2.03.2023, 18:28
Оқылды: 16

Ақжайықтағы «Шуақтың» қадамы нық

Өткен жылдың соңында Чапаевта «Шуақ» отбасы орталығы ашылды. Содан бері аз ғана уақыт өтсе де, отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды сақтау және әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат еткен орталық бірқатар игі істердің басын қайырып тастады. Оған орталыққа барған тілшілер куә болып қайтты.

94A0813A-47F0-4772-A90F-FED4BCC16B9B

Шағын ғана ғимараттан орын тепкен «Шуақтың» іші кірсе, шыққысыз. Бөлмелері әсем безендірілген, бір-екі әйел құрақ көрпе тігіп отыр.

– Барлық мәселені мемлекетке ысырып қоюға болмайды. Сондықтан мұқтаж отбасыларға көмек көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келген әйел-аналарды қорғау, өзге де жұмысты біз өз мойнымызға алдық. Орталық жұмысын бастаған күннен әлеуметтік қолдау, психологиялық, заңгерлік тұрғыда жәрдемдесу, кәсіптік бағдар беру бойынша арнайы жоспар құрып алдық. Соған сай жұмыстар жүргізілуде. Біздің қызметкерлер әкімдіктің кез-келген бөлімімен, соның ішінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен тығыз жұмыс жасайды. Сол арқылы біз қиындыққа тап болған отбасы туралы біліп, қолымыздан келгенше септесуге тырысамыз, - дейді орталық жетекшісі Мәншүк Мәмбешева.

Расында да, орталықтағы 7 қызметкер қай мәселе болмасын, шешімін табуға тыңғылықты жұмыстанады. Айталық, отбасының жағдайын анықтап, үй-жайын, әлеуметтік ахуалын толық зерделеп, әрқайсысына бөлек оңалту жоспарын жасақтайды. Егер ата-анасы жұмыссыз болса, оларды кәсіпке баулып, жұмысқа тұруына ықпал етеді. Ал қиын отбасындағыларды психологтар өз қанатының астына алған: түрлі кеңес беріп, семинар-тренингтер өткізеді. Бұл көмекке жүгіну үшін міндетті түрде аудан орталығына келу қажет емес, қызметкерлер іссапармен Бударин, Жаңабұлақ, Мерген, Мойылды ауылдарында болып, түрлі жағдайдағы отбасыларға қолдау көрсеткен.

Тек өткен жылдың желтоқсан айының өзінде орталық мамандары 175 адамға әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік кеңес беріпті. Келген жандар көбінесе атаулы әлеуметтік көмек алу тәртібі, тұрғын үйге кезекке тұру, жұмысқа тұру, алимент өндіріп алу, бала құқығын қорғау, ажырасу мәселелерімен жүгінеді екен.

– Отбасының шаңырағын шайқалтатын мәселелер қазіргі қоғамда жетіп артылады. Көбінесе ажырасу тұрмыстың қиындығына төтеп бере алмаудың салдарынан болады. Жұмыссыздық, қаражаттың жетіспеуі, баспананың болмауы, жас аналардың сәбиін апарар жер таба алмай, қызметтен шет қалуы, т.б. – осының бәрі, қарап отырсаңыз, ілік тапқан жан үшін ажырасуға себеп. Бізге ажырасамын деп келген жандар бар. Әрқайсысы осы себептердің бірін айтады. Отбасыны сақтап қалу үшін біреуін тұрғын үй кезегіне тіркетсек, енді бір анаға балдырғанын балабақшаға орналастырып, жұмысқа шығуына септестік. Ал қолөнерге баулитын дәрістерге келген әйел-аналардың осы кәсіппен табыс табуына мүмкіндік шаш етектен, - дейді М.Мәмбешева.

Әсем Есбек

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале