24.08.2023, 21:39
Оқылды: 128

Айырықша назардағы нысандар

 Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен Казталов ауданына барған кезде жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысып, құрылысы аяқтала келген білім ұясында болып, жұртшылық өкілдерімен кездесіп, күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Казталов-Жәнібек-РФ» жолын да қарап шықты.

IMG_9683

Өңірімізде апатты жағдайда тұрған 12 мектептің 4-уі Казталов ауданында. Бүгінде ол білім ұяларының жартысының мәселесі шешілді деуге болады. Нақтылап айтқанда, Жұлдыз ауылындағы А.Хұсайынов атындағы орта мектеп жаңа ғимаратқа көшірілсе, аудан орталығындағы А.Оразбаева атындағы мектеп оқушылары да екі-үш айдың ішінде заманауи ғимаратта білім алатын болады.

IMG_9685

Айта кету керек, облыс әкімі осы қос мектептің құрылысын ерекше назарға алған-тұғын. Сол себепті Жұлдыздағы жаңа білім ұясы ғимаратының ашылуы салтанатына арнайы келді.

- Білім – баға жетпес рухани байлық, ғылымның іргетасы, мемлекет дамуының алтын арқауы. Еліміздің өркендеуі, оның болашағы білімді, мәдениетті, денсаулығы мықты өскелең ұрпағына байланысты. Сондықтан да жаһандану заманында ұлттың бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенері сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мектеп салу әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек деп тапсырма берген еді. Осыған орай, бүгінгі таңда облыс бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 23 мектептің құрылысы жүргізілуде. Солардың бірі болған ауылыңыздағы мектеп жаңа оқу жылы қарсаңында ашылып отырғанына қуаныштымын. Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы басталып, аяқталмай қалғанмектепті сегіз ай ішінде «Альтаир» серіктестігі сапалы етіп салып бергені үшін бұл құрылыс компаниясы басшылығына алғысымды айтамын,-деген Нариман Төреғалиұлы жаңа мектепке көрімдік ретінде лед-теледидарын тарту етті.

IMG_9686

Өз кезегінде сөз алған мердігер компания басшысы Нұрлан Қуанғалиев құрылыс жұмыстары былтыр қазанда басталғанын, құрылыстың жүруіне ауыл тұрғындары да атсалысқанын, өзі де бұл құрылыстың басы-қасында жүргенін атап өтті.«Осы ауылға алғаш келген кезде жергілікті аға буын өкілдері жылы шыраймен қарсы алды, құрылыс барысында ақыл-кеңестерін айтып, қолдау білдіріп отырды. Сол үшін жұлдыздықтарға айтар алғысымыз зор» деген ол мектеп директоры Салауат Бекмановқа мектептің символдық кілтін табыстады.

IMG_9688

Шағын жинақты мектеп ретінде бойкқөтерген білім ұясында жаңа оқу жылында 120 бала білім алатын болады, оның 20-сы мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отыр. Оқушыларға 30 мұғалім сабақ береді. Мұнда заман талабына сай жасақталған пәндік кабинеттер, зертханалар, спорт, акт залдары бар. Былайша айтқанда, материалдық-техникалық база толықтай жабдықталған. Бұрын болмаған үйірме жұмыстары енді жанданып, қосымша білім беруге барынша жағдай жасалмақшы. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангерееваның сөзіне қарағанда, бұл өз кезегінде осындағы оқушылар мен мұғалімдердің аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі түрлі сайыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетуіне мүмкіндік береді. Сөйтіп білім сапасы деңгейі де жоғарыламақшы.

IMG_9687

Мектеп парламентіне кіретін оқушылар меймандарға жаңа ғимараттың ішін аралатып, тең құрбысының алды болған оқушылар, олардың жеткен жетістіктері жөнінде баяндағаннан кейін мектеп ауласындағы Ахмедияр Хұсайыновтың кеуде мүсініне гүл шоқтары қойылды.

