ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы өңірлерде өткізіп жатқан «Біртұтас ел – біртұтас жер» акциясы аясында Ақсай қаласында ерлік сабағы ұйымдастырылды.

№3 орта мектеп пен №6 мектеп-лицейінде өткен кездесуге ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілдері, полковниктер Мұрат Агубаев пен Дәулет Бейсеков, Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі, подполковник Нұрлан Ашықов және «Жас сарбаз» қозғалысының аппарат басшысы Нұрқуаныш Қаз қатысты.

Мектеп музейлерімен танысқан қонақтар оқушыларға әскери білім алу мүмкіндіктері туралы мол мағлұмат берді. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінде Қарулы Күштердің Әскери-тарихи музейінің «Қазақстан» атты көшпелі көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, архивтік құжаттар мен тарихи жәдігерлер көрсетілді.

Жиын соңында әскери-патриоттық тәрбиеге сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматмарапатталды. Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі, полковник Дәулет Нариманұлы Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Ерік Төлепқалиевке, білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Тржановаға және бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері Нұрбол Ибрашев, Асқар Дәулетқалиев, Бақытжан Үмбетов пен Денис Колеснике арнайы алғысхаттар табыстады.

Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Ерік Тілекбайұлы сөз сөйлеп, қонақтарға алғысын білдірді және әскери тәрбие ісіне атсалысқан мамандарға аудан әкімінің алғысхаттарын тапсырды.

Шара Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы