6.01.2021, 16:59
Оқылды: 96

Ақжайықта күрес залы ашылды

Ақжайық ауданына қарасты Мерген ауылдық округінде жергілікті ағайынның күшімен жүзеге асырылған игі істер көбеюде. Жуырда Мерген ауылындағы орта мектептің жанындағы интернаттың жертөлесі жөнделіп, күрес залына айналды. Бұл жұмыстың ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқандығын айта кеткен жөн.

IMG_8341

Жаңа жыл қарсаңында ашылу салтанаты өткен спорттық орында күрес үйірмесінің жұмысы жүргізіліп, спортқа таласы бар балалар емін-еркін жаттыға алады. Балаларға қуаныш сыйлап, спорттық құралдармен, барлық керек-жарақпен қамтамасыз еткен демеуші – ауыл азаматы, кәсіпкер Төлеген Хамиев.

Ауылға жаңалықтың лебін әкелген қуанышпен мергендіктерді аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтап, сөз сөйледі.

«Бүгін – ертеңгі ұрпақтың қамы үшін басталған үлкен жұмыс аяқталды, бұл сіздер үшін үлкен қуаныш. Өйткені өсіп келе жатқан ұл-қыздарыңыз спортқа талпынып, соның ішінде қазақтың күресіне ынтасы ауатын болса, үлкен жетістік. Қазақ күресінің тарихы халқымыздың тамыры терең тарихымен астасады. Ел-жұртымыз қашан да күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандарды төбесіне көтеріп, құрметтеген. Атақты палуан Қажымұқан атамыз қазақ халқының атағын әлемге танытты. Ендеше осы күрес залынан байрақты бәсекелерде еліміздің мәртебесін асыратын болашақ спортшылардың тәрбиеленіп шығуына тілектеспіз. Жаңа жыл әр отбасыға бақыт пен береке алып келсін. Ауданымыз бен ауылдарыңыздың атағын шығаратын мықты спортшылар көбейе берсін!» - деді.

Аудан басшысының орынбасары Т.Александрұлы күрес залын ашуда материалдық тұрғыда қолдау көрсеткен Т.Хамиевке ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.

Салтанатты шарада жиналғандарды спорт ардагері Серікқали Құбайұлы құттықтап, ақ батасын берсе, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Игильманов жастарға сәттілік тіледі.

Асыл Қайрат,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале