Былтыр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында ауданда 8 медициналық нысанның құрылысы басталды.
Солардың біразы, яғни Базартөбе ауылында амбулатория, Битілеуде медициналық пункт және Ақбұлақ ауылында модульды медициналық пункт іске қосылған еді. Игі іс биыл да жалғасын тауып, Ақсуат ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімі Мұрат Сердалин, аудандық мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев, облыстық мәслихаттың депутаты Ақылбек Сағитов арнайы барды.
– Бүгін – ақсуаттықтар үшін ақжарылқап күн. Сапалы медициалық қызмет алу тұрғындарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға әсер етеді. Осы орайда мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы. Осы жоба аясында өткен жылы бірнеше медициналық нысанның құрылысы басталған еді. Биыл Алмалы, Жанама, Сайқұдық, Көнеккеткен, Базаршолан ауылдарында осындай құрылыстар аяқталады. Чапаев, Тайпақта дәрігерлерге арнап, қызметтік үй салуды жоспарлап отырмыз. Құрметті жерлестер, бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру мақсатында жасалып отыр. Жақсы істер жалғасын таба берсін, – деді аудан басшысы.
Фельдшерлік-акушерлук пункттің құрылысы былтыр тамыз айында басталды. Оның құрылысын «ЖайықСити» жауапкершілігі шектеулі серіктестік жүргізді. Бір қабатты ғимаратта қабылдау бөлмесі, физиотерапия бөлмесі, дәріхана, акушерлік қабылдау бөлмесі орналасқан. Нысан заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Бір фельдшер, бір акушер қызмет көрсетеді.
Ауыл тұрғындары атынан сөз алған Самат Қанапұлы ризашылығын білдіріп, жақсы іске мұрындық болғандар, құрылысты жүргізген азаматтарға алғысын арнады. Жаңа ғимараттың лентасын аудан әкімі Мұрат Сердалин мен медицина саласының ардагері Рысты Нығметқызы қиды.
Жиналғандар жаңа медицина ғимаратының ішін аралап көрді.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы