16.02.2022, 16:30
Оқылды: 76

«Айтылған мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды»

Есептік кездесу Тасқала ауданына қарасты Достық, Ақтау, Мерей, Қосшы, Тасқала және Қазақстан ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Алдымен Қазақстан ауылдық округ әкімі Әлібек Сәрсеновтің халық алдында есеп бергені жөнінде шолып өтсек. Аталмыш жиындардың барлығына аудан әкімі Б.Айтмағамбетов, аудандық мәслихат хатшысы Жанар Бисенғалиева және мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

IMG-20220216-WA0027

Қазақстан ауылдық округ әкімі Әлібек Өренұлы 2021 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар ауыл тұрғындары жарық, ауыз су және жол мәселесін тілге тиек етті. «Ауылға кіреберіс 18,3 шақырым жолды жөндеу мәселесі биылғы жылы шешімін табатын болады. Бас мердігер «Ануш-Құрылыс» ЖШС жөндеу жұмыстарын ойдағыдай бастады. Алайда ауа райына байланысты қазір барлық жұмыстар тоқтап тұр. Көктемге қарай аталған жалғасатын болады. Сонымен қатар округімізде 2021 жылы бюджет қаражатынан және демеушілердің көмегімен бірқатар жұмыстар атқарылды. Ауыл тазалығы мен көгалдандыру жұмыстары жоспарлануда. «Бастау – Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы аясында бес адам өз ісін ашуға маусым-қараша айларында қайтарымсыз грантқа ие болды. Биыл қолға алатын жұмыстар жоспарға енгізіліп отыр. Оның ішінде ауылды жарықтандыру, көгалдандыру, абаттандыру секілді жұмыстар бар»,- деді ауыл әкімі Ә.Сәрсенов.

Жиын барысында сөз алған аудан әкімі Б.Айтмағамбетов өз кезегінде ауыл тұрғындарын бірігіп қызмет атқаруға шақырды. «Қазақстан ауылдық округі аудан бойынша төрт түлік ұстап, ауыл шаруашылығын жүргізіп отырған ең ірі округ десек болады. Ауылды жарықтандыру мәселесі аудан көлемінде күн тәртібінде тұр. Оны жоспарға енгізіп, жақын арада шешуге ниет білдіріп отырмыз. Жалпы ауыл тұрғындарын біріктіріп, бір іске жұмылдыру қажет. Оның барлығын ұйымдастыратын ауыл әкімдігі. Тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлерге құлақ асуда ауыл әкімнің негізгі міндеті. Сондықтан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірігіп қызмет жасауға шақырамын»,- деді аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы.

Ауыл тұрғыны Жанылсын Губашева жиналыс барысында, АӨК бойынша сауалын қойды. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне малын қосса да, жыл бойына ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы есеп бермеген. Малын қосып, ақшасын төлеп отырған тұрғындар жұмыс барысын толық білуге қақысы бар дегенді алға тартты. Бұл орайда ауыл әкімі Әлібек Өренұлы алдағы уақытта бақташыны шақырып, ауыл тұрғындарымен жиналыс өткізетінін жоспарға қойғанын жеткізді. Жиналыс соңында тұрғындар аудан әкімінің жеке қабылдауында болып, жеке мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап алды.

Жүйелі жоспар, нәтижелі жұмыс

Ақтау ауылдық округінің әкімі Нұрсейт Белгин 2021 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Нұрсейіт Жақыпұлының баяндамасында келтірілгендей округ аумағында 39 шаруа қожалығы, 37 жеке кәсіпкер, 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 1 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі тіркелген. «Ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік саласында барлығы 157 адам қызмет атқарады. Сондай-ақ, 2021 жылы 9 адам жеке кәсібін ашу мақсатында қайтарымсыз грантқа ие болған. Округ бойынша ауыл шаруашылық кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы кәсіпкерлік негіздеріне екі адамға 4 млн 300 мың теңге жеңілдетілген несие берілді. 2020-2021 жылдары атқарылған ауқымды жұмыстар қатарында орта мектептің күрделі жөндеуден өткені бар. Оған 176 млн теңге қаражат жұмсалды. Сонымен қатар, фельдшерлік емхананың күрделі жөндеу жұмысына 50 млн теңге, бөгетті қайта құру жұмыстарына 53 млн теңге, ал абаттандыру және спорт алаңдарына 20 млн теңге қаражат жұмсалды. Бөгет жанынан 3 га жерге ұжымдық бақша отырғызылды. Бір  шақырым техникалық суға құбыр жүргізілді»,- деді баяндама барысында ауыл әкімі Н.Белгин.

Әрі қарай алдағы жылға жоспарланған жұмыстар қатарында минералды су шығару цехы мен комбикорм шығару цехының құрылысы тұрғанын тілге тиек етті. Ауыл басынан аталған цехтар бой көтерген жағдайда ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту да қолға алынады.    Өз кезегінде сөз алған аудан басшысы Бауыржан Есқайырұлы ауыл тұрғындарына сәттілік тіледі.

Мал басын арттыру басты назарда

Одан әрі Тасқала ауданының әкімі Бауыржан Айтмағамбетовтың қатысуымен Қосшы және Мерей ауылдық округ әкімдерінің есеп беру жиналыстары өтті. Кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Жанар Бисенғалиева, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар, аудандық прокуратура өкілі, мекеме және ұйым басшылары қатысты.

Округ әкімдері есептерінде ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуларына шолу жасады. Әкімдердің ұсынған статистикалық деректеріне сүйенсек ауыл шаруашылығы саласы дамуы үстінде. Мал басының санында өсім байқалуда. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысу деңгейі де жақсарып келеді. Мал азығы қысқыға жеткілікті мөлшерде дайындалған. Мерейде ауыл шаруашылық кооперативі жұмысын жақсы бастап, биылғы жылы субсидиясын алған. «Аусыл» ауруына қарсы екпені кооператив толығымен өз есебінен жүргізіп отыр. Бұл жөнінде ояндықтарда қалыс қалмауда. Демеушілердің есебінен бөгеттер қалпына келтірілген. Ауылды абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта да осы жұмыстар жалғасын таппақ. Ояндағы кездесуде тұрғындар жолды жөндеу, уақытында қардан тазалау, сонымен қатар интернет және ветеринарлық станцияларының ашылуы жайында тұрғындар мәселе көтерді. Аудан басшысы өз сөзінде аталмыш жолды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжат жасақталып жатқанын жеткізді. «Жолды жөндеу күрделі мәселе. 48 шақырым жолды жөндеу үшін қомақты қаражат керек. Жобамыз дайын болғасын мемлекетке жолдайтын боламыз. Бұның бәрі алдағы уақыттың еншісінде», - деді аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы.

Оянда мемлекеттік грант алып немесе өз бетінше ауыл шаруашылығымен айналысып отырған азаматтар баршылық. Олардың көбісінің сұрайтыны жер мәселесі. «Байқауларға бірнеше мәрте қатысып отырмыз. Жерлердің көлемі үлкен болғандықтан, бұған дейін шаруасын дөңгелетіп отырған ауқатты шаруа қожалықтары ұтып алып отыр», - дейді жеке шаруаға енді-енді кіріскен шаруалар. Бауыржан Есқайырұлы жаңадан жұмысын бастап отырған және ұсақ қожалықтардың жер алу мәселесімен таныс екендігін жеткізді. «Қазіргі уақытта жер бөлу конкурс арқылы жүргізіледі. Оған қатысқан адамдар өздерінің бизнес-жоспарларын, басқа да құжаттарын тапсырады. Комиссия осы құжаттарды саралап көптеген критерийлер бойынша жеңімпазды анықтайды. Жер алу үшін сіздің бизнес-жоспарыңыз жақсы болу қажет. Келесі байқауларға шығатын жер учаскелерінің көлемдерін қайта қарастырамыз», - деді аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов.

Мерейде ауыл тұрғындарының тиімді демалысын ұйымдастыру үшін мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізу жөнінде ауыл тұрғындары мәселе көтерді. Оған қоса балаларға ойын алаңы салынса деген ниеттерінде жасырмады мерейліктер. Кездесу соңында аудан басшысы биылғы жылғы кездесулер барьерсіз пікір алмасуға бағытталғанын айтып, осындай кездесулер жиі өткізіліп тұратынын айтты.

Есептік кездесулердің легі Достық ауылында жалғасты. Биылғы есептік кездесулер тұрғындармен пікір алмасу, жиналыстарды түрғындардың ой-пікірлерін анықтауға арналған алаңға айналдыру бағытында өрбуде. Достықтағы кездесуде ауыл әкімі тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарының дамуына тоқталып өтті. Оған себеп болған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы алынған қайтарымсыз гранттарды атап өткен жөн. Мысалға, ауыл тұрғыны Л.Белакурова грант қаражаты есебінен «Брама» және «Доминант» тұқымды құстарды алған. Инкубаторды да сатып алып тұрғындарға балапандарды жеткізіп отыр. Бастау ауылының тұрғыны Р.Ахметова бау-бақша егуді кәсіп етіп 2 гектар аумаққа картоп еккен. Оған қоса, жылыжайды жайластырып көкөністерді өсіріп, өнім алып отыр. Достық ауылының тұрғындары 3 гектар ұжымдық бақшаға картоп егіп, мол өнім алған. Қайтарымсыз гранттарды дәнекерлеу ісіне жұмсап отырған тұрғындардың өнімдеріне сұраныс артқаны да байқалуда. «Округ шаруашылығының басты бағыты ауыл шаруашылығы болып табылады. Округте 1445 бас ірі қара, 4434 бас ұсақ мал, 496 бас жылқы тіркелген. Шаруа қожалықтар былтырғы жылы егін аумағын ұлғайтты. Бес мың гектарға жуық алқапқа бидай, арпа, сафлор, күнбағыс егілді. Қысқы мезгілге мал азығы 100 пайыз дайындалып тұрғындарға жеткізілді. Округте екі ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жұмыстануда», - деді баяндамасында округ әкімі Хафиз Маратұлы. Өкінішке орай округте көші-қон процесінде теріс тенденция қалыптасуда. «Халық санының азаюы алаңдатады. Отызға жуық үй бос тұр екен. Осылай жалғасатын болса мектептің жабылуы қаупі бар. Мектеп жабылса ауыл ыдырайды деген сөз. Округтің елді мекендеріне адамдарды көшіріп алып келу бағытында жұмыстарды бірге атқаруға шақырамын. Аудан орталығында немесе басқа аймақтарда жүрген азаматтарды ауылға әкеліп тұрақтандыруға болады. Оларға ауылда әр түрлі гранттар беріп мал, құс асырауға, бау-бақша егуге, жүн түту немесе басқада кәсіптерді игеруге насихаттау жұмыстарын бірігіп жүргізуіміз қажет», - деді аудан басшысы Бауыржан Есқайырұлы.

Достықта негізгі мәселе электроэнергия жүйесінің осалдығы. Тұрғындардың сауалына аудан әкімі облыс аумағында электроэнергия торабын қалыпқа келтіру бойынша кешенді жоспар дайындауға Президент тапсырмасы берілгенін және мәселе қазіргі уақытта қаражат бөлуді күтуде екенін жеткізді.

Бірінші кезекте ауылды абаттандыру

Бүгін Тасқала ауылдық округінің әкімі Гүлжан Болатқызының халық алдындағы есеп беру кездесуі өтті. Аталмыш жиынға аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы, аудан прокуроры Тимурлан Шамильұлы, аудандық мәслихат хатшысы Жанар Нұрболатқызы, сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Гүлжан Болатқзы өз есебінде Тасқала ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасап, алдағы жоспарларымен таныстырды. «Округте шағын және орта бизнес дамып келеді. Қазіргі уақытта 17 ЖШС, 39 шаруа қожалық, 419 жеке кәсіпкер есепте бар. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грантты 51 адам алды. «Ауыл шаруашылықты қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 9 адамға 38 миллион теңге қаражат бөлінді. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы да жұмыстар жалғасуда. Жылдағы дәстүрге сәйкес ұжымдық бау-бақша егу жұмыстары жүргізіулуде. Былтырғы жылы 10 га алқапқа ұжымдық бақша егілді. Биылғы жылы да осы жұмыстар жалғасын табады. Ауыл тұрғындарын көбірек тарту жұмыстары жүргізілуде. Ауылды абаттандыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Барлығы 15 сенбілік өткізілді. Ауыл көшелерінде көгәлдандыру жұмыстары жүргізілді. Тасқаладағы өзекті мәселелердің бірі көң-қоқыс алаңы тазартылып қоршалды, кәріз суларын төгетін орыны ретке келтірілді. Көшелерге 95 жарық шамы орнатылды. Осыған дейін «Ардагерлер саябағы», Абай мен Құрмет тақтасы алаңдарын жайластырылды, Ту туғыры орнатылды. Осы жұмыстар жалғасып келеді. Былтырғы жылы ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябаққа жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Биылғы жылы осы саябақты абаттандыру, көгәлдандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз», - деді округі әкімі Гүлжан Болатқызы. Оған қоса Гүлжан Болатқызының баяндамасында биылғы жылы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру, модернизациялауға қатысу үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жоспарланып отырғаны айтылды.

«Құрметті ауылдастар сіздермен жүздесіп жатқаныма қуаныштымын. Халықпен ақылдасып, барлық мәселелерді бірлесіп шешуіміз керек деп есептеймін. Округ әкімінің баяндамасында көптеген жұмыстар жүргізілгені туралы айтылды. Ұжымдық бау-бақшаны дұрыс жолға қойып алдық. Ендігі кезекте әрбір жанұя атсалысса деген тілегімізде бар. Ұйымшылдық пен бірлік жүрген жерде ешкім далада қалмайды. Қайтарымсыз грант жөнінде де жаңалықтарды естіп жатқан шығарсыздар. Қазіргі таңда 1 200 000 тенгеге дейін өсті. Шағын және орта бизнесті дамытуға, тұрғындар үшін пайда табуға зор мүмкіндік деп ойлаймын. Ендігі кезекте Тасқала ауылында ауыл шаруашылық кооперативтердің жұмысын қолға алуымыз керек. Кооперативтердің берері мол. Екінші Шежін ауылындағы кооперативтердің мысалы барлық кооперативтер үшін эталон бола алады. Кооператив арқылы мал бағымы реттелген, оған қоса тегін бағылып отыр. Асылдандыру жұмыстары жүргізілуде. Ендігі кезекте олар мал азығын төмен бағамен жеткізуді жоспарлап отыр. Тасқалада да осылай кооператив құрылуы тиіс. Округте абаттандыру жұмыстары жақсы жүргізілуде. Ауылдың тазалық мәселесін мықтап қолға алуымыз қажет. Көн-қоқыс шығарумен айналысатын мекемелердің көрсеткен қызметіне төлем жасамайтын тұрғындар бар екен. Тасқаладағы көн-қоқыс шығару тәжірибесі облысымызға үлгі боларлық тәжірибе деп санаймын. Бұл мәселені де реттеу қажет» - деді есептік кездесу кезінде сөз алаған аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы.

Кездесу барысында аудан орталығының тұрғындары балабақша салу, электр желілерінің тозуы, көшелерді жөндеу және қыс мезгілінде күтіп ұстау, ауылды абаттандыру және көгәлдандыру, нысандар мен ескерткіштерді жөндеу сынды мәселелерді көтеріп тұшымды жауаптарын алды.

Кездесу аяқталған аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, аудан прокуроры және мекеме басшылары жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Темірболат Әнуарұлы,

Гүлмира Серікқалиқызы,

Әсемгүл Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале