23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай Теректі ауданы, Федоровка жалпы орта білім беретін мектебінде «Әдеби Ақжайық» жобасы аясында «Ақжайық – жыр мен сырдың мекені» атты әдеби кездесу кеші өтті.

Шараны мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі мен кітапхана ұжымы бірлесіп ұйымдастырды. Кешке айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұлов қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымымен мазмұнды сұхбат құрды.
Кездесу барысында ақын өзінің туған жері, отбасы, балалық шағы туралы сыр шертіп, шығармашылық жолымен бөлісті. Сонымен қатар оның сөзіне жазылған әндердің бүгінде танымал әншілердің орындауында халыққа кеңінен таралып жүргені айтылды. Ақынның әнші Әбдіжаппар Әлқожаға арнап жазған 20-дан астам әні бар екені де көпшілікке қызықты ақпарат болды.
Кеш аясында мектеп оқушысы Арслан Шалабаев ақынның әнін жанды дауыста орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Астана қаласы №119 жалпы орта білім беретін мектебінің директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары Асқар Ғұбайдуллин, сынып жетекшісі Самал Төлегенқызы және ақынның туған жерінен Жаңақала ауданынан №3 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанайдар Болатбекұлы жолдаған бейне сәлемдер көрсетіліп, ақын шығармашылығына жоғары баға берілді.

Сұхбат барысында Орынбек Нұрболатұлы өзінің жетістіктеріне әкесінің қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Кеш барысында «Ана» әнін орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Оқушылар өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Шара барысында ақын мектепке арнап жүрекжарды жыр шумақтарын арнады.
Білім десе білегін сыбанатын,
Мектепсің шын майданға сұранатын.
25-те екі алтын белгі шығып,
Сапалы білімменен сыңар атың.
Әлі де шығады ғой алтын белгі,
Кетеді содан кейін жырақ атың.
Тарихта қалатының ақиқат қой,
Мектеп боп алтын адам шығаратын, - деді кеш иесі.
Кездесу соңында мектеп директоры Тлеп Ниеткалиев қонаққа алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Ақынға алғысхат табысталып, дәстүрге сай иығына шапан жапты. Ақын ұйымдастырушыларға жылы лебізін білдіріп, мектепте ұйымдастырылған "Үздік оқырман" байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Ұлғаным Идрескалиева,
Теректі ауданы,
Федоровка жалпы орта білім беретін мектебінің кітапханашысы