IMG_9713

Содан кейін жұлдызылықтарымен жүздескен өңір басшысы болашақта ауыл тұрғындарын санын арттыру бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. «Ауылдың тұрмысы енді жақсара түседі. Халық соған сенуі керек,-деді Нариман Төреғалиұлы.-Алла Тағала елімізге тыныштығын берсін, қалғаны біртіндеп болатынын уақыттың өзі дәлелдеуде».

IMG_9712

Алдағы уақытта ауылдарда үйлер салынатынын естіген тұрғындар жас мамандарға арнап Жұлдыздан да үй салу жөнін ұсыныстырын айтты. Өңір басшысы бұл ұсынысты құптап, аудан әкімі А.Сарқұлов пен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ә.Антазиевке бұл жерден екі үй салуға тапсырма берді. Сондай-ақ тұрғындар Жалпақтан бері шыққанда Қабансай деген жерде екі шақырым жол лайсаң күндері қиындық тудыратынын да жеткізді. Өңір басшысы сол бойда аудан әкіміне осы екі шақырым жерді жақсылап жөндеуден өткізу турасында да нұсқау берді.IMG_9714

Казталов ауданының орталығына барған соң өңір басшысы А.Оразбаева атындағы орта мектептің жаңадан салынып жатқан ғимаратына атбасын бұрды. Ондағы құрылыс жұмыстарымен танысқан соң аталмыш мектептің ескі ғимаратында ата-аналар мен Казталов ауылының бір топ қоғам белсенділерімен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

IMG_9690

-Жасыратыны жоқ мектепті 2020 жылдан бері салып жатқан «Жиенбай» ЖШС-ын біз күштеп, сотқа беріп жұмыс істетіп жатқан жайымыз бар. Жаңа ғимараттың құрылысын көріп келіп тұрмын. Ол 1 қыркүйекке дейін бітпейтіні анық. Бізге сапалы құрылыс керек. Сол себепті мердігер компания басшылығының алдына 1 қарашаға дейін бітіру жөнінде талап қойдым,-деді облыс әкімі.

IMG_9691

Кейбір ата-аналар жаңа ғимарат берілгенше апатты жағдайда деп танылған мектепте балаларының білім алуына қарсылық танытты. Соған орай өңір басышы аудан әкімі оқушыларды уақытша басқа жерлерде оқыту, онда қажетті жағдайды туғызу туралы тапсырма берді.

Казталов ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Нариман Төреғалиев «Казталов-Жәнібек-РФ» жолының күрделі жөндеуден өту барысымен арнайы барып тағы да танысып кетті. Бұл әкімінің мұнда осымен бес мәрте келуі екен.

IMG_9692

Өңір басшысы бірінші жергілікті «Юнисерв» ЖШС салып жатқан жолдың 4 және 53 шақырымындағы телімдерін қарады. «ҚазАвтоЖол» АҚ БҚО бойынша филиалының директоры Қазбек Мәмбетовтің айтуынша, қазір бірінші телімінде  асфальтті-беконды жолдың төменгі қабатын төсеу жұмыстары толықтай аяқтап, енді жоғары қабаты төселуде. Онда жолдың 20 шақырымдай бөлігі қалған. Ал екінші телімде жолдың төменгі қабатын салу жұмыстары жүруде. Осы айда жол бөлігінің 15 шақырымы жасалып, қалғанын 9 шақырымын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Жалпы жыл соңына дейін жолды төменгі қабатпен толықтай ашу жоспарда бар. 103 шақырымдық «Өнеге-Бисен» жолы да төменгі қабатпен ашылады. «Төменгі қабат – бұл негізгі қабат. Оның қалыңдығы - 35 см. болады. 10 тонна ауырлықты көтереді. Ал тозу қабаты деп аталатын жолдың екінші қабатының қалыңдығы 4 см.құрайды,-деді Қазбек Мәмбетов.-Келесі жылы жолдың жоғары қабаттары төселіп, жолды таңбалау жүргізіліп, белгілер салынып, 2024 жылдың соңына дейін толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз».

IMG_9693

Облыс әкімі Казталов пен Жәнібек аудандарының шекаралас тұсындағы Ащыөзек өзені өтетін жерде салынып жатқан көпір құрылысының қарқынын сынға алды. Мердігер компанияның учаске басшысы Марс Кенжеғұловтың сөзіне қарағанда мұнда техника аздық етуде. Әсіресе экскаватор, тиеуіш (погрузчик), Камаз секілді техникалар қажет. Нариман Төреғалиұлы Оралға барған соң мердігер компания басшысымен хабарласып, техникаға қатысты мәселені шешуді тапсыратынын жеткізді.

IMG_9695

-Казталов ауданына жасаған сапарым кезінде өзімнің ерекше бақылауымда ұстап отырған нысандарыма арнайы соқтым. Оның екеуі - 2020 жылдан бері «жыр болып» келе жатқан мектеп. Жұлдыздағы мектепті ашылу салтанатында ел-жұрттың қуанышына куә болдық. Енді бұйыртса қараша айында Алма Оразбаева атындағы мектептің оқушылары, мұғалімдері, ата-аналары да осындай шаттыққа бөленеді деп ойлаймыз. Сөйтіп бұл аудандағы өзекті мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Осы жаққа келгеннен соң Жәнібек пен Бөкей орданы облыс орталығымен байланыстыратын күре жолдың күрделі жөндеуден өтуін тағы бір мәрте өз көзіммен көрейін  деп келдім.

IMG_9694

Өткен үш жылдың ішінде бар болғаны 55 шақырым жол салынды. Ал биылғы сегіз айда 100 шақырым жол күрделі жөндеуден өткелі тұр. Енді қалған 45 шақырымды 10 қазанға дейін аяқтау туралы осы жолға жауапты болып табылатын «ҚазАвтоЖол» АҚ өкіліне, бұл компанияның БҚО бойынша филиалының басшыларына тапсырма бердім. Біз жыл басынан бері Үкіметпен, «ҚазАвтоЖол», «Қазақстан темір жолы» АҚ-лармен бірлесіп жыл сайын мәселе тудырып келе жатқан битум, қиыршық тас сынды жол құрылыс материалдарына, вагонға қатысты түйтілдерді шешумен айналыстық. Соның нәтижесінде жол құрылысының жұмысы қарқын алды. Күні кеше ойламаған жерден ценментке қатысты мәселе туындады. Енді оны Ресейден және маңғыстаулық «КаспийЦемент» ЖШС-нан алу туралы келісімге келдік. Қазір қажет материалдардар бар. Қалғаны мердігер компаниялардың жұмыс істеулеріне байланысты. Қазіргі таңда Қазталовтан Жәнібектің шекарасына дейін жол жетті. Енді қалып тұрғына осы шекарадан Күйгенкөлге дейінгі және Бисен мен Сайқынның ортасындағы жол бөліктері. Егер жыл соңына дейін жолды пайдалануға беретін болсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қос ауданның тұрғындары үшін қолайлы жағдайдың жасалып, олар екі аралықтағы жолдан қиналмайтын болады. Сөйтіп халыққа берген уәдемізді орындаймыз,-деді БАҚ өкілдері сұхбат берген Нариман Төреғалиұлы.

IMG_9696

Айта кетейік, аталмыш жолды күрделі жөндеуден өткізу 2019 жылдың күзінде басталған болатын. Алайда, күні кешеге дейін қаражатқа және жол-құрылыс материалдарына байланысты туындаған қиындықтарға орай жол салу жұмыстары жөнді жүрген жоқ. Одан кейін материалдардың бағасы өсіп, мердігерлердің сұранысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілді. «ҚазАвтоЖол» АҚ БҚО бойынша филиалы ұсынған мәлімтке қарағанда, жобалық-сметалық құжаттамаға жасалған өзгерістерге сәйкес бұл жолдың құны 80 млрд теңгені құрап отыр.

IMG_9697

IMG_9698

IMG_9699

IMG_9700

IMG_9701

IMG_9702

IMG_9704

IMG_9707

IMG_9684

IMG_9689

IMG_9718

Сәкен Мұратұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале