22.03.2021, 16:54
Оқылды: 158

Ақжайық ауданында Наурыз мейрамына орай спорттық шара өтті

Табиғат оянып, күн мен түн теңеліп, шуағын шашқан көктемнің алғашқы айында бүкіл түркі халқы болып тойлайтын мейрам ол - Әз Наурыз. Көнеден келе жатқан мереке бір кезеңдері ұмытыла қала жаздап, тәуелсіздік алар жылы қайта жаңғырып, ел болып тойлап келе жатқанымызға міне биыл - 30 жыл болды.

IMG_9907

Мейрам қарсаңында Ақжайық аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы оқушыларға салт-дәстүрлерді насихаттау мақсатында шара ұйымдастырды.

- Бәріміз көптен күткен Наурыз да келді. Ұлыстың ұлы күні тілеген көптің тілегі қабыл болсын. Ұлттық спорт түрін насихаттап, жаңғырту – бізге міндет, сондықтан барынша атсалысып, өз өнерлерімізді көрсетуде аянып қалмайық. Жаңа жыл спортта табысты, жеңіске толы болғай, - деген мектептің директоры Марат Игилманов салтанатты шараны ақжарма тілегімен ашты.

IMG-20210322-WA0016

Ұлттық ойын түрі мен салт-дәстүрді насихаттаған шарада ұжым қызметкерлері өзара топқа бөлініп, әрқайсысы өзіне міндеттелген шарттарға сай ойын түрлерін көрсетті. Жарысқа спорт ардагерлері төрелік жасады.

IMG-20210322-WA0015

Облыста жүлделі орынға ие болып жүрген, ерлі-зайыпты Қуаныш Телағысов пен Дина Бекмағамбетова «асық ату», «бес асық» ойындарының ережесін түсіндірді. Шара барысында «Алшын» ұлттық жекпе-жек спорт клубының қатысушылары өнерлерімен жігерлендірсе, қазақ күресінің палуандары боз кілемге шығып, белдесу тәсілін ортаға салды. Дәстүріміздің иісі аңқыған көрісу, ат қою, бесікке салу салттары сахналанып, кештің көркін қыздыра түсті. Сонымен қатар қатысушылар ұлттық тағамдарды даярлап, әдемі дастарқан жайды.

IMG-20210322-WA0017

Шара ұлттық ойын түрлерін насихаттауға атсалысқан топтарды марапаттаумен қорытындыланды. «Құлагер» тобы «Үздік өнер көрсеткені үшін», «Шаңырақ» тобы «Үздік тағам», Зоя Попкова «Үздік таныстыру», «Қыран» тобы «Үздік көрініс» және «Алшын» тобы «Үздік ұлттық ойын» аталымдарына ие болды.

Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале