29.03.2024, 17:50
Оқылды: 66

Ақшат пен Ақтауда қауіптің беті сейілді

Ел басына халқымыздың төзімі мен бірлігі сыналған сын сағаты туып отыр. Кенеттен еріген екпіні қатты қар суы жолындағыны жайпап өтіп, адамның да, ауладығы төрт түлікті де қиындыққа душар етуде. Табиғаттың бұл тосын әрекеті біздің ауданымызды да айналып өткен жоқ. Ауыл-аймақтарды су басу қаупі төнген шақта шыңғырлаулықтар елдігін көрсетіп, бірігіп су тасқынына қарсы тұрды.

су чингирлау 2024 актау акшат (1)

Әсіресе жұрт Ақшат ауылдық округі төңірегіндегі еріген судан қауіптенген еді. Алайда Ақшат ауылдық округіне былтыр көктемгі су тасқынына қарсы салынған ені 2,5 метр, биіктігі - 2 метр, ұзындығы 750 метр болатын су қорғаныш бөгеті қатерлі шақта ауылға төнген апатта қорған болды. Бұған қоса ақшаттықтарға су тасқыны кезінде 6 техника, су сорғыш құралдар көмекке келіп, 1000-ға жуық қапшық қарғын суға тосқауыл етілді. Ақшаттық ағайын да құр жатпай, нағыз ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.

Көңілді күпті еткен екінші бір ауыл нағыз ойпаңда орналасқан Қарағаш ауылдық округіне қарасты Қайыңды ауылы болатын. Еріген қар жөңкіліп ауылға бет алуға сәл-пәл қалған-тұғын. Аудан-ауылдардың атқа мінер азаматтары мен қызметкерлері, жергілікті тұрғындардың ұйымшылдық көрсеткені тағы бар ауыл су тасқынынан аман. Былтыр көктемгі су тасқынына қарсы тұрғызылған ені 2,5 метр, биіктігі - 2 метр, ұзындығы 1800 метр болатын Қайыңды өзенінің екі жағынан салынған су қорғаныш бөгет те қауіптің бетін сейілтуге сеп болды. Сонымен қатар 6-7 наурыз күндері Қайынды өзенінде 607,6 шаршы метр мұз жарылған еді. Көктемгі су тасқыны кезінде 3 техника, су сорғыш құралдар, құм толтырылған 700 қапшық тасқынға тосқауыл болды.

су чингирлау 2024 актау акшат (2)

Алыстағы Ақтау ауылдық округі де аудан-ауылды алаңдатқан аймақ еді. Мал-жаны баршылық ауыл тұрғындары қауіп төнсе қайтеміз дескен жоқ, барынша қарғын суға қарқынды әрекет жасап, ортақ іске үлес қоса білді. Көктемгі су тасқыны кезінде ақтаулықтар 6 техника, су сорғыш құралдардың көмегіне жүгінсе, ақтаулықтар дайындаған 1000-ға жуық қапшықтар да суды ауылға өткізбеуге қалқан болды.

 Ауданнан алыс жатқан ауылдықтар қарғын судың бетін қайтарып, көңілдерін сәл бірлеуде. Ел басына күн туғанда екі қолды қусырып текке отыру басқа түскен ауыр халды шешпесі белгілі. Осы тұста түсіністік танытып, қайтсем де көмек берсем деп алаңдаулы көңілде жүрген барлық ауыл тұрғындарының төзімі мен шыдамына бек ризамыз.

су чингирлау 2024 актау акшат (3)

Қиын сәтте елмен бірге болған аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев пен оның орынбасары Миржан Нұртазиевқа, аудандағы барлық мекеме басшысы мен ұжымдағы қызметкерлердің, төтеншеліктер мен өрт сөндіру бөлімінің белсенді іс-қимылдарына ел риза. Мынау тосыннан келген су тасқынының алдын алуда күн-түн демей, көз ілдірмей, кезек-кезегімен бірін-бірі алмастырған азаматтар ауылдарды аман алып қалуға осылайша үлес қосты.

Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале