18.10.2022, 16:30
Оқылды: 40

Алмалыда сабантой

Алмалылықтар жазғы науқанды адал еңбекпен, маңдай термен ойдағыдай аяқтап, зор еңбек пен үкілі үміттің, молшылық пен берекенің мерекесіне айналған сабантойды атап өтті. Айтулы шараға ауылдың кәсіпкерлері, шаруа қожалық иелері жиналып, демеушілік жасап, дала қызықтарын өткізді. Алмалының халқы еңбекқорлығымен ерекшеленеді, олар берекелі күздің ризық-несібесін уақытында жинап алып, ала жаздай бел жазбаған қажырлы еңбектен кейін арқаларын кеңге салады. Жауапты маусымды еңсерген ағайынның да көңіл күйі көтеріңкі.

IMG_7842

Бақшаның базарын қайнатқан алмалылықтардың қуанышын бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Сердалин және көрші ауылдардан да қонақтар келген.

Асқар Батырханұлы шараның ашылу салтанатында бағбандарды биылғы маусымның ойдағыдай аяқталуымен құттықтап, ұлттық спортты дамытуға өз үлестерін ризашылығын білдірді.

Дала төсінде  ауыл азаматтары дастарқан жайып, түрлі тәттілер ұсынып, мерекенің шырайын асыра түсті. Осы күні аламан, топ бәйге,  арқан тарту, гір тасын көтеру, «Алмалы барысы», қой көтеру (үлкендер арасында), тоқты көтеру (жасөспірімдер арасында) сайыстары өтті. Сонымен тартысыты өткен бәсеке қорытындысымен аламан бәйгеде Диас Душановтың "Аманат" қылқұйрығы (шабандоз Ержігіт Жайықбай) бірінші келсе (200 мың теңге), екінші болып мәре сызығын кескен – шабдаржаптық Нұрқанат Әміровтың "Сұңқары" (шабандоз Ғарифолла Ерқанат) (150 мың теңге). Топ бәйгеде Қанат Құбашевтың "Жирен" атты сәйгүлігі (шабандоз Қайыржанов Ержан) І орын алды (200 мың теңге),  Диас Душановтың "Саркасы" (шабандоз Ержігіт Жайықбай) ІІ орын (150 мың теңге), Салтанат Масалимовтың "Өрлігі" (шабандоз Нұрберген Маратов) үшінші болып мәре сызығын кесті (100 мың теңге).

Сондай-ақ түрлі спорт ойындарында да бәсеке қызып, жанкүйерлерін ынтықтырды. Арқан тартуда бірлік, сонымен қатар білек күшіне сүйенген алмалылық  1997 жылғы жігіттер ешкімге дес бермей І орынға ие болса, мерекеге арнайы келген Ақсуат ауылының жігіттері ІІ орын, ауылдың 1994 жылғы жігіттер командасы ІІІ орынды еншіледі. Гір тасын көтеруден өткен сайыста базартөбелік Ролан Асанұлы І орын, ақсуаттық Қайыр Шерхан ІІ орын және Алмалы ауылынан Қаныбек Құспанов ІІІ орын алды.  Қазақ күресі сайысында  тайпақтық жігіттер мықтылық танытты. Райымбек Ізмағанбетов І орын, Нұрсейіт Мәдениетов ІІ орын алса, алмалылық  Айбек Жанболатов ІІІ орынды қанағат тұтты. Айта кету керек, барлық жүлдегелерге ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. "Қой көтеруден" 18 жастан жоғарылар арасында Әділет Орынбасаров (Сарытоғай ауылы), жасөспірімдер арасында Бекет Жамалханов (Алмалы ауылы) жеңімпаз атанды. Ақ тілектің тиегі ағытылған мереке әдемі ән, әуезді күй, мың бұралған бимен жалғасты.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген нақылдың мәнін осы бір мереке тағы да аша түскендей. Адал еңбектің несібесін көріп, оны бөлісіп, бір-бірімен жақындасуға үлгі болған алмалылықтардың үлгісі көпке өнеге болғандай. Осындай айтулы шара жалғасын таба берсін.

Айжан Ақыл,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале