9.03.2022, 15:00
Оқылды: 143

Әлеуметтік желіде белсенді ұстаз

Теректi ауданында жан-жақты, бəсекеге қабiлеттi белсендi ұстаздар кɵп. Соның бiрi — Госплемстанция жалпы орта бiлiм беретiн мектебiнiң бастауыш сынып мұғалiмi Данара Ғабитқызы.

WhatsApp Image 2022-03-09 at 14.40.23

Қаратөбе ауданы, Аққозы ауылында дүниеге келген  Данара Ғабитқызы отбасымен Теректі ауданы, Госплемстанция ауылына қоныстанып, осы ауылда бойжетті. Ол алғашында қаржы саласында мамандық алды. Дегенмен, бала күнгі «ұстаз болам» деген арманы жетелеп, педагогика колледжіне оқуға түсті. Сөйтіп, «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын игерген соң өзі білім нәрімен сусындаған Госплемстанция жалпы орта білім беретін мектебіне мұғалім болып орналасты.

Көзді ашып-жұмғанша 10 жыл өте шықты. Жас маман жетілді. Біліктілігі де, білімі де артты. Тәжірибесі толықты. Аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі сайыстарға қатысып, мектебінің абыройын асқақтатып жүрген жайы бар. Бәсекеге қабілетті, заман талабына сай жаңашылдықтан қорықпай, әрдайым ізденіс үстінде қызмет етіп жүрген ұстаздың біліктілігі — педагог-сарапшы. Бүгінде 5 баланың анасы атанған Данара жоғары білім алуды көздеп, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде оқып жүр. Үнемі біліктілікті арттыру курстарына қатысады. Соның ішінде «ІТ құзыреттілігін арттыру», «Анимациялық сабақ және мультфильм құрастыру» сынды ақылы курстарды оқып, тәжірибе қорын толықтыруда. Соңғы үш жылда аудандық тамыз кеңесінде «Google мүмкіндіктері», «Google form», «Анимациялық сабақ құрау» әдістерімен бөлісті.

Данар Ғабитқызы әлеуметтік желілерде де өте белсенді. YouTube арнасында канал ашып, сабақтарының өту барысын жаңа әдіс-тәсілдерімен жүктеп жүр. Әлеуметтік желілерде (іnstagram, facebook) сабағын салып қана қоймай, түрлі суреттер мен видеоларды өңдейтін қосымшаларды пайдалану жолдарын да жариялаған. Ең көп қаралым жинаған видеолар қатарында «Google мүмкіндіктері» мен «Google form» туралы ақпараттары бар. Жаңашылдықты жаны сүйетін мұғалімнен тәлім алған шәкірттердің келешегі кемел боларына сенімдіміз.

Аягɵз Айтқалиева,

Теректі аудандық білім беру бөлімінің баспасөз хатшысы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале