Сонау сұрапыл жылдарда ауданымыздың Қарауылтөбе ауылынан соғысқа төрт жүзге жуық азамат аттаныпты. Солардың елге тек 151-і аман-есен оралған. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында соғысқа қатысқан қарауылтөбеліктердің құрметіне, фин және Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейін ауылда еңбек еткен марқұм Қамеш Абирұлының ұрпақтары ауылға «Жеңіс бағын» тарту етті. Батырдан тараған үлкен әулет ат шаптырым жерге 30 түп алма, 30 түп алмұрт ағаштарын отырғызды.
Қарауылтөбеліктер ауызбіршілігі, жақсы іске қолдау көрсетуі жағынан өзгелерге үлгі болуға әбден лайық. Ойлап қараңызшы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ауылды абаттандыру, зерде саябағын жаңарту, даңқты күнді атап өтуге мұнда 7 млн. 150 мың теңге кеткен екен. Бұған қазынадан бір тиын да бөлінген жоқ, бар міндетті ауылдастар өздері көтеріп алды. Атап айтсақ, ауылының ажарлануына мүдделі демеушілер «Туған өлкем – Қарауылтөбе» архитектуралық нысанын орнатса, ауылға кіре берістегі қақпа жаңартылды. Тазалық табалдырықтан басталатынын ескерген ауылдастар еш нәрсені де назардан тыс қалдырмай, аялдаманың жанына жаңа әжетхана орнатты.
Қақпа демекші, ауылды танытатын осы бір еңселі құрылымды да тек сәндеп қоймай, оған тұрғындар, ауыл қонақтарының жадына дөп қонатын мән үстеген екен. Қараңызшы, ауылға кіріп келе жатқан әр жанды бұл қақпа тазалықты сақтау, туған жерді көріктендіру жөнінде нақыл сөздермен қарсыласа, сапарлап кетіп бара жатқан адамды туған мекен, атакіндіктің қадір-қасиеті туралы сөздермен шығарып салады.
– Ауылдағы стендтерді де талапқа сай жаңарттық. Әрқайсысы 1,20*2.0 метрлік 10 стенд ілінді Қарауылтөбе көшелеріне. Оларға тазалық, ұлттық құндылықтарымыз, еңбекқорлық, ел бірлігі, отбасы тәрбиесі туралы баннерлер іліне бастады. Бұл іргелі іске толығымен қаржылай қолдау көрсеткен азаматтардың есімін атап өтейін. Олар – Алмас Өтежанов, Асылхан Шайхиев, Мереке Тұрсынғалиев. Әр бастамаға қол ұшын созуға дайын азаматтардан кенде емес Қарауылтөбе. Сондай жандардың арқасында Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің суреттері ілінген тақта жаңартылды, ауылда дала қызықтары ұйымдастырылып, қос киіз үй тігіліп, ас берілді, – дейді ауылдық округтің әкімі Жәнібек Абиров.
Ауылдағы жарқын іс мұнымен толастамақ емес. Ауыл тұрғындарының игілігіне атқарылған жұмыс деп білеміз, мұнда қоспәтерлі екі баспананың құрылысы басталды. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер Бауыржан Әбілханов құрылысқа кірісіп, тұрғын үйлердің іргетасын құйып қойды.
Бұл жұмысқа ауылдағы жұмыссыздар қатарынан 6 адам тартылған. Тағы бір құрылыс – ауылда әлеуметтік кеңсе салынып жатыр. Қазір құрылысшылар ғимараттың шатырын жабуға кірісті. Округ басшысының айтуынша, құрылыс қарқыны да, жұмыс сапасы да көңіл қуантады. Бұл кеңсе табысталған күні ауыл тұрғындары кез келген құжат үшін аудан орталығына шапқылауға мұқтаждықтан арылады. Электронды үкімет, өзге де порталдар арқылы мемлекеттік қызметтер алуға, банк қызметтеріне қолжетімді орталық болмақ.
Екі нысанның да құрылысын шілде айында аяқтау көзделген.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы