22.02.2018, 11:44
Оқылды: 46

Ақжайықта Қатауолла Ашығалиевпен кездесу кеші өтті

«Құрмет Белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, облыстық мәслихат депутаты Қатауолла Ашығалиевпен Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта «Ел сенімін ақтаған» атты кездесу кеші өтті.

Бұл шара ауыл шаруашылығы кадрларының ұясы - Ақжайық агротехколледжіндегі дидарласумен басталуы жайдан-жай емес еді. Қатауолла Мерәліұлы ауылды, оның еңбеккерлерін риясыз көңілмен сүйетін, мұны ісімен дәлелдеп жүрген жандардың бірі. Бүгінде заман талабына сай жабдықталған білім ошағының тынысымен аудан әкімі Әділ Жоламановпен бірге танысып, зертханалардың, цехтардың, шеберханалардың жабдықталуына ризашылығын жеткізді.

Осында бұрыннан таныс-біліс жандарды, оқытушыларды, өндірістік оқыту мастерлерін көріп, тағы қуанды. Өйткені, Қ.Ашығалиев Саратов политехникалық институтын тәмамдаған соң, еңбек жолын Чапаевтағы автокәсіпорында бастаған еді. Сондықтан оған бұл ауылдың орны ерек екенін айтып жату артық шығар.

Жылдар жүзінде облыстық автомобиль басқармасы басшысының орынбасары, Орал қалалық аткомы төрағасының орынбасары, Орал қаласы әкімшілігінің басшысы лауазымдарына дейін көтерілді. Ал қоғамдық-өндірістік қатынастар өзгеріп, нарық есік қаққанда қыр төсіне тартты. Бұл өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасы еді.

Біртіндеп, 4 адаммен 360 гектар жері бар «Ақас» шаруа қожалығының тірлігін өрістетті. Бұл таңда агрохолдинг дәрежесіне көтерілген мұнда 430 еңбеккер асылтұқымды мал шаруашылығымен, құс өсірумен және егіншілікпен айналысады.

«Аты облысымыздан тыс жерлерге де аян агрохолдинг жетістіктерінің сыры неде?». Колледж студенттерінің осы жайындағы сұрақтарына еліміз ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер ағалары «Тек қана тынымсыз ізденіспен, ұжымның ұғыныстығымен, жалығуды білмейтін еңбекпен қол жеткіздік. Сіздер, айналайындар, жақсы оқып, ізденсеңіздер, осындай оқу орнының үмітіне лайықты болсаңыздар, мына дәуірде еңбекпен ғана биікке жетуге болатынын түсіне білсеңіздер, бізден де жоғары жетістіктерге жетесіздер»,-деді.

Кездесу бұдан соң Қ.Ашығалиевтың құрдастары, бір кездегі жұмыстастары, шәкірттері, сондай-ақ еңбек ұжымдарының өкілдері, тұрғындар жиналған «Мерей» мәдени-демалыс орталығында жалғасты.

Аудан әкімі Ә.Жоламанов бүгінде өзінің 70 жасын қарсылап отырған Қатауолла Мерәліұлын ғұмырдариядағы осы белесімен құттықтап, оның иығына шапан жапты. Әділ Тафиқұлы мерейгердің ауданымызда қызмет жасаған кезінде-ақ еңбекқорлығымен, шешімталдығымен, мақсаткерлігімен дараланғанын баяндап, осындай жанның кейін басқа да жауапкершілігі зор жұмыстардың тізгінін ұстауы, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы атануы, облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты болғаны жайдан-жай емесін атап көрсетті.

Нағыз істің адамы – аудан басшысы мерейгерді осылай бағалады. Соның бір үлкен дәлелі халық қалаулысы ретінде біздің аудан жұртының да тілегін әрдайым орындауға атсалысып келеді. Мұны салтанат мінберінен сөз алған басқалар да айтты. Мысалы, шеттеу жатқан Алғабас ауылдық округін газдандыруда, Алғабас орта мектебінде мұражайдың жасақталуында, агротехколледж ғимаратының жөнделуінде оның қолтаңбасы сайрап тұр. Қазір де ауданның біраз қажеті өтелуіне бекем атсалысуда. Ал ауылдар тұрғындарына талай қайырымдылық жасап жүргені өз алдына бір төбе.

Үлкен Ақжайық ауданының төл перзентіндей болып кеткен Қатауолла Мерәліұлының құрметіне мәдениет қызметкерлері, көркемөнерпаздар ән, күй, терме, би орындады. Сондай-ақ осы күнге орай «Жайықтехсервис» кәсіпорны мен «Нұржан» ЖШС демеушілігімен «Жастар» спорт алаңында аудандық жарыс ұйымдастырылды. Бұл сайыста «Жігер» спорт клубының командасы топ жарды.

Халықтың өзіне деген қылаусыз қошеметі, сыйы, сенімі үшін Қ.Ашығалиев шексіз алғысын арнады.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале