаттарға ата-аналар шақырылып, қатысып жүр.

Жақында колледжде «Менің құқықтарым мен міндеттерім» атты тәрбиелік мәні зор тәрбие сағаты болды. «Есім алуға құқықтарың бар ма?» деген ой қозғау сұрағымен басталған сабақта ең алғашқы құжат – туу  туралы куәлікте қандай мәлімет жазылатындығы туралы түсінік берілді. Әрі қарай тәрбие сағаты «Сенің құқықтарың», «Ойды аяқта...», «Менің құқықтарым мен міндеттерім» ойыны, «Заңгер кеңесі», «Халық ертегісі ізімен...» бөлімдерімен жалғасын тапты. Бұл сабаққа студенттер топқа бөлініп, сабаққа  қызығушылықпен қатысты.

Электр және электр механикалық жабдықтар мамандығының топ жетекшісі Маржан  Бейлова – көп жылғы тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз, ал өндірістік оқыту шебері Самат Аханов –  білімді жас маман. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» деп ұлы Абай айтқандай, еліміздің болашағы – жас ұрпақты азаматтық парасаты биік, рухани адамгершілік ұстанымы берік тұлға ретінде қалыптастыруда ұстаздарының еңбегі зор. Мұғалімнің беделі – қоғамның беделі деген рас. Сондықтан ұл-қызымыздың ұстаздарының студенттерге  сапалы білім, саналы тәрбие берудегі еңбегін  жоғары  бағалаймыз.

Сағида Сәрсенғалиева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале