Бүгін Ақжайық ауданының Кеңсуат және Үштөбе ауылдарының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап күн болды. Қос ауылда су жаңа мектеп пайдалануға беріліп, тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалды.

Жұртшылықтың игі жақсылығын бөлісуге Есенсай ауылдық округіне қарасты Кеңсуатқа облыс әкімі Нариман Төреғалиев келді. Ашылу салтанатына «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев, облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Парасат Жұмағалиев, аудан әкімі Мұрат Сердалин қатысты.

Биыл қазақстандықтар басым қолдаған Халықтық Конституция қабылданды. Ата Заңымызда адами капиталды дамыту, білім мен инновацияны ілгерілету сияқты стратегиялық бағыттарға да басымдық берілді. Озық ойлы ұлт қалыптастыру жолындағы дүйім істердің жарқын жетістіктермен айшықталуы – өңіріміз үшін де асқақ абырой. Бұл жөнінде өңір басшысы жаңа ғимараттың ашылу салтанатында айтты.

– Өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 9 заманауи білім ордасы ашылды. Ал жаңа мектептердің 30-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Соның нәтижесінде өңірдегі 14 апаттық, 6 үш ауысымды және 12 бейімделген мектеп ғимаратының мәселесі толық шешілді. Бұл – ең алдымен шәкірттеріміздің, мектеп ұжымының қуанышы. Бүгіннен осы ауылдың ұл-қыздары заманауи, барлық құрал-жабдықтармен қамтылған ғимаратта білім ала бастайды. Сондықтан бүгінгі күн ауылдың тарихында мәңгі қалады деп білемін. Жылдың соңғы күндеріндегі осы қуаныш – ұрпағын мейірбандылыққа, адалдыққа, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеген ауыл үшін үлкен олжа, еліміздің ертеңі болып табылатын ұл-қыздарымызға мемлекеттің қамқорлығының анық айғағы. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру – біз үшін ең қажетті нәрсе. Осыған басымдық беріп, құрылысқа тікелей қаржы бөлген «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясына және құрылысты салған мердігерлерге үлкен рахмет айтамын. Баршаңызды Білім күні, жаңа оқу жылы, жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын, – деді ол.

Нариман Төреғалиев құрылысқа елеулі үлес қосқан ауыл тұрғындары Нұрлыбек Болатов пен Артур Удашевқа өзінің Алғыс хатын табыстап, мектепке музыкалық аппарат тарту етті.

Көптен бергі тілегі орындалып, балаларына білім алуға лайықты, барлық жағдай жасалған мектептің ашылуына жиналған бүкіл ауылдастардың қуанышында шек жоқ. Кеңсуаттықтардың атынан салтанатта сөз алған ардагер-ұстаздар Манира Кенжеғалиқызы, Рапила Шамғонова осындай зор құрметке үлкен ризашылығын, бір жылдың ішінде құрылысты сапалы аяқтаған құрыш қолды құрылысшыларға алғысын арнады, жас ұрпаққа лайықты бақыт тіледі.

Осыдан соң «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев сөз сөйлеп, құрылыс мердігері «ДокаСтройКом» ЖШС директоры Азамат Тәженов Кеңсуат негізгі орта мектебінің директоры Шолпан Ихсановаға символдық кілтті табыстады.

Жаңа ғимараттың лентасын Нариман Төреғалиұлы, ардагер ұстаздар Манира Кенжеғалиқызы мен Руслана Мәулешова қиды.

Бұған дейінгі білім ошағының ғимараты 60 жылдан астам жас ұрпаққа қызмет етті. Жаңа ғимаратқа қол жеткізу ағайынның көптен бергі арманы еді. Сондықтан қаржылық құны 1,36 млрд. теңге тұратын осынау сәулетті ғимарат – кеңсуаттықтар тілегінің орындалғанының нышаны. Қызыл кірпіштен қаланған. 1 қабатты, 60 орындық. Барлық 10 оқу кабинеті бүгінгі талап тұрғысынан лайықты жабдықталған. Мұнда 2 шеберхана, кітапхана мен оқу залы, медициналық кабинет, акт залы, бір мезгілде 30 оқушы ауқаттанатын асхана жұмыс істейді. Мектеп ауласында футбол, жаттығу, балдырғандарға арналып шағын ойын алаңдары жасақталған. Мектепте екі ауысымда 53 оқушы білім алса, мектепке даярлық тобында 10 және шағын орталықта 20 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Облыс әкімі осы сапар аясында Көнеккеткен ауылдық округіндегі Қамыстыкөл ауылында болып, осындағы екі пәтерлі қос үйдің құрылысымен танысып шықты. Бұл баспаналар әлеуметтік осал топ өкілдеріне арнап салынуда. Жоба құны – 79,28 млн. теңге. Құрылысын жеке кәсіпкер А. Қадырғалиева жүргізуде. Шілде айында басталған жұмыстарға мамандар алыстан емес, округтен тартылған. Облыс әкімімен сұхбаттасқан мердігер құрылысты осы айда тәмамдайтынын айтты.

Сонымен қатар Нариман Төреғалиев «Барбастау-Ақжайық-Индер» автожолын күрделі жөндеу жобасы аясында Ащы өзеніндегі көпірді жөндеу барысын бағамдады.

Жамбыл ауылдық округіне қарасты Үштөбе ауылындағы негізгі орта мектептің ашылу салтанатына жиналған ағайынның жүзінен шаттықтың лебі анық байқалды. Қуанышын жасырмай, әндетіп, шашуын шашқан үштөбеліктердің мектептің жаңа ғимаратын көптен күткені белгілі. Іргетасы 1970 жылы қаланған бұрынғы мектептен де елімізге аты танылған азаматтар түлеп ұшқан болатын, жұртшылықтың заманауи талаптарға сай салынған мектептің жаңа қонысында білім алған ұл-қыздарының ел келешегінің тірегіне айналатынына еш шүбәсі жоқ.

Осында Білім күнінің құрметіне және жаңа мектептің ашылуына орай өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов, облыстық мәслихат депутаты Ақылбек Сағитов, аудан әкімінің орынбасары Денис Умашев қатысты.

Үштөбеліктерді құттықтап сөз сөйлеген Қалияр Шадиярұлы құрылыстың уақтылы әрі сапалы аяқталуын қамдап, қызмет еткен құрылысшыларды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Мұнда облыстық мәслихат депутаты Ақылбек Сағитов, ардагер-ұстаз Нұрлан Мусин жерлестерді көзайым қуаныштарымен құттықтады. 1986 жылы осы мектептен түлеп ұшқан түлектер білім ұясына сыйлықтарын табыс етті.
Символдық кілт мектептің директоры Рүстем Мусинге табысталған соң, жаңа ғимараттың лентасын Қалияр Айтмұхамбетов пен ардагер-ұстаз Күнсұлу Орақбаева қиды.

Бір ауысымда 60 оқушы білім алатын мектептің жобалық құны – 850 млн. теңге. Жаңа ғимаратты бір жылға жетер-жетпес уақытта «Абдухатов Е.А.» жеке кәсіпкерлігі (директоры Ердос Абдухатов) сапалы орындап шықты. Мұнда 9 оқу кабинетінен бөлек медбике кабинеті, 2 шеберхана, спортзал, кітапхана мен оқу залы, 20 оқушыға арналған асхана бар. Сонымен қатар мектеп ауласында футбол, спорт алаңдары бар. Қазіргі таңда Үштөбе негізгі орта мектебінде 55 ұл-қыз білім алуда. Мектепалды даярлық тобында 4 балдырған, шағын орталықта 19 бүлдіршін бар. Жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 6 оқушы қабылданды.
Қалияр Айтмұхамбетов Қабыршақты ауылында болып, осындағы Мәдениет үйінің құрылысымен танысты, Бударин ауылдық округіне қарасты «Атамұра» шаруа қожалығындағы малшы ағайынмен жүздесті.
Әлия Шарапиева,
Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы