29.05.2019, 12:20
Оқылды: 82

Ақұштап Бақтыгереева бөкейордалықтармен кездесті

Хан ордасы ауылында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені және халықаралық «Алаш» сыйлығының игері Ақұштап Бақтыгерееваның «Мазасыз жүрек жырлайды» атты шығармашылық кеші өтті.

 orda aqushtap (2)

Ақынның шашбауын көтеріп жары Ғабдірахим Жаңбырбаев, қос ақын Есенғали Раушанов пен Ғайсағали Сейтақ, Алматы қаласынан жазушы  Қойшыбек Мүбәрак пен жас ақын Асылан Тілеген, БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев келді. Шараға аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, өзге де мекеме басшылары, аудан тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.

orda aqushtap (5)

Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап апамызды мәдениет үйінің алдында кішкентай бүлдіршіндер мен ақ жаулықты әжелер гүл шоқтарын ұсынып қарсы алды. Фойеде ауылдық кітапхананың кітаптар көрмесін тамашалап, оқушылар ақынның өлеңін оқыды. Алдымен, кездесуде ақынның өмір жолдары мен шығармаларынан бейнеролик көрсетілді.

orda aqushtap (3)

Өз өмірін әдебиет пен өлеңмен тығыз байланыстырған ақын сахна төрінде киелі Нарын құмына сағыныш сезімімен келгенін жеткізіп, өлең сүйер қауымға иіліп сәлем берді.

Құрметті меймандар Е.Раушанов, Қ.Мүбәрак пен А.Тілеген көпшіліктің қошеметіне ризашылықтарын білдіріп, ақын апамызға ақ жарма тілегін жаудырды. Жерлесіміз, ақын Ғ.Сейтақ сиясы кеуіп үлгермеген жаңа өлеңін жерлестерге оқып берді. Аудан әкімі Н.Рахымжанов қонақтарға қош келдіңіз айтып, қасиетті рамазан айымен құттықтады. Өлеңмен сусындатқан Ақұштап Бақтыгерееваға алғыс хат табыстап, иығына қазақтың ұлттық камзолын жапты. Ал ақынның жары, күйші Ғ.Жаңбырбаевқа естелік сыйлық тарту етті.

orda aqushtap (1)

Кеш барысында мәдениет үйінің өнерпаздары ән салып, мектеп шәкірттері ақынның өлеңдерінен жыр оқыды.

Айша Тілекқызы,

Бөкей ордасы ауданы,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале