Қоғамдық тәртіпті бақылау міндеті полицияға жүктелген. Алайда халық полицияға қолғабыс білдіріп, тәртіптің сақталуына жәрдем берсе ғана полицияның жұмысы тиімді, қоғамдағы тәртіп нық болады. Ал кездейсоқ адам жоғалып кетсе ше? Мұндайда, әрине, әр еріктінің полицияға қолдауы ауадай қажет. Өткен аптада ауданымызда осындай жағдай орын алып, ерікті жанның көмегімен тез арада мәселе шешілді.

Жағдай былай болған: егде адамның жоғалып кеткені туралы полицияға хабар түседі. Ақпарат түскен бойда арнайы мамандар жоғалған жанды іздеуге шығады. Оның тез арада табылуына Чапаев ауылының тұрғыны Бақтияр Аманғалиев септесті. Ол азаматтық жауапкершілік танытып, полиция қызметкерлеріне дер кезінде ақпарат беріп, іздестіру жұмыстарына белсенді атсалысты. Оның бұл әрекеті қарияның аман-есен табылуына өз септігін тигізді.
Бақтияр Аманғалиев азаматтық белсенділігі мен қырағылығы үшін облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапатты аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ақылбек Елекешев табыстады.
– Ел азаматтарының қауіпсіздігіне бейжай қарамай, қиын сәтте көмек көрсету – үлкен азаматтық жауапкершіліктің белгісі. Осындай жанашыр жандардың көмегі полиция жұмысының нәтижелі болуына ықпал етеді, – деп, шынайы ризашылығын білдірді Ақылбек Тілекұлы.
Лағыл Ақық
Ақжайық ауданы