Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында «Мемлекеттік сатып алуға қоғамдық бақылау» тақырыбында оқу-дәріс өтті. Шара «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оған 18 адам қатысты.

Дәрісті белгілі заңгер, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Бауыржан Зәки жүргізді. Ол қоғамдық бақылаудың азамат үшін қандай мүмкіндіктер беретінін айтып, мемлекеттік сатып алу үдерісін бақылауда нақты қандай қадамдарға назар аудару керектігін түсіндірді. Қатысушылар мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашық деректерін пайдалану, қажетті ақпаратты іздеу және құжаттарды талдау жолдарымен танысты.
Мәселен, goszakup.gov.kz порталынан белгілі бір жұмысқа немесе қызметке бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін, тапсырыс берушінің кім екенін, мердігерді, шарттың жасалу тәсілі мен мерзімін білуге болады. Бұл мәліметтерді салыстырып, талдау арқылы тұрғындар мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылау жасай алады.
Оқу барысында азаматтардың мемлекеттік органдарға өтінішті қалай беруге болатыны да түсіндірілді.
Жастардың белсенді қатысуы да ерекше атап өтуге тұрарлық. Олардың құқықтық сауаттылықты арттыруға, қоғамдық мәселелерге араласуға және қоғамдағы әділдікке үлес қосуға қызығушылығы байқалды.
Айта кетейік, аталмыш жоба өткен жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және халықтың мемлекет ісіне белсенді қатысуын ынталандыру.
Тайпақтағы дәріс соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді де ортаға салды.
Әсия Шырай,
Ақжайық ауданы