22.04.2021, 18:05
Оқылды: 83

Ақжайықтағы кооперативтердің көкжиегі кең

Ауыл шаруашылығы саласы ауданда қарқын алып, осы салада еңбек ететіндердің қатары қалыңдап келеді. Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасында шаруасын оңдап, тірлігін түзеген қожалықтардың көбеюі – әрине, құптарлық іс. Дегенмен жыл сайын миллиардтап бөлінетін қаржылай қолдаудың басым шарапатын сезінетін – осы шаруа қожалықтары. Жерді де иеленіп, оның игілігін көретін де солар. Мемлекеттің осындай қамқорлығын кәсіпке бет бұрып, қорадағы малын бағып, оның өнімін нәпақасына жаратқан, күнделікті күйбең тіршілікпен күн кешкен қарапайым ауыл тұрғындары өздерінің де ала алатынын біле ме екен? Ал бұл үшін бар болғаны – кооператив құрып, ауыл шаруашылығы саласының бір өкілі атану керек. Осы тұрғыдан алғанда, ауыл азаматтарының бәрі бірдей осы жақсы үрдістен хабардар еместей көрінеді кейде. Әйтпесе игілігі мол ұжымның тірлігі әр ауылда түлер еді. Міне, мәселенің түп мәнісі қайда жатыр?! Мақаланы жазудағы да мақсат осы – талпынғанға табыстың мол екенін әрбір ауылдасқа жеткізу. Сонымен кооперативтің артықшылықтары қандай? Ауданда осы бағыттағы жұмыс қалай өрбуде?

ақ2

"Төртеу түгел болса, төбедегі келеді"

Қазақтың ауызбіршілік, ынтымақтастық туралы мақалы да, нақылы да көп. Расында да, ынтымақты елге ырыс ұялайтынын уақыттың өзі дәлелдеп тұр-ақ. Сөзіміздің мәйегі де сол – бір кәсіп айналасында еңбек ететін ауыл азаматтарының жұмылуы арқылы олардың табысын, берекесін молайтатын кооперативтердің маңызын көпшілікке ұғындыру.

– Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің өз мүшелеріне берер артықшылықтары мол, олардың қандай екенін қарапайым ғана мал шаруашылығы саласынан айтып кетейін. Кооперативтерді құрудағы басты мақсат – ауылдағы қарапайым еңбек адамының өз еріктерімен ұйымдасып, еңбек етуіне мемлекет тарапынан мүмкіндік жасау және түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылық қолдау көрсету. Қазіргі таңда ірі қара малының селекциялық-асылдандыру жұмыстарына қатысқан шаруа қожалықтарына әр бас аналыққа 10 мың теңге көлемінде демеуқаржы төленеді. Түсініктірек айтатын болсақ, өзінің тексіз аналық малына асыл тұқымды бұқа қосқаны үшін мемлекет тарапына осындай қолдау көрсетілуде, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Сердалин.

Ал қарапайым тұрғындар құны аспандап тұрған асыл тұқымды бұқаны қай ақшасына сатып алмақ деген сауалға келер болсақ, кооперативтерге олар 2 жылға жалға беріледі. Яғни әрбір 25 бас аналыққа 1 бұқадан есептеліп, бағымға қосылады. Олардың күтімі мен есендігі АӨК мүшелеріне аманатталмақ. Екі жылдың ішінде жеке қосалқы шаруашылықтың үлесіндегі мал тұқымдық түрлендіруге қатысып, қорадағы төліңіз де іріленетіні анық.

Кооперативке біріккен мүшелердің малының тегін бағылатыны да керемет емес пе?! Яғни сіз осы шаруашылыққа өзіңіздің қарамағыңыздағы түлікті қосар болсаңыз, алты ай жаз оның бағылуына қалтаңыздан көк тиын да шығармайсыз. Мұның бәрі мемлекеттен төленетін демеуқаржы есебінен шығарылады. Сонымен қатар кооперативтердің бизнес нысаны ретінде лизингке техника алып, өздерін құрал-жабдықтармен қамтуға, шаруашылығын дамытуға несие алуға, әрі жер телімдерінің конкурсына қатысуға да құқысы бар.

Тұрғындар малы тегін бағылатын болса, оның ішінде асыл тұқымды аталық жүрсе, уақыт өте келе техника алып, шөп шабуға мүмкіндік туатын болса, бұл жаман ба? Бұл қазіргі кезде өршіп тұрған мал ұрлығына қарсы да тиімді шаралардың бірі. Тағы бір артықшылығы – «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңға сәйкес, кооперативтерге заңға қарсы келмейтін кәсіптің кез-келген түрімен айналысып, қаржы табуға және түскен пайдадан мүшелеріне дивидендтер, яғни түскен пайданың белгілі бір пайызын беруге мүмкіндік берілген.

Кей ауылдарда жұмыс тұралап тұр

ақ1

Статистикалық деректерге сүйенсек, аудандағы 95003 ірі қараның 33113-і (34,8%), 215927 қой-ешкінің 100459-ы (46.5%), ал 40485 жылқының 9991-і (24.6%) жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде екен. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен алған деректерден жеке тұрғындардың иелігіндегі небары 3520 аналықтың кооперативтерге тіркелгені айдан анық көрініп тұр, бұл да тек ірі қара малына қатысты мәлімет қана. Ал жылқы, қой өсіретін кооперативтер атымен жоқ.

Жалпы, кооперативтерге жеке шаруашылықтағы түліктерді біріктіру жұмысы 2015 жылдан басталған болатын. Содан бері ауданда мал өсіретін 30 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Олардың жартысынан аз-ақ артық түсетін 16-сы ғана өз жұмыстарын жүргізіп отыр екен. Қалғанының 8-і жабылып, 6-ы қызметтерін уақытша тоқтатқан.

Сандарға тағы бір зер салып көрелікші. Айталық, Ақсуатта ашылған «Ақсуат-К», Жаңажолдағы «Жаңажол КБГ», «Атай», Коловертное ауылындағы «Алтын жайлау», Тайпақтағы «Бабалы бақ» кооперативтері жұмысын уақытша тоқтатқан. Басында ашылып, іске кіріскен кооперативтердің уақыт өте келе тұралап қалуына не себеп? Осы шаруашылықтар мемлекет тарапынан қолдауға жарымады дейін десек, деректер өзгені меңзейді. Мысалы, 2015 жылдан бастап 28 құрылымға осы уақытқа дейін 291 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынып, 15638 мүйізді ірі қараның тауарлы аналығын тұқымдық түрлендіруден өткізгені үшін 272 млн 609 мың теңге демеуқаржы берілген. Екі кооперативке шөп тайлағыш және дән уатқыш сатып алғаны үшін 1 млн 76 мың теңге көлемінде инвестициялық субсидия төленіпті. Солардың бірі – бүгінде жұмысын уақытша тоқтатып отырған «Ақсуат-К» кооперативі.

Ал Ақжолда тұрғындар кооперативтің атын естігенімен, игілігін мүлдем көрген емес. Себебі қорасынан 2080 бас ірі қара өрдіретін 364 жеке қосалқы шаруашылығы бар осы округте кооперативтерді құруға қатысты жібі түзу жұмыс байқалмайды. Оның қасында ірі қара санынан алғанда Ақжолдан екі есе кем түсетін Көнеккеткен ауылдық округінде жұмыс жақсы жолға қойылған. Мұнда 83 тұрғынның басын біріктірген «Көнеккеткен» кооперативінің қарамағында 1000 га жер, 250 ірі қара бар.

Аудан басшысы округ әкімдерінің басын қосқан жиындарда кооперативтердің ауылдағы ағайынға берері мол екенін айтудан танбайды. Десе де, округ әкімдерінің тарапынан жергілікті жерлерде кооператив туралы күнделікті кешенді әрі жан-жақты түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жандандыру қажеттілігі анық сезілуде. Малдың бір жерден тегін бағылуы, әр басқа 10 мың теңге демеуқаржының төленетіні мемлекеттің ауылға қамқорлығының бір жарқын көрінісі емес пе? Осыны ауылдық округ әкімдері жерлестеріне түсінікті етіп жеткізе алмаса, қызметінің кемшін түскені-дағы.

16 бұқаны жалға алды

Осы тақырып төңірегінде мақала жазарда Ақжол ауылдық округіндегі Тінәлі елді мекеніне қарасты асыл тұқымды ірі қара өсіретін «Батыс Бордақылау» шаруа қожалығына жолымыз түсті. «Жортқанның жолы болады» деген сөз рас екен, біз барғанда осы иеліктен Мерген ауылдық округінде жуырда ғана құрылған «Мерген СК» кооперативінің мүшелері 16 бұқаны қанжығалап, жалға алып барады екен.

Қазақтың ақбас тұқымын көбейтуге зейін қойған қожалықтың жетекшісі Нұрлыбек Бопашевтің айтуынша, мұнда паспортталып, тегі расталған бұқалар тұқымдық түрлендіру мақсатында жалға беріледі.

– Біздер 4 жылдан бері асыл тұқымды ірі қараларды жалға берумен айналысып келеміз. Барлығы да жастан енді асқан бұқашықтар. Негізінде, бұқалардың репродуктивті жасы тек 3 жасқа дейін. Сондықтан жасқа толғанда жалға беріп, 2 жылдан кейін кері қайтарылады. Тек биылдың өзінде біздің шаруашылық 300-ге тарта қазақтың ақ бас тұқымды бұқаларын түрлі қожалықтарға, ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтеріне таратты. Өзіміздің ауданның Алмалы, Атамекен, Қурайлысай, Қарауылтөбе ауылдарынан өзге Жәнібек, Теректі, Шыңғырлау аудандарынан келіп, бұқаларға «құда түсіп», алып кетті. Бүгін, міне, соңғы 16 бұқа Мергенге жол тартпақ, - дейді Н.Бопашев.

Кооперативтерге қолдау бір бөлек, аталықты жалға берген шаруашылыққа да мемлекет тарапынан көмек молынан – екі жылға әр бұқа басына бюджеттен 100 000 теңгеден қаражат төленеді. Аудан бойынша ірі қараларын жалға беруге барлық талаптар жағынан сай келген жалғыз иеліктің де бұл істен табар пайдасы орасан. Ол үшін жалға беруші мен жалға алушы кооператив төрағасының арасында келісімшарт жасалып, соған сай екі жыл бойы аталықтарды күтіп-бағу, содан кейін аман-есен қайтару міндеттеледі.

Шаруашылық та өз тарапынан жалға берілетін аталықтардың сау болуын, өзге малға қауіп төндірмеуін көздейді. Олар бұқаларды алдымен бруцеллезге тексертіп, қарасан, құтыру, сібір жарасы, пастереллез ауруларына қарсы ектірген.

– Кооператив жұмысы ақсап тұрған округтердің бірі – біздің округ еді. Осында әкім болып сайланған бойда халықпен түсінік жұмыстарын жүргізуді қолға алдым, - дейді Мерген ауылдық округінің әкімі Жұмабек Ғалымжанов.

- Тұрғындармен өткен есепті жиында құрылымның пайдасы шаш етектен екенін, малының тегін бағылатынын, демеуқаржының төленетінін айтып ұғындырдым. Нәтиже көп күттірмеді. Аталмыш жиын өткен соң ауылдағы зейнеткер ағамыз Халел Таниев келіп, ауылдастарымен бірлесіп АӨК құруға ниетті екенін жеткізді. Сонымен көп ұзамай 92 мүшемен «Мерген СК» кооперативі жұмысын бастады. Құжаттары, ресми тіркелуі бар – осы жұмыстардың басы-қасында жүріп, қолдан келген көмекті көрсеттік. Бүгінгі таңда осы кооперативтің иелігінде 400 бас аналық бар. Бағымды екі бағытта ұйымдастырмақпыз. Біреуіне кооператив төрағасының туысқандары бақташы болса, екінші бағыттағы малдың амандығын ауылдағы жұмыссыз тұрғынға сеніп тапсырмақпыз. Олардың жалақысы түгелдей АӨК есебінен төленеді. Енді бір өзекті мәселе – осы екі бағытта мал суаратын құдықтарды орнату. Қаражат бөлінген бойда мамыр-маусымнан кешіктірмей, белгіленген орындарда құдық соқтырып, астау орнатпақпыз.

Округ әкімінің мән-жайды айтып болғаны сол-ақ еді, зу етіп жетіп келген көлікке шаруашылық жұмысшылары бұқашықтарды тией бастады. Туғалы бері көргені осы таныс маң, өзге жерге бара жатқанын сезді ме екен, жер тарпып, жетекке көнбей, мүйізін шайқап, өкіріп әлек, жарықтық. Бақташылардың да өз айласы бұлардан кем түсер емес, 15-20 минөттің ішінде бұқаларды қаз-қатар тізіп, жүк көлігіне сыйдырды. Бір кооперативтің бірден 16 бұқаға байығанына, жұмысының жанданатынына қуанып, біз де аттандық...

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале