6.10.2020, 9:46
Оқылды: 140

Ақпәтерлік түлектер «Street workout» алаңын сыйға тартты

Кеше Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру" бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Казталов ауданының Ақпәтер ауылында «Street workout» алаңы ашылды.

Akpater (1)

Заман талабына сай жабдықталған жаңа алаңды Ақпәтер орта мектебін 1990 жылы бітірген мектеп түлектері демеушілік танытып, ауылдастарына сыйға тарту етті. Құны 2 миллион 100 мың теңге құрайтын спорт алаңын салтанатты түрде табыс еткен ауыл перзенттеріне жерлестері дән риза. Әсіресе ойын балаларының қуанышында шек жоқ.

Akpater (2)
– Ақпәтер ауылы – спорт өнерімен әлем жұртына әйгілі болған танымал мекен. Шағын ғана алақандай ауылдан Азия, Әлем чемпиондары шығып, ел қуанышын еселеуде. Біз, кластас-құрдастарымызбен кеңесе отырып, мектеп бітіргенімізге 30 жыл толу құрметіне орай осы алаңды сыйға тартуды ұйғардық. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Мақсатты ойымыз жүзеге асып, ойын алаңын салтанатты түрде табыс етудеміз. Ауыл жастарына қосқан сүбелі үлесімізді жерлестеріміз жылы қабылдауда. Біздер соған разымыз, – дейді осы шараны жүзеге асыруға үлкен үлес қосқан Самат Хамзаұлы.

Akpater (3)
Ауылдың орталығынан орын алған спорт алаңының ашылу салтанатында 1990 жылы бітірген мектеп түлектеріне аудан әкімі Альберт Есалиевтің атынан алғысxат табыс етіліп, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру спорт бөлімінің басшысы Ернар Галимов, аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Айбек Көшғалиев, округ әкімі Нұрхат Болаевтар жергілікті тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Ендігі жерде ауыл тұрғындары мен жастарына ашық аспан астында спортпен шұғылдануға әбден болады. Салауатты өмір салтын ұстануға үндеген «Street workout» алаңы спортсүйер қауымға зор мүмкіндік тудырып отыр.

Akpater (6)
Туған жер, өскен ауылының баянды болашағы жолында жомарттық танытып, қаражатын ортаға салған, ауылдастарын қуанышқа бөлеген 1990 жылғы мектеп түлектерінің игі істері кейінгі ұрпақтарға үлгі болып, алдағы уақытта жалғасын таба берсін!

 

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале