12.08.2022, 21:09
Оқылды: 30

Әлемі бөлек Әлібек

Мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ. Ығы-жығы халық. Кезекті мерекелік шарадан шыққан көрермендер үйге кетуге асығар емес. Кенет солардың арасынан «Әлібек! Әлібек, бізді суретке түсіріп жібересің бе?» деген дауыс естілді. Үстіне сұр плащ киген, жылы жүзді еңгезердей қараторы жігіт әлгі дауысқа жалт қарап, «Қазір» дегендей басын изеді. Лезде қолына ұстаған «Орион» фотоаппаратының пленкасын ауыстырып алып, әлгі жігіт сапырылысқан сан адамның арасынан дауыс шыққан жаққа қарай асығыс беттеді. Иә, ол кез қазіргідей әркімнің қалтасында смартфон жүретін кез емес-тұғын. Шараға келген жұрттың үйге асықпауының мәні де сол, осындай аудан орталығында бас қосқан қалың жұртшылық фойеде бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып шүйіркелеседі, оның арты естелік фотосуретке түсуге жалғасады. Ал, ауданда өтетін кез-келген шараның басы-қасында жүріп, әдемі сәтті фотоаппаратына түсіріп алуға даяр тұратын жалғыз жан ол – Әлібек Базарбаев болатын.

InShot_20220812_210415665

Әлібекті шыңғырлаулықтар ерекше сыйлайтын. Өзінің жаны сүйетін кәсібіне адал осынау қарапайым жанның әттең, ғұмыры келте болды.

Әрине, Әлібекті жерлестеріне таныстырып жатудың өзі басы артық дүние. Асылдық айтты демеңіз, осы ауданда тұратын кез-келген шыңғырлаулықтың фотоальбомының ішінде Әлібек түсірген кем дегенде бір фотосурет бар екендігіне мен бір мысқал күмән келтірмес едім.

InShot_20220812_210442690

Ол осы ауданның төл перзенті. 1967 жылдың 1 қаңтарында өңірімізге белгілі Молдабек Базарбаев пен Сания Давлетжанованың әулетінде дүниеге келген тұңғыш ұл. Әкесі бар ғұмырын білім саласына арнаған азамат, кейін мектеп директоры болған білімді мұғалім. Ал, анасы Сания Медхатқызы жерлестерінің алғысына бөленген ақ халатты абзал жан, кезінде аудандық аурухана басшысының орынбасары, Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутатына дейін көтерілген ауданның құрметті азаматы. Осындай ел арасында ерекше абыройға ие қос зиялының шаңырағында дүниеге келген Әлібек өнерден құр алақан емес еді. Жастайынан кітапқа құмар болып өскен бала Әлібек оқушы кезінде аудандық музыка мектебін «фортепиано» класы бойынша үздік бітірген. Көз көргендердің айтуы бойынша, оның құймақұлақтығы ерекше болған көрінеді. Кез-келген естіген әуенін фортепианода сол қалпы орындап береді екен. 1974 жылы алғаш Л.Қылышев атындағы орта мектепке аяқ басқан шәкірт Әлібек 1984 жылы он жылдықты абыроймен аяқтайды. Мектепте оқып жүрген кезінде де баскетбол, хоккей ойындарына әуес болып өскен шымыр жігіт кейін өзінің қатарластарынан қалмай, СХИ-дің ( Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті) студенті атанады. Студент бола жүріп, 1985-1987 жылдар аралығында Белоруссияның Борисов қаласында әскери борышын өтеп келеді. Кейін оқуын жалғастырып, университетті үздік дипломмен «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдайды. Бітірген жылы шаңырақ көтеріп, отбасын құрады. Алғаш еңбек жолын университет қабырғасында бастаған Әлібекке оқу орнының атынан жатақхана беріледі. Қызмет ете жүріп Әлібек ептеп фотоаппаратқа түсірумен де әуестене бастайды. Ол кезде фотограф болу көпке тансық дүние еді ғой. Машақаты да аз емес. Бір фотоны шығарудың өзі қыруар еңбекті қажет ететін. Жас жігіттің әуестігін аңғарған универ әкімшілігі Әлібек тұратын жатахананың қарсы бөлмесін босатып, фотолаборатория жасап береді. Сол бөлмеде Әлібек өзінің фотообъективіне іліккен сан түрлі сиқырлы суреттерді дүниеге әкеліп, шығармашылық тынысын аша түседі. Дәл сол сәттен бастап өмірінің соңына дейін оның қолынан фотоаппараты түскен емес. Осы тұста тілге тиек ете кеткім келіп тұрғаны, Әлібектің әкесі Молдабек Мектепұлы да өз заманында әуесқой фотограф болған көрінеді. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, сан өнер мен спорттың арасынан Әлібектің осы салаға әуестік танытуының өзі бекер болмаса керек.

IMG-20220809-WA0013

«Рас, бауырым бала кезінен әкесін үлгі етіп өсті. Отбасының тұңғыш перзентін ата-анамыз жан-жақты етіп өсіруге тырысты. Үйімізде шағын отбасылық кітапхана болатын. Күндегі жасайтын жұмыстарының арасында Әлібектің кітап оқуға арнайы бөлінген уақыты белгіленіп тұратын-ды. Қала берді түрлі спорттық секциялар, музыкалық үйірмелер дегендей. Әке-шешеміз біздің бос уақытымыздың пайдалы әрі қызықты өтуін үнемі қадағалап отырушы еді. Күндегі шаруларынан босай қалса, елгезек бауырым ойынға қашуға әзір тұратын. Күніге жұмысқа кетпес бұрын үйдегілер ағам екеумізді үйге қамап кететін-тұғын. Кетпес бұрын үйдің шаруасы, сабаққа әзірлік деген секілді тапсырмаларды ағама шегелеп тапсыратын. Тапсырылған міндетті тиянақтап орындап, өзінің де, менің де сабағымды қоса шапшаңдатып оқып тастаған бойда ағам үйдің терезесінен сытылып сыртқа шығып, ойынға қарай қаша жөнелетін. Бала кезден интеллектісі ерекше еді, ойлап таппайтыны жоқ. Бірде тіс жуатын пастаның ішіндегісін анамның алақанына ағызып, осыны кері құтының ішіне салып бер» деп жылайтын көрінеді. Бауырымның осындай қызықты сәттері көз алдымызда көп қалған»,-деп еске алды Әлібектің жалғыз ғана қарындасы Эльмира. Бүгінде әулеттің мұрасын ұстап қалған тұяғы осы – Эльмира.

Университеттегі қызметінен кейін 1993-1997 жылдары Ақсай қаласында еңбек жолын жалғастырған Әлібек 1998 жылы Шыңғырлауға түбегейлі көшіп келеді. Туған жеріне оралған күннен-ақ өзінің көпшіл мінезінен танбай ел ішінде еңбек ете бастайды. Ол кезде ауданның кез-келген басқосуы, жиыны, тіпті тойы Әлібексіз өтпейтін. Жерлестерінің басы қосыла қалса бел ортасында Әлібек жүреді. Құр жүрмейді әрине, ерекше сәтті фотонысанаға алып, небір әсем кадрларды фотопленкасына таспалап жүреді. Осы тұста кейіпкеріміздің өзінің сүйікті кәсібіне деген жанкештілігін қарындасы Эльмира былай деп еске алады: «Бауырым ауданға келгенде қызметтің соңынан жүгіре қоймады. Біреуден ілгері, біреуден кейін ел қатарлы еңбек етті. Оның шығармашылыққа толы жүрегі еркіндікті көбірек қалап тұратын. Ауданда маңызды басқосу болғалы жатыр дегенді естісе болды, шақырсын-шақырмасын қолына аппаратын алып тұра шабатын. Ол кездегі фотоаппараттар пленкамен еді ғой. Суреттерді шығарудың өзі оңай кәсіп емес-тұғын. Ауданда шығаратын жер екібастан жоқ. Әлібек пленка толы портфелін арқалап Оралға,  маған келеді. Біздің үйде жатып, қаланың өзі білетін фотостудиоларын аралап әлгі суреттердің біреуін бірнеше данадан шығарады. Шығарған бума-бума суреттерін арқалап ауданға кері қайтады. Осының бәрі өзінің қаражатына жасалады. Мен оған ауылға шығарып салып тұрып азар-безер боламын ренжіп. «Сенің қанша уақытың кетті, қаражатың екібастан. Аудан мен қаланың ортасында екі күннің бірінде шапқылайсың да жүресің. Көрген пайдаң, кәні. Суреттеріңді сатып та жарытпайсың. Көрінген кісіге тегін ұстата саласың деп кейіп тастаймын. Баяғы уақытын, босқа кеткен есіл еңбегін аяймын ғой. Онымен оған пысқырып жатқан Әлібек жоқ. Күн құрғатпай тағы келіп тұрады қалаға»,-дейді Эльмира бауырының баладай мінезін күле еске алып. Иә, «кісіге болсын» деген адамдық мінезден айнымай өмір сүрген Әлібек өмірінің соңына дейін жерлестерін өзінің сиқырлы суреттерімен қуанта берді.

«Бала мінезді еді ғой, жарықтық. Жан-жағына сәуле шашып жүретін. Әлібек жүрген жер әзіл-қалжынға толы болатын. Кездесе қалса: «Сенің өткендегі шарадан әдемі суреттерің бар. Жақын арада соғып апарып тастармын»,-деп жымиып тұратын. Рас, Әлібек түсірген суреттер бір-біріне ұқсамайтын. Ауданның тыныс-тіршілігіне  байланысты не бір тарихи сәттерді таспалап кетті. Әттең, ғұмыры келте болғаны жаныңа батады. Әйтпесе, фотоаппаратын мойнына іліп, жарқылдаған жайдары мінезімен талай қуантып, әлі де арамызда жүрер еді»,-дейді аудан тұрғыны Гүлжамал Жұмағазиева.

Әлібектің табы бір ерекшелігі поэзияға жақындығы еді. Әсіресе ол Омар Хайямның рубайларын жатқа білетін. Кез-келген ортада соларды оқи жөнелгенде оның жадының мықтылығына, жан-жақтылығына ерекше разы болысатын еді ауылдастары. Оның тағы бір қасиеті-жүрегінің жұмсақтығы мен тазалығы, баладай аңғал көңілі еді. Ол үнемі адамдарға тек жақсы тілектер арнап жүретін және ешқашан да ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысушы еді дейді құрдастары.

IMG-20220809-WA0015

Иә, әлемі бөлек Әлібектің жалғанның жүзінен көшкеніне де жеті жылға жуықтады. «Ай дегенің аттың басын бұрғанша, жыл дегенің жылқы аунап тұрғанша» деген сөз рас-ау. Ендігі біздің міндет бар ғұмырын фотоөнерге арнаған жерлесіміздің мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттап, есімін елеусіз қалдырмау.

Самат Байболат,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале