14.07.2021, 16:51
Оқылды: 50

Ай соңында әкім сайлауы...

Мемлекет басшысы өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында (бұдан әрі-Мемлекет басшысының Жолдауы) ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігін айтты. Осыған орай заң жобасы әзірленіп, 2021 жылдың 24 мамырында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлыққа қол қойылды. Осыған сай енді ауылдық округтердің әкімі тұрғындардың дауыс беруімен сайланбақ. Маңызды саяси науқанға ауданда дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде? Әкімдікке таласы бар азаматтар қандай талаптарға сай болу керек? Осы және өзге де жауаптарға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Салауат Аймұқашев жауап береді.

4477CE18-F31D-42E4-B25F-7DC69A5A5F62

– Бұл саяси науқанның өзгелерден ерекшелігі қандай?

– Ең басты ерекшелігі, әрине, округті басқаратын басшыны сол ауыл-елдімекен тұрғындарының өздері таңдайтынында.  Бұл лауазымға кандидаттың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ әкімдікке саяси партиялар өз қатарынан кандидатты ұсына алады. Әкім болғысы келетін азаматтарға біршама талап қойылып отыр. Үміткердің жасы 25-тен кем болмауы керек. Аталған лауазымға біліктілігі, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жалпы талаптарға сай болуы тиіс. Жоғары білімінің де болуы шарт. Басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшiлiгi жақтап, дауыс берген кандидаттар әкім қызметіне тағайындалады.

Ақжайық аудандық аумақтық сайлау комиссиясы биыл Бударин, Сарытоғай және Тайпақ ауылдық округтері бойынша әкімдерді сайлау науқанына қызу кірісті.  Осыған орай аудандық сайлау комиссиясы өз шешімімен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын 2021 жылғы 25 шілдеге тағайындады. Күнтізбелік және  медиа-жоспар бекітіліп, сайлау округтерінің тізімі, шекаралары және аудандық аумақтық сайлау комиссиясының және учаскелік сайлау комиссияларының орналасқан жері, құрамы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Тағайындалған ауылдық округ әкімдерінің сайлау науқанына Бударин ауылдық округінен құрамында 15 мүше бар 3 сайлау учаскесі, Тайпақ ауылдық округінен 24 мүшесі бар 4 сайлау учаскесі, Сарытоғай ауылдық округінен 10 мүшесі бар 2 сайлау учаскесі жұмысқа кірісті. Сонымен қатар әр сайлау учаскелерінің құрамына 2 адамнан резерв жасағы жасалды.

– Сайлау комиссияларының жұмысы туралы толығырақ айта кетсеңіз.

– Әрине, мұндай маңызды шараны өткізу үшін комиссия мүшелерінің біліктілігін арттырған жөн. Сондықтан Орал қаласында өткен «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізу туралы» семинар-кеңеске аудандық сайлау комиссиясының өкілдері мен учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары қатысып, сертификат иеленді. Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында Бударин және Тайпақ ауылдарында көшпелі  оқыту-семинары  өткізілді.

Қазіргі таңда №4 Коловертное сайлау учаскесінен өзгелерінде телефон, интернет желісі қолжетімді. Осыған орай сайлау күні учаскелік сайлау комиссияларында үздіксіз байланысты қамтамасыз етуін сұрап, «Қазақтелеком» АҚ-на хат жолданды.

Сонымен қатар сайлау учаскелерінде барлық дауыс берушілерге өз таңдауларын жасау үшін толық мүмкіндіктердің болуы да басты назарда. Атап айтар болсақ, тірек-қозғалыс аппараты функциялары бұзылған, соның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын сайлаушылардың дауыс беретін орынға емін-еркін кіруі ескерілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған мониторлы компьютер (диагоналі кемінде 54 см), құлаққаптар, Брайль қарпінде орындалған сайлау туралы ақпараты бар арнайы папка, қосымша жарықтандыру, лупалармен қамтамасыз етілуі қарастырылды. Сайлау өтетін ауылдық округтегі сайлау учаскелерінде барлығы 63 мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар (Бударин а/о бойынша-6, Сарытоғай а/о бойынша- 4, Тайпақ а/о бойынша- 53).

– Осымен екінші жыл бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы бұл науқанға да өз әсерін тигізері анық. Халықтың арасында инфекцияның таралуының алдын алу бойынша қандай қам-қарекет жасалуда?

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде Covid-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі шаралар туралы 2021 жылғы 25 маусымдағы №29 бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы шықты. Ол сайлау өтетін барлық учаскелерге жіберіліп, талаптардың  бұлжытпай орындалуын қадағалап отырамыз. Бүгінгі таңға комиссия мүшелерінің 39-ында вакцинация сертификаты бар болса, 12 адам денсаулығына байланысты екпе алмаған. Қалған бесеуі жуық арада өзгелерге қауіпсіздік тудырмау үшін вакцина қабылдайды. Сонымен қатар сайлау учаскелері бірреттік қорғаныс құралдары, қашықтан дене қызуын өлшейтін құрылғылар, зарарсыздандыратын сұйықтық, төсемшелермен, өзге де қажет құрылғылармен қамтамасыз етілді.

– Үміткерлердің тіркелуі, үгіт насихат жұмыстары туралы біраз ақпарат беріп өтсеңіз.

– Ауылдық округ әкіміне кандидаттар ұсыну 27 маусымнан басталды. Мерзімі аяқталғанша аудан бойынша барлық тілек білдірген үміткерлер тіркелді. Толығырақ айтсақ, 9 үміткер құжаттарын тапсырып, арнайы тексерістен өтті.  Соның ішінде «Nur Otan» саяси партиясынан 3 үміткер, «Ауыл» саяси партиясынан 2 үміткер, «Адал» саяси партиясынан 2 үміткер,  «Ақжол» саяси партиясынан 1 үміткер және өзін-өзі ұсынған 1 үміткер  бар.

Кәсібі бойынша олардың 4-і мемлекеттік, 3-і бюджеттік қызметтерде, 2-і кәсіпкерлік саласында жұмыс істейді. Үміткерлердің орта жасы – 43. Жасы бойынша ең үлкені 58-де, ең жасы 30-да, ішінде 1 әйел адам бар.

Үгіт насихат жұмысын жүргізуге үміткерлерге 15 шілдеден 23 шілденің 00.00 сағатына дейін 9 күн беріледі. Сайлаушылармен кездесуге арналған орындары мен үгін насихат материалдарын ілетін стендтері дайындалып қойылды. Сайлау өткеннен кейін 3 күн ішінде дауыс берудің қорытындысы шығарылады. Сайланған әкімді тіркеу 7 күн ішінде жүзеге асырылады. Барлық үміткерлерге сәттілік тілеймін. Халық өзінің таңдауын жасайды деп сенемін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